Головкин жеңді, Джейкобс таң қалдырды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2650

Отандасымыз кәсіпқой бокстағы атақтарын қорғап қалды.

Головкин жеңді, Джейкобс таң қалдырды

Көпшілік бұл жекпе-жекте Головкиннің айқын басымдықпен жеңіске жететіндігіне шүбә келтірген жоқ. Олар тек "Гена қай раундта нокаутқа түсіреді екен" деп болжам жасаумен болды. Әрине Джейкобсқа да сенім артқандар болды. Бірақ Головкиннің "жойқын соққыларына төтеп бере алар ма екен" деп іштей күмән келтіріп жүрді.

Сонымен жекпе-жек басталды. Алғашқы раундтарда Головкиннің қарқыны өте жоғары болды. Әдеттегідей қарсыласын бір есеңгіретіп алып, "жуасытып" қоюға талпынды.

Бірақ Джейкобс оның шабуылдарына да, соққыларына да төтеп берді. Әрі қарсы соққы жұмсап, Головкиннің көсіле сілтеуіне мүмкіндік бермеуге тырысты. Сондай-ақ қолының ұзындығын пайдаланып, жақындатпауды да ойлады. Алдыңғы қолы – үнемі алда...

Головкин тықсырып, Джейкобс рингтің төрт бұрышын айнала шегініп, үш раунд та өте шықты. Екеуі де бір-біріне бірнеше соққыларын дарыта білді. Қай соққылары қарсыласына қатты тиді ажырату қиын. Әрине оны қос боксшы да сездірмеуге тырысады.

Дегенмен Геннадийдің жұдырығы бірнеше рет Дэниэлді тоқ соққандай дір еткізді. О тоба, Джейкобс сыр берер емес. Бірақ төртінші раундтың басында құлап қалды... Геннадийдің пәрменді соққысынан ба әлде қарсыласының шабуылынан сытылып кетіп шегінбек болғанда шалынып құлады ма, дөп басып айту қиын...

Әйтсе де соққы тиді, Джейкобс құлады. Төреші есеп ашты. "Е, осылай болса керек еді" деп Головкинің жанкүйерлері желпінді. Содан соң екеуі қайта жұдырықтасты. Дэниэл қайтадан шектен тыс сақ болуға тырысты. Рингті айнала қимылдады. Соңғы секундтарда тіпті өзі шабуылға шықты.

Келесі раундтың басында да Головкин құйындай орап соқты. Ауыр соққыларын боратты. Бастырмалатып ұрды. Бірақ Джейкобс тайқып кетті. Қорғанып жүр. Әрі өзі де соққы жұмсап, ойланып жүр. Осы раундтарда Геннадий көп күш жұмсағандай. Қара терге түсті. Ал Джейкобс әлі құлайтын емес...

Алтыншы раундтан бастап Джейкобс шабуылды жиілете бастағандай болып көрінді. Головкин көп қимылдамайды. Қарсыласына төніп келіп, бар күшімен төпелейді. Бірақ Дэниэл құлайтын емес. Рингтің бір бұрышына қарай тайқып кетіп, қарсы соққы жұмсап та үлгеріп жүр.

Бұдан кейінгі раундтарда Америка боксшысы да есе жіберген жоқ. Баз-базында соққыны қарша боратып, Головкинді бауырдан, бүйірден, кеудесінен ұрып, қарқынын үдете түсті. Тіпті өзіне деген сенімі де арта түскендей. Бапкері де әрбір раунд арасында жігерлендіріп қояды. Тіпті "сен ұпай айырмасымен алға шықтың" деп те қайрап жіберді...

Өмірінде бір-ақ рет 11 раунд айқасқан Головкин бүгін 12-раундқа да шығуға мәжбүр болды. Бәріне "кінәліә – Джейкобс. Құлайтын емес. Құлаған былай тұрсын, пәрменді соққыларымен Головкиннің бет-аузын дуылдатып соққылап жүр. Әбден қара терге түсірді. 

Кім мықты? 

Сонымен жекпе-жек бітті. Көрермендер тік тұрып, екеуіне де құрмет көрсетті. Енді жеңімпазды анықтау үшін қапталдағы төрешілердің есептеген жазбаларына, нақтырақ айтқанда, пікірлеріне жүгіну қажет. Ал төрешілер жеңісті Геннадий Головкинге берді. Есеп – 115:112, 115:112, 114:113.

Жекпе-жек аяқталған бетте Головкин қарсыласының қарымды боксшы екендігін айтып, оның құрметтейтіндігін білдірді. Белдіктерін мойнына асып, жеңісіне риза екендігін сездірді. "Құлата алмадым" деп өкінгендігі байқалмайды, керісінше, жеңісіне риза сияқты.

Джейкобс өзгелерге үлгі болды

Дэниэл нағыз қайсар жігіт екен. Қазақ халқы атын атамайтын ауруды жеңген боксшы Головкиннің дүлей шабуылдарына да төтеп берді. Тіпті өзі де соққыларын діттеген жерлеріне дөп тигізіп, айылын жиған жоқ. Ауызекі тілмен айтқанда, таяқ жеген жоқ.

Бастапқы раундтарда ішкі толғанысын тарқата алмаған сияқты. Қанша дегенмен, аты шулап, атағы жер жарып тұрған Головкиннен үрейленбесе де, сескеніңкірегендей... Жекпе-жектің басында сол қобалжыған ойларынан тез арыла алмаған секілді. Тек 12 раундтық шайқастың ортасынан бастап жігерлене түсті.

Джейкобсті жеңілді деуге аузымыз бармайды. Ол Головкиннен қорқып жүрген кейбір боксшыларға, боксшылар емес-ау, олардың промоутерлеріне Геннадиймен қалай айқасу керек екендігін көрсетті. Енді Головкинмен жекпе-жекке шығуды кейінге ығыстырумен жүрген боксшылар ширай түсетін шығар...

Сөйтіп Головкин 8 сәуірде 35-ке толатын Геннадий Головкин 37-жеңісіне қол жеткізді. 23 рет қатарынан нокаутпен жеңіске жеткен Қазақстан боксшысы бүгін қарсыласын сұлатып сала алмады. Әйтсе де жеңіске жетті. Жалпы нокауттарының саны 33 екендігін тағы да естеріңізге салып өтейік.

Дэниэл Джейкобс өз карьерасында екінші рет ұтылды. Қалған 31 жекпе-жегінде жеңіске жеткен, әрі 29-ын нокаутпен аяқтаған. Өзінің нағыз жанкешті, қайсар жігіт екендігін көрсетті. Ринг ішінде жұдырығы жуан қарсыластарын ғана емес, аты аталмайтын ауруды да жеңген жігіт шынымен де қажырлы екен...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу