Геосаяси шиеленіс пен инфляция ЕАЭО елдерінің басты мәселесі болып қала берді – Әлихан Смайылов

2601

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасы былтыр барынша белсенді қалпына келтіріліп, пандемияға дейінгі деңгейге шықты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша одақтың ЖІӨ өсімі 4,5% болды. Дегенмен сарапшылардың болжауына қарағанда, 2022 жылы әлемдік экономика өсімінің баяулауын болжап отыр. Биыл одақтың ЖІӨ өсімі 3,1% болады деп күтіліп отыр екен. 

Геосаяси шиеленіс пен инфляция ЕАЭО елдерінің басты мәселесі болып қала берді – Әлихан Смайылов

Бұл туралы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Отырысқа Армения, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Қазақстан үкіметінің басшылары қатысып отыр. 

"Биылғы жылды біз қиын жағдайда бастадық. Геосаяси шиеленістер мен жоғары инфляция біздің елдеріміз үшін басты сын-тегеуріндер болып қала береді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, біз жаңа экономикалық шындыққа жедел және үйлесімді әрекет етуді үйрендік. Біз экономикалық дамуды, жаңғыртуды, ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуді және мемлекеттеріміз азаматтарының әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған ЕАЭО құқығында бекітілген басты мақсаттар мен қағидаттарға қол жеткізу үшін жүйелі және дәйекті жұмысты жалғастыруға тиіспіз", – деді үкімет басшысы. 

Айтуына қарағанда, былтыр, пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасы өсуінің озыңқы серпіні байқалды. Осылайша, өзара сауда 18%-ға, ал сыртқы сауда көлемі 15%-ға өсті. "Бұл – басымдық".

Алайда ол жылдан-жылға әріптестердің нарыққа қол жеткізуін шектеуге байланысты мәселелердің басым бөлігі шешімін таппайтынын атап өтуге мәжбүр екенін айтады. Осылайша, 10 жылдан астам уақыт бойы мүше мемлекеттердің нарықтарына алкоголь өнімдеріне тең қол жеткізуге жағдай жасау мәселесі шешілмей келеді.

"Кейбір жағдайларда кедергілерді жою бойынша жұмыс "формальный" екенін мойындау керек", – дейді ол. 

"Егер біз ЕАЭО-да ашық нарық құруға мүдделі болсақ, онда біз базалық ілгерілеулерді шешуіміз қажет. Комиссияға қолданылатын кедергілерді экономикалық бағалау әдістемесін әзірлеуді ұсынамыз. Кедергінің бар екенін айқындаудан басқа, бизнеске және тұтастай интеграцияға келтірілген залалды бағалау қажет", – дейді Смайылов. 

"Сонымен қатар сауда байланыстарын нығайта отырып, біз көбінесе өзара жеткізілімдерге тәуелді боламыз. Осыған байланысты серіктестерімізді өзара сауданы қозғайтын ішкі шешімдер қабылдауға байыпты қарауға шақырамыз. Мысалы, одақ ішінде ресейлік ағаш материалдарын жеткізуге енгізілген тыйым Қазақстандағы өнеркәсіптің тұтас салаларының қызметін іс жүзінде парализдейді", – дейді Смайылов.

Оның айтуынша, көлік инфрақұрылымына, оның ішінде теңіз порттарына қолжетімділіктің тең болуы – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экспортын үшінші елдер нарықтарына ілгерілетуге жәрдемдесетін тиімді шара. Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуінің негізінде осы тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі жатыр. 

"Алайда осы қағиданы практикалық іске асыру бойынша 5 жыл бұрын басталған жұмыс бүгінгі күні аяқталмаған. Шарт ережелерінің тезірек орындалуын және порт қызметтеріне кемсітусіз қол жеткізуге кепілдік беретін тиісті келісімдер жасасу қажет", – дейді Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, елдеріміздің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу маңызды. Транзиттің шарттары көбінесе экспортқа кедергі келтіреді. Бұл теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттер экономикасының салаларына теріс әсер етеді.

Сонымен қатар Смайыловтың пікіріне қарағанда, ЕАЭО елдерінің экспортын дамыту үшін тауарлар транзиті еркін болуы керек. "Сұр" импорт мәселесі де ішкі өндірушілерге, заңды импорттаушыларға айтарлықтай зиян келтіреді және мемлекеттердің бюджетіне теріс әсер етеді. 

Ол ҚХР-мен саудада толыққанды және сапалы кедендік ресімдеуге "бірлесіп күш-жігер көрсетуге" шақырды.

Тасқын Болатұлы