Гонконгтағы пандемия, қазақ контингенті, мысық тарихы мен биткоинға қолайлы ел

5579

Inbusiness. kz назарларыңызға соңғы апталарда Қазақстан жайлы әлем баспасөзінде жарық көрген кейбір материалдарға қысқаша шолуды ұсынады.  

Гонконгтағы пандемия, қазақ контингенті, мысық тарихы мен биткоинға қолайлы ел

Үшінші толқынға Филиппин мен Қазақстан себепші ме?

Қазір Гонконг коронавирус эпидемиясының үшінші толқынымен күрес жүріп жатыр. Дегенмен, дүйсенбіден бері мұнда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың тәуліктік саны 100-ден төмендеді.

Қытайдың Global Times газетінің хабарлауынша, Гонконг университеті мен Гонконг политехникалық университетінің вирусологтары генетикалық зерттеу жүргізіп, арнайы әкімшілік ауданға жаңа вирустың филлипиндік теңізшілер мен қазақстандық ұшқыштар экипажы арқылы импортталғанын анықтаған.

Бірақ, Гонконг университетінің Биомедициналық ғылымдар мектебінің профессоры Джин Донгянның ойынша, Қазақстан, Пәкістан сияқты елдердің тұрғындарынан алынған штаммдардың қоғамға тарау деңгейі төмендеу.

Қазақстан биткоин майнерлері үшін несімен тартымды?

Asia Times газетінің мәліметінше, Қазақстан биткоин өндірушілер үшін маңызды бағытқа айналып барады. "Мұнайға бай ортаазиялық мемлекетте криптовалюта өндіруге салынған қаражаттың жалпы сомасы жыл соңына дейін екі есеге артып, алдағы үш жылда 738 миллион долларға жетеді", - деп хабарлайды Asia Times тілшісі Cointelegraph басылымының журналисті Стивен О’Нилдің пікіріне сілтеме жасап.

"Азиялық" репортердің айтуынша, биткоин жасаушылар үшін еліміздің қалаулы мекенге айналуы бекер емес. Өйткені, Қазақстанда электр энергиясы арзан, ал үкіметтің криптовалютаға достық пейілі зор екен.

Алайда, газеттің өзге бір мәліметінше, электр энергиясының арзандығы Қазақстанның үлкен артықшылығы болғанымен, біздің аймақ биткоин өндірісінің айтарлық өркендеуіне соншалықты тұрақты емес.

"Арзан электр қуаты Қазақстанды қолайлы бағытқа айналдырғанымен, майнерлер үшін Қытай, Ресей, АҚШ әлемнің бірінші "үштігінде" қала береді. Себебі, бұл мемлекеттердің энергетикалық саясаты болжауға келеді, саяси жүйесі тұрақтылау, сонымен қатар, оларда майнингке салынған инвестиция артып келеді, ал экономикалық ортасы жақсы", - деп жазады мақала авторы.

Қазақ әскері БҰҰ-дағы ең ірі ортаазиялық бітімгер күшке айналып барады

Қазақстан қорғаныс министрлігі хабарлағандай, еліміз тамыз айында БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріне (United Nations Interim Force in Lebanon (UNIFIL)) төртінші рет контингент аттандырады.

Азия-Тынық мұхит аймағындағы мәселелерге мамандандырылған The Diplomat басылымының мәліметінше, Қазақстан - Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік миссиясына үлес қосып отырған ең ірі ортаазиялық мемлекет. Мәселен, қазір Қазақстанның Ливандағы үшінші ротациясының құрамында 120 жауынгер мен екі офицер қызмет етіп жатыр. БҰҰ-ның Мамырдың 31-де жарияланған бітімгерлік статистикасында Қазақстан Швециядан кейінгі 66-шы орында тұр. Ливаннан бөлек, ҚР биыл сәуірде БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы миссиясына 6 сарапшы аттандырды (солардың біреуі - әйел). UNIFIL миссиясына Қырғызстан -14, Тәжікстан -6 қызметкер ғана бөлген. Өзбектан мен Түркіменстан болса, бұл халықаралық миссияға мүлде қатыспайтын болып шықты.  

"Дипломаттың" дерегінше, қазақ контингенті Ливанның Ибл-әс-Сақи қаласы маңындағы екі әскери базада қызмет етіп жатыр. Және де олар Бразилия, Индонезия, Непал, Сербия, Испания тәрізді елдердің сарбаздарымен бір секторға қарайды.

The Diplomat хабарлағандай, қазақстандық "көк каскалар" жаяу және автомобильмен патруль жүргізіп, қарауылдық посттар мен бақылау-өткізу пунктерінде қызмет қылып, БҰҰ позицияларының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Моблильдік резерв батальонда жұмыс істейді.

Қазақстанда көшпенділер мысықты 1000 жыл бұрын жақсы көрген

Бұл – Израильдің "Гареец" газетінде жарық көрген материалдың тақырыбы.

"Мысықтық зақымданған сүйектеріне қарап, оны мың жылдан астам уақыт бұрын Орталық Азия көшпенділері асырағанын көруге болпады. Scientific Reports хабарлағандай, толықтай сақталған скелет Қазақстанның оңтүстігінде, ежелгі Жібек жолының бойында жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылды.

Сүйегі бірнеше жерден сынып, тісі қалмаса да жақсы тамақтанған мысық сол заманның өзінде түркі малшыларының сүйікті жануары болғанға ұқсайды.

Зерттеуді Мартин Лютер университетінің, Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универстетінің, Мәскеудегі Жоғары экономика мектебінің және Тюбинген университетінің ғалымдары бірлесіп жүргізді.

Жараланғанына қарамастан, мысық бір жылдай тіршілік еткен. Демек, ол күтім көрді.

Ол қандай мысық еді? Бұл түркілердің шатырынан ас ұрлаған жабайы, дала мысығы емес, кәдімгі үй мысығы болған. Мартин Лютер университетінің ғалымы Эшли Харуданың ойынша, Орталық Азияда мысықты біздің дәуіріміздің 8-ші ғасырында үй жануары ретінде асырағаны айқын", - деп жазады Haaretz тілшісі Рут Шустер.

Мұнай мен Қытай құлдыраса, Қазақстанда бір ғана "жарқын дақ" қалады

Мұны таяуда әйгілі "Форбс" журналы хабарлады. Автордың айтуынша, осыдан бес жыл бұрын Жібек жолының бойында орналасқан шікзатқа бай Қазақстан инвестиция тартудан үздік мемлекет саналды. Егер Орталық Азияның қандайда бір республикасына қаржы саламын десеңіз Қазақстанның салмағы бәрінен басым тұратын.

Енді ғаламдық пандемия бұл жетістіктердің бәрін қауіпке душар етіп отыр.

Дүниежүзінің мұнайгаз нарығында шикізат шектен тыс көп. Қытай пандемиядан кейінгі өмірді қалпына келтірумен әлек. Биыл ол "Бір белдеу, бір жол" бастамасын кейінге ығыстырды. Осы инициативада Қазақстан басты ойыншылардың бірі еді. Ең жаманы -  қазақстарға коронавирусты Еуропа мен Қытайдан жеткен бизнес-саяхатшылар жұқтырса керек.

"Дегенмен, Қазақстанда бір "жарқын дақ" бар: Ол – Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО). Сәулетімен  the Epcot Center-ді еске түсіретін бұл орталық ел іші мен сыртында да жаңа заманның символы мен ғаламдық капитал нарығына құшақ жаюшы іспеттес.

АХҚО-мен жұмыс істейтін, бірақ, есімдерін ресми атамауды сұраған адамдардың айтуынша, олар Әлемдік банктен, Азия даму банкінен, Еуропа қайта құру және даму банкінен (қазірдің өзінде онда ірі ойыншы), Халықаралық валюта қорынан "қосымша қаржының жаппай келуімен" жұмыс істеп жатыр. АХҚО-ның өзі болса, аймақта коронавирус тарап, Қытай тоқтаған шақта, Орталық Азияны қалпына келтіретін қаржылық хабқа айналатынына сенімді", - дейді "Форбс" тілшісі Кеннет Рапоза.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу