Германияда әскери сауалнамаға жауап бермегендерге айыппұл салынуы мүмкін

198

18 жастағы азаматтардың 28%-ы Бундесвердің міндетті сауалнамасын толтырмаған.  

Германияда әскери сауалнамаға жауап бермегендерге айыппұл салынуы мүмкін Фото: iz.ru

Германияда әскери есепке алу жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа бастама аясында 18 жастағы ер азаматтарға жіберілген міндетті сауалнамаға қатысу деңгейі күткен нәтижеден төмен болып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заңнамаға сәйкес жастар әскери қызметке жарамдылығы туралы мәліметтерді бір ай ішінде ұсынуы тиіс. Алайда сауалнама алған азаматтардың 28%-ы бұл талапты орындамаған.

Германияның Қорғаныс министрлігі мұндай жағдайларға бейжай қарамайтынын мәлімдеп, сауалнаманы толтырмағандарға айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертті.

Ведомство дерегінше, сауалнамаға жауап бергендердің шамамен жартысы кемінде алты айлық ерікті әскери қызметке қызығушылық танытқан. Жастар үшін негізгі факторлардың бірі – тұрғылықты жеріне жақын әскери бөлімде қызмет ету мүмкіндігі.

Жыл басынан бері шамамен 194 мың азаматқа сауалнама жолданған. Ер адамдар үшін оған қатысу міндетті болса, әйелдер сауалнаманы ерікті түрде толтыра алады.

Қорғаныс министрі Борис Писториус 2035 жылға қарай армия қатарын 260 мың әскери қызметкерге дейін жеткізуді көздеп отыр. Егер қазіргі ерікті модель қажетті нәтиже бермесе, билік әскерді толықтырудың қосымша тетіктерін қарастыруы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, Еуропадағы қауіпсіздік жағдайының өзгеруі көптеген елдерді қорғаныс саласын күшейтуге итермелеп отыр. Германия да осы бағыттағы реформаларды жалғастыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу