Адольф Гитлер дүниеге келген үй Аустрияда ондаған жыл бойы пікірталас нысанына айналған еді. Ақыры бұл ғимаратты полиция бөлімшесі ретінде пайдалану туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
AFP агенттігінің хабарлауынша, құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында полиция бөлімшесі өз жұмысын бастайды.
1889 жылы Гитлердің отбасы осы үйдің екінші қабатындағы жалдамалы пәтерде тұрған. Кейін олар Браунау қаласынан Бавариядағы Пассауға көшкен. XVII ғасырда салынған бұл ғимарат тұрғын үй болса, кейін Gasthof zum Pommer атты трактир ретінде пайдаланылған.
Үшінші рейх кезінде ұлтшыл-социалистер бұл орынды үгіт-насихат құралына айналдырған. Соғыстан кейін ғимарат Поммер әулетінің жеке меншігі болып қала берді, 1972 жылдан бастап оны Аустрияның ішкі істер министрлігі жалға алып, мұнда кітапхана, мектеп және мүгедектігі бар адамдарға арналған шеберхана орналастырды. 2016 жылы нысанды тарихи тұрғыдан дұрыс пайдалану үшін арнайы комиссия құрылды. Үйді мемориалға айналдыру ұсынылды, бірақ оның неонацистердің жиналатын орнына айналу қаупіне байланысты бұл идея жүзеге аспай қалды.
Кейіннен Аустрия парламенті экспроприация туралы заң қабылдап, ғимарат мемлекет меншігіне өтті. Бұрынғы иесіне 810 мың еуро мөлшерінде өтемақы төленді, ал қайта жөндеу жұмыстары 20 миллион еуроға бағаланды. Мұнда полиция бөлімшесінен бөлек адам құқықтары бойынша оқу орталығы да ашылмақ.