Головкин қай айда жұдырықтасады?

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1699

Отандасымыздың командасы ресми мәлімдеме жасамай отыр.

Головкин қай айда жұдырықтасады?

Геннадий Головкин наурыз айында Нью-Йоркте Дэниэл Джейкобспен жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен. Содан бері оның "келесі жекпе-жегі маусым айында Астанада өтеді" деп, бүткіл ғалам жырлады. Тіпті WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша әлем чемпионы, британдық Билли Джо Сондерспен жұдырық түйістіруі тиіс екендігі баспасөз беттерінен түсен жоқ. Алайда, енді шетелдік басылымдар "бұл жекпе-жек өтпейді, Головкин қыркүйекте Мексика майталманы Сауль Канело Альвареспен жұдырықтасады" деп жар салып жатыр. Мәселен, sports.yahoo.com басылымы бұл ақпаратты осыдан үш күн бұрын таратты. Содан бері Головкиннің командасы ресми түрде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Не теріске шығармады, не растамады.

Головкин және ЭКСПО-2017

Геннадий Головкиннің кәсіпқой бокстағы бір жекпе-жегін ЭКСПО-2017 аясында туған елінде өткізгені – өте маңызды. Саяси тұрғыда біздің елдің абыройын асқақтата түсетін шара. Қазақстан жанкүйерлері үшін де – баға жетпес оқиға.

Бірақ Головкинің командасы мен ЭКСПО ұйымдастырушылары (бұл жерде "Қазақстан тарапы" деп жалпылама айта салмай, қалалық спорт басқармасы дегеніміз де дұрыс болар) ортақ тіл таба алмай жүрген сияқты. Қалай десек те, екі тараптың мәмілеге келуі оңай болмай тұр.

Кім біледі, бәлкім, кәсіпқой бокс промоутерлері "Головкин – Сондерес" жекпе-жегін шет елдердің бірінде өткізсе, пайдаға көбірек кенелетіндерін алға тартатын да болар. Әйтеуір, Астанада жерлесіміздің жекпе-жегін өткізу мәселесі тым созылып, сиырқұйымшақтанып кетті. Құдды, "ақша" және өмірдегі одан да құнды түсініктер таразыға тартылып жатқандай.

Шынымен, Головкин маусым айында Билли Сондереспен кездеспей ме? Кәсіпқой бокстағы Қазақстан саңлағы Сауль Канело Альвареспен қай жерде жұдырықтаспақ? Сұрақ көп... Түсіну қиын... Әлде мұның бәрі промоутерлердің ойлап тауып отырған айла-тәсілдері ме? Қалай десек те, әліптің артын баққаннан басқа амалымыз жоқ. Бір анығы, Головкиннің қоңыр күзге дейін шарша алаңға шықпауы ешкімге де тиімді емес...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу