Глеб Пьяных: "Түркияда "орыс әлемін" құрып жатырмыз"

3785

Рейлік танымал блогер басқыншыға айналған отанынан қалай суыт қашқанын, Ыстамбұлдағы қазіргі өмірі қалай жүріп жатқанын, түрік жерінде "орыс әлемін" қалай "біріктіруге" кіріскенін және басқа да жобаларын әңгімелеп берді. 

Глеб Пьяных: "Түркияда "орыс әлемін" құрып жатырмыз" Фото: news.ru

РФ Әділет министрлігі журналист Глеб Пьяныхты "иноагенттер" тізіліміне енгізді. Ресейде биліктің қырына ілікпеу үшін иноагент атанған ақпарат құралдарымен, журналистермен, блогерлермен, заңгерлермен және басқасымен жеке және заңды тұлғалар істес болмауға тырысады, жарнама берушілер шартты бұзады, жұмыс берушілер жұмыстан шығаруға жанталасады. Интернет басылымдар иноагенттерді жазылушы абоненттер қатарынан шығарып тастаған деректер кездесті. Яғни, қарғысқа бергісіз жаман атақ таңылғандарға солтүстік көршіде күн жоқ.

Ал қазақстандық аудиторияға ресейлік НТВ арнасында жүрген "Программа максимум" ("Скандалы! Интриги! Расследования!") телебағдарламасы, сонымен қатар YouTube-арнасы арқылы таныс Пьяных бүгінде шетелде, Түркияда тұрады. Ол ресейлік релоканттарға түрік елінде қалай орналасуға, орын табуға болатынын түсіндіріп, видеоблог жүргізуімен, тегін және ақылы кездесулер өткізуімен, сондай-ақ Украина ақпарат құралдарына Путиннің саясатын аяусыз сынап, түрлі сұхбат беруімен танылып жүр. "Novaya Gazeta Europe" газетіне сұхбатында ол Кремль қолдауындағы телеарнада жұмыс істегендіктен, Ресейде қысым көрмегенін, қудаланбағанын, бірақ соғыс басталғанда, азғын билікке ары қарай жұмыс істеуге ары жібермегенін айтты. Ал иноагент атануына украиналық ақпарат құралдарына Путиннің режимін аяусыз сынаған сұхбаттары себеп болды деп санайды. 

– 2018 жылы тосыннан НТВ сізді жұмыстан босатты, сонда оған қандай оқиға себеп болып еді?

– Ешқандай да оқиға болған жоқ. НТВ бағдарламамды жауып тастады, бірақ ары қарай жалақы төледі, жұмыстан шығарған жоқ. Ештеңе жасауға мүмкіндік бермеді. Мүлдем ештеңе. Мен жігерлі адаммын ғой, тамаша бағдарламаларды, ғаламат ойларды ұсынамын, майын тамыза сипаттаймын. "Ия, ия!" деп бас шұлғиды. Ары қарай ілгерілетпейді. Маған осындай қатынас болды.

Добродеев те, Кулистиков те өз қызметкерлерін өкпелетпейтін адамдар. Егер адам айыпты болмаса немесе кәсіби біліксіздігі үшін жұмысынан қуылмаса, әлдебір ішкі корпоративтік немесе саяси себептерге байланысты шеттетілсе, яғни кінәлі болмаса, онда оны ренжітпейді. Дәл осындай саясат НТВ-да да, "Россия" арнасында да ондаған жылдар бойы қолданылады. Қалыптасқан тәжірибе.  

– Роликтеріңіздің бірінде "мына кенттегі 5 үйді мен тұрғызғанмын" деп қалдыңыз. Сіз шынымен тұрғын үй құрылысымен айналыстыңыз ба? Бұл сіздің бизнесіңіз бе?

– Мен үй салуға тырыстым. 2012 жылдан бастап, барлық таныстарымды – телевизия қызметкерлерін, әртістерді түртпектеп, соған жұмылдыруға күш салдым. Тіпті қазіргі пропагандашыл актер Охлобыстинді де шақырғанмын. Оларға "келіңдер, жинақтарымызды ортаға салып, кенттердің бірінде жер сатып алайық, сонда заманауи үлгідегі жеке тұрғын үй тұрғызайық" деп ұсыныс жасадым. Ол үйлер белгілі бір сапа мен стильде болады, интеллигенттерге арналады. Қоршау, шарбақ атаулы болмайды. Жобаларды мен өзім жасаймын. Құрылысты да өзім бақылаймын. Сендер үйлерді өзіндік құнымен сатып ала аласыздар, мен одан табыс таппаймын. Тек интеллигент көршілердің ортасында тұру маңызды.

Алайда ондай ұжымды жинай алмадым. Әйтсе де, қалталы серіктесті таптым, ол құрылысымды қаржыландырды. Өзім де барлық тапқан-таянғанымды соған салдым. Бес үй салында дегенмен, өз қаражатым соның үшеуін сатып алуға ғана жетті. Соның ішінде ең кішкентай 96 шаршы метр үйде өзім тұрдым. Ата-анамды соған қоныстандырмақшы болып жүрдім. Ал өз меншігімде 160 шаршы метрлік басқа үй бар...

Түйіндесем, биыл осы үш үйдің екеуін сатып, Ресейден әзер дегенде табанымды жалтыратып үлгердім. Екі үйді сатудан түскен ақшаны да шетелге шығара алдым. Соның арқасында Ыстамбұлда отбасыммен өмір сүру үшін қаражатым бар. Тіпті осы жақта пәтер сатып алу жайын ойластырудамыз. Ол қиынға түсуде. Түркияда баспананың барлығы қымбаттап шыға келді. Бірақ табамын деген үмітім үзілген жоқ.  

– YouTube-арнаңыздағы видеоларға қарағанда, соғыстың алғашқы күндерінде елден кету еш ойыңызда болмаған сыңайлы. Жазылушыларыңызға үйіңіздегі әлдебір жұмыстар жайында, мысалы, қабырғаны бояу керектігі жөнінде әңгімелеп жүрдіңіз. Бәлкім, байламым қате шығар, бірақ бастапқыда сіз Ресейден кетуді жоспарламаған сияқтысыз.

– Жоқ, қателескен жоқсыз. Мен әліптің артын баққанды жөн көрдім. Бүкіл әлем сондй күйде болды. Мұның ұзаққа созылатынына ешкім сене алмады. Өмір ары қарай жалғасады деп ойладым. Біз орыспыз, сондықтан Ресейде өмір сүруге, сонда жұмыс істеуге тиіспіз.  

– Онда неге 8 наурызда Ресейден кеттіңіз?

– Жетінші наурызда, тал түсте бір минуттік кезекті роликті түсірдім. Енді оны әдеттегідей, TikTok, Instagram және YouTube-shorts тұғырнамаларында жариялайын десем, маған TikTok ескерту жолдады: Құрметті бәленше, сіздің өңірде сіз енді ролик орналастыру құқығынан айырылдыңыз деп тұр. Сонда ғана не болып жатқанына көзім жетті.  

Содан дереу әйеліме қоңырау шаалып, билет сатып алуды тапсырдым.  Ол кезде коронавирус жайлап жатқан, шет елдердің көбі вакцинациялау паспортын талап етеді, ол бізде жоқ. Бізде қолданыстағы Шенген визасы болғанымен, Еуропа жабық. Сондықтан әңгімелесу барысында Ыстамбұлға тоқтадық. Мен онда болғанмын, еуропалық жақсы астана. Ыстамбұлға тікелей рейс төрт адамға 600 мың рубль екен. Қаалтамыз көтермейтін юолғандықтан, ақыр соңында Минеральные воды қаласынан ұшатын рейске ілігіп, 200 мың рубльге билет алдық. Ал Мәскеу арқылы рейстер дереу доғарылыпты. Сөйтіп, 600 мыңды ойланбастан лақтыра сала алатындар Ресейде қамалды да қалды.

–Түркияда ұзаққа тұрақтауға тура келетінін, балаларыңызды жергілікті мектепке орналастырып, пәтер сатып алу қажеттігін қашан түсіндіңіз?

– Шамамен сәуір айы аяқталар тұста бұл соғыстың ұзайтынын түсіндік. Өкінішке қарай, Путин тез жеңілмейді. Ия, ол жеңіледі, мұны мен сол 8 наурызда түсіндім. Сондықтан елден кеттім. Біздің коттедж қалашығында сол кезде барлық дерлік көршім шетелге кетіп жатты. Тек басқа көзқарастағы, яғни теледидар көретіндері ғана қалды.

Наурыз айының соңында ресейлік армия Киев түбіндегі Гостомель кентін тастап шығып, кері шегінді. Сонда Путиннің бұл соғыста жеңілетіні белгілі болды. Бірақ ол жеңілістің қаншалықты тез болатыны беймәлім еді. Бұл күн тез-ақ келетіндей көрінген. Алайда міне, Херсон да азат етілді. Соғыс бітетін түрі жоқ. Содан 1 мамырда түрік тілін үйрене бастадым. Сонда бірінші сабақты телефоныма жүктеп алдым. Содан бері күн құрғатпай, тілді үйреніп жатырмын.

– Қиын ба?

– Өте қиын. Түрік тілі ағылшын және француз тіліне қарағанда күрделі, бірақ орыс тілінен оңай. Түрік тілі басқаша. Қиын. Бірақ менің ойымша, біз осында тұрады екенбіз, онда тілді үйренуге тиіспіз. Түркия – стратегиялық өте тамаша орын. Ең бастысы, мұнда нағыз демократия бар.  

– Бірақ видеороликтеріңіздің бірінде балаларыңыз жергілікті мектепті қатты жамандап жатты.

– Менің балам 5 жылда 3 мектепті ауыстырды. Сол мектептердің біреуіне оның көңілі толды деп ойлайсыз ба? Мен сізге түсіндірейін. Егор – беске оқитын озат оқушы. 4 жасынан бері қытай тілін үйренді. Оның екінші шет тілі – ағылшын болды. Ол бүкіл математиканы, ағылшын тілін біледі. Түрік мектебі оған жаңа ешқандай білім бере алмайды! Егор барлығын жүз балға жазады, түрік балалары олай жаза алмайды. Олардың мектебі ағылшын тілінде. Кембридждік жүйе, IB. Осыдан-ақ оның деңгейін біліп алыңыз.

–Түркиядағы өміріңізді ары қарай қалай жоспарлап отырсыз? Роликтеріңізге қарап бағаласақ, жылжымайтын мүлікпен айналысуға, жеке мектеп ашуға ниетіңіз бар көрінеді. Түркияда немен айналысатыңызды айқындадыңыз ба?

– Менің YouTube-арнам Түркияда табыс әкеле бастады. Яғни, жергілікті тұрғындар маған жарнамаға тапсырыс беріп жүр. Жарнама берушілерім – орыстар. Түркияда орыс бизнес нысандары бұрыннан көп. Мен осындағы орыс тілділердің бәрін орыстар деп атаймын. Арасында дағыстан, шешен, ингуштар және басқасы бар. Бірде олардың бірін орыс деп атағанымда, оның бірі шоршып түсті. Дауласа бастады. Содан мен оны тоқтаттым: түріктер сендерді кім деп қабылдайтынын түсіндірдім.  

Міне, біз осылай, Түркияда "орыс әлемін" құрып жатырмыз. Мұндағы "орыс әлемінің" жартысы мұсылман, жартысы христиан. Олардың көбі баяғыда Түркияға қоныс аударып алған. Барлығы жұмыс істейді, бизнестері бар.

Мен олардың арасында сұранысқа ие журналиске айналдым. Олар үшін мен – жергілікті бұқаралық ақпарат құралымын. Олар үшін жұмыс істеймін, олардың жарнамасынан табыс табамын.

Ал Түркияда өмір сүру өте арзан! Ресейде тамақ та, басқасы да әлдеқайда қымбат. Украинада соғыс басталғалы, Ыстамбұлда баспана бағасы шарықтап кетті. Мобилизация басталғанда, одан сайын қымбаттады. Бірақ бәрібір баспана да Еуропадағыдан көп арзан. Ешқандай Ригада, Вильнюсте, Петерборда бұл ақшаға лайықты өмір сүре алмайсыз.

– Егер Ыстамбұлға сонша бауыр басып қалсаңыз, онда соғыс біткенде еліңізге қалай қайтасыз?

– Мені елге қайтады дегенді қайдан шығардыңыз? Оны жоспарлап та отырған жоқпын. Мен бірде-бір рет Ресейге оралғым келеді дегенді айтқан емеспін.

Түркиядан ешқайда кеткім келмейді. Еуропа да, Америка да оған тең емес. Қайталап айтамын, Түркияда өмір сүру арзан, қымбатшылық қыспағы жоқ. Тауарлар да сондай сапалы. Бұған қоса, климаты да жайлы, жылы. Содан соң, Түркия – өте қызықты ел. Бір ғана Ыстамбұлды зерттеп шығу үшін адамға жеті, он жыл қажет болады.

Бізді оның Түркияда "орыс әлемін" құрып жатқаны және соны ілгерілетуші идеологтарының біріне айналғаны тіксінтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу