Гонконгтегі ереуіл қақтығысқа ұласты

2638

Сегіз апта бойы жалғасқан Гонконгтегі ереуілдер бас көтерушілердің Қытай өкілдігін шабуылдауға ұмтылуымен аяқталды.

Гонконгтегі ереуіл қақтығысқа ұласты

BBC агенттігінің дерегінше, наразылық шарасына он мыңға жуық адам қатысқан. Тәртіп сақшылары заңсыз митингке шыққан ереуілшілерді тарату үшін көзді жасаурататын газ қолданған.

Сенбі күні ереуіл Гонконгтің солтүстігіндегі Юньлон ауданында өтті. Полицейлердің айтуынша, наразылық білдірушілер темір қалқанмен қоршауларды сындырып бүлік шығарған. Кейбірі құқық қорғаушылардың көліктеріне түрлі сурет салып кеткен.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жерде бір апта бұрын шерушілерге маска киген қарулы топ шабуыл жасап, салдарынан 45 адам түрлі деңгейде жарақат алған болатын. Наразы халық "полицейлер шабуыл жасағандармен бірлесе жұмыс істеді және әрекетсіздік танытты" деген айып тағып отыр.

Ал жексенбіде рұқсат етілген шараның арты тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Ресми дерекке сүйенсек, ереуілшілер шаһар көшелерін өртеген. Олар Сайвань ауданындағы Қытай өкілдігіне шабуыл жасамақшы болған. Бірақ жүздеген полицей ғимаратты қоршап, олардың баса-көктеп кіруіне жол бермеді.

Сенбі және жексенбі күндері өткен митингтер – мамыр айында басталған халық наразылығының шарықтау шегі. Халықтың бұлай бас көтеруіне экстрадиция туралы заңға енгізілмек болған өзгерістер түрткі болды. Үкімет бұл заңды мақұлдамаса да, енді шерушілер биліктен полицейлердің қатыгездігі туралы іс пен демократиялық реформаны қарастырып, Гонконг басшысы Кэрри Ламның отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу