banner

Газзаевтан не үміт, не қайыр?

2456

Владимир Газзаев Қазақстан футболына қайта келді. Ол енді бұдан былай ФК "Тұран" бас бапкері. Даулы бапкерді елге әкелген қай дауыл?

Газзаевтан не үміт, не қайыр?

Владимир Газзаев футболист болып жарытпаған адам. Әкесі Валерий Газзаевтің арқасында "Алания" клубына алынды. Бірақ онда қарық қылып ойнай алмады. 2 жылдың ішінде ол дебют жасап әрі мансабын да аяқтап үлгерді. 2009 жылы "Алания" бапкері Валерий Петраковтың көмекшісі ретінде бапкерлік қызметті бастады. "Алания" Ресей премьер-лигасына шығып, Петраковтың орнына Шевчук деген маман келді. Десе де, Владимир әкесінің авторитетінің арқасында Шевчукке де көмекші атанды. 2011 жылы Валерий Газзаев "Алания" клубының президенті болып тағайындалды да, баласы Владимирді бас бапкер қылып тағайындады. Бала Газзаевтың бапкерлік штабына керісінше Шевчук кіріп, оған ассистент атанды. Міне, дүние алма-кезек деген осы.

"Аланияның" басынан алмағайып замандар өтіп, клуб қаржылық қиындықтарға тап болды. Сосын Владимир Газзаев біршама уақыт жұмыссыз қалды. Алып мемлекет Ресейде мыңдаған футбол клубы бар. Бірақ оның ешқайсысы да Владимир Газзаевты бапкер қылып жұмысқа шақырмады. 2014 жылы оған "Ақтөбе" клубынан ұсыныс түсті. Ал 2015 жылы жазда "Ақтөбе" Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Эстония елінің "Нымме Калью" деп аталатын жартылай әуесқой клубына жеңіліп қалды. Газзаевты Ақтөбе қаласының әуежайында бір топ фанат боқауыз сөзбен күтіп алды. Ертесіне Владимир Валерийұлы қызметінен кетті. Бұл оқиға "Ақтөбе" футбол клубының тарихына қара таңба болып қалған ойын ретінде қала бермек.

Атышулы масқарадан соң Газзаев 2,5 жыл бойы жұмыс таппады. Бапкерлік мансабына өзі де күмәнмен қарай бастады. Бірақ агенттер мен таныстары жабылып жүріп бір жұмыс тапты. Грузияның ортаңқол командасы "Рустави" В. Газзаевты бас бапкер қылып бекітті. Мұнда 5-6 ай қызмет еткен соң Газзаев жұмыс сауғалап ФК "Урожай" деген жаңадан ашылған команданың тізгінін ұстады. Бір айға жетпей клуб басшылығы бұл маманды қызметінен кетірді. 2019 жылдың басында ол Қазақстанға қайта оралды. Қостанай қаласының "Тобыл" деген атақты командасы бапкерлік қызметте ешқандай жетістікке жетпеген Владимир Газзаевты бас бапкерлікке тағайындады. Кейіннен осы шешімдеріне олар қатты өкінді.

Жазға таман "Тобыл" еурокубок ойындарына қатысты. Жеребе жолдас болып, "Тобылға" "Женнес" деген жартылай әуесқой команда қарсылас атанды. Люксембургтегі ойын 0:0 аяқталып, "Астана аренадағы" кездесуде бар сұрақ шешілуі тиіс еді. Бірақ Люксембургтен келген команда "Тобылмен" тағы да тең түсті. Бұл жолы 1:1 ойнап, қонақтар келесі айналымға өтті. Бұл қостанайлық клубтың ғана емес, күллі қазақ футболына жағылған қара күйе болды. Әлбетте, бәріне кінәлі бас бапкер – Владимир Газзаев! Ол өзінің үйреншікті әдеті бойынша ертесіне қызметтен кетті.

Міне, содан бері 3 жыл өтті. 2022 жылдың басында Владимир Газзаев ФК "Тұран" бас бапкері қызметіне отырды. Қазақстан чемпионатының аутсайдерлерінің біріне бапкер болып келіп отырған Газзаевтың ішкі эгосы да түсіп кеткен. Ол өзіне сенімді маман емес. Әйтеуір жұмыссыз қол қусырып отырғанша бір команданы баптай берейін, деп қуанып келіп отыр. Абыройсыздықпен қызметтен кетіп үйреніп қалған ресейлік маман киелі Түркістанда не бітірер екен? Сол қызық! Бәлкім бар күшін салып, бапкерлік атақ қалыптастырып, әкемнің атына кір келтірмеймін деп тырысатын шығар? Өткен жылы жастарды баптап көзге түскен, кейіннен білімін арттырып, ФИФА санатына оқып жүрген Әбдіхалық Бөрібаевты орта жолдан шақырар ма екен?

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу