"Grammy" жүлдесі Қазақстанға жетеді – Иманбек Зейкенов

18192

АҚШ-тың өнер және дыбыс жазу техникасы академиясы 1958 жылдан бастап әлемнің музыка саласында жетістіктерімен елден ерек көрінген майталмандарды марапаттап келеді. Келесі жылдың қаңтар айында "Grammy" премиясы үздіктерге 63-рет табысталады.  Жарты ғасырдан астам тарихы бар айтулы премиядан үміткерлердің қатарына алғаш рет қазақстандық өнерпаз қосылды. Ол - "Roses" әніне ремикс жазып, музыкалық чаттардың көшін бастаған 20 жасар павлодарлық Иманбек Зейкенов. Қазақтың қарапайым баласы Бейонсе, Дуа Липа, Тейлор Свифт сияқты талантымен төрткіл дүниені тамсандырған дүлдүлдермен бірге номинаттар сапына ілікті. 

"Grammy" жүлдесі Қазақстанға жетеді – Иманбек Зейкенов

Жаһандық желіде миллиондаған қаралым жинап, аз уақыт аралығында көпшілікке танылып үлгерген жерлесіміз inbusinees.kz сұрақтарына жауап беріп, жетістікке жетудің құпиясымен бөлісті.

- Иманбек, алдымен "Grammy" премиясынан үміткерлер тізіміне енуіңізбен құттықтаймыз. Қандай сезімдесіз?

- Шыны керек, музыка саласындағы басты жүлдеге номинаттар қатарына мені таңдап алғанына әлі күнге дейін сене алар емеспін. 24 қараша күні кешкісін көлігімде отырып, әдеттегідей әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шықтым. Оқырмандармен тілдесіп отырғанда "Сіз "Грэмми" сыйлығына үміткерлердің тізімінде барсыз" деген хабарлама келді. Мұны "пранк" деп қабылдап, аса мән берген жоқпын. Кейін басқа адамдар да солай жаза бастады. Тікелей эфирді аяқтап, интернетті шолып қарасам, америкалық рэпер SAINt JHN жазған "Roses" әніне жасаған ремиксім шынымен "Үздік ремикстер" аталымынан үміттілердің қатарында тұр екен. Таңғалдым.

- Сіз жазған ремикс бәйгеде оза шауып, үздік атанады деп ойлайсыз ба?

- Осы саладан хабары бар достарым номинаттардың тізімін қарап шығып, "сенің жеңесің!" деп сенімді түрде айтты. Бұл номинацияға үздік бес ремикс іліккен екен. Олардың қатарында "Do You Ever", "Imaginary Friends", "Praying for You", "Young & Alive" әндеріне жасалған ремикстер бар. Барлығын тыңдап шықтым. Меніңше, премия алар мүмкіндігім басқалардан жоғары (күліп). Сондықтан, "Grammy" - менікі! Бұйырса, Қазақстанға алғаш рет осы музыкалық жүлде жетеді. Бұл ойымды ресейлік танымал бағдарлама – "Вечерний Ургант" шоуы тікелей байланысқа шыққан кезде де айтқан болатынмын.

- Сол бағдарламадан соң отандық БАҚ өкілдері де сізбен байланысқа шығып, қуанышты хабарды бөлісуді қалап еді. Бірақ қоңыраулар мен хабарламаларға ұзақ уақыт жауап бермей, үнсіздік таныттыңыз. Бұл "жұлдыз ауруының" алғашқы белгілері ме, әлде қалай?

- Жоқ, мүлде олай емес. Мені журналистер іздеп, сұхбаттасуды қалайтынын білген де жоқпын. Шамамен бір ай бұрын телефон нөмірімді ауыстырған едім. Оған қоса, әлеуметтік желілерге жиі кіретін уақыт бола бермейді. Негізі, өзімді "жұлдызбын" деп санамаймын. Иә, соңғы уақытта көшеде, басқа да қоғамдық орындарда кездесіп қалған адамдар танып, ықыластарын білдіріп жатады. Бірақ маған көпшіліктің көп көңіл бөлуі, назар аударуы аса ұнамайды. Шынтуайтына келгенде мен емес, "Roses" әнінің ремиксі танымал деп ойлаймын.

- YouTube желісінде 117 миллион, Shazam музыкалық қосымшасында 22 миллион, басқа да интернет платформаларда миллиондаған қаралым жинап, кең таралып кеткен бұл ремикс қалай жазылды?

- Ремикстер жазып жүргеніме екі жылға жуық уақыт болып қалды. Интернеттен видеоларды қарап, музыка өзгертетін бағдарламаларды қалай қолдану керек екенін үйрендім. "Roses" әніне дейін бірнеше туындыны өзгертіп көріп едім, бірақ олардан түк шықпады. Ал америкалық рэпердің шығармасын өткен жылдың 21 наурызында үйдегі ноутбукпен өңдедім. Келесі күні ВКонтакте желісіне жүктедім. Араға екі-үш ай салып танымал бола бастады. Ресейден, Литвадан продюссерлік орталық өкілдері хабарласып, әріптестік байланыстар ұсынды. Кейін "Effective Records" компаниясымен келісімшарт жасадым. Автордың рұқсатын алып, тиісті құжаттарды ресімдедік. Одан бөлек, "All night", "Take me" әндеріне де ремикс жазылды.

- Музыкаға деген мұндай қызығушылық тегін болмаса керек...

-  Менің арғы атам, яғни атамның әкесі – Иманбек деген кісі өз заманында талантты музыкант, танымал әнші болған екен. Домбырада шебер ойнап, халық әндерін әуелете шырқайтын деседі. Менің есімімді атамның құрметіне Иманбек деп қойған. Әкем де өнерден қара жаяу емес. Көше әндерін айтқанды жақсы көреді. Маған гитараны үйретті. Қанмен берілген қасиет болар, бала кезімнен өнерге қызығып, музыка тыңдауды ұнатамын.

- Бірақ теміржол саласын таңдадыңыз. Неге?

- Мектепті бітірген соң қандай мамандықты таңдарымды білмедім. Сондықтан достарыма еріп, Павлодар қаласындағы көлік және коммуникация колледжіне оқуға түстім. Кейін Ақсу-1 станциясында сигналшы болып еңбек еттім.

Теміржолшының жұмысы маған ұнайтын. Бірақ күнделікті қызмет пен өнерді қатар алып жүру оңай емес екен. Сондықтан өткен жылдың желтоқсан айында жұмыстан кеттім. Қазір үйдегі ескі ноутбуктың көмегімен басқа туындыларды қолға алып, кәсіби түрде музыка өңдеумен айналысамын. Маған сол ыңғайлы.  

- Жылдар бойы кәсіби білім алып, өнер саласында ұзақ жыл маңдай терін төккен әнші, композиторлар үшін "Grammy" сыйлығын алу түгілі номинаттардың қатарына ілігу – арман. Ал сіз арнайы кәсіптік оқудан өтпей-ақ аз уақыт аралығында бір ремикспен әлемге танылып, жоғары жүлдеден үміткер атандыңыз. Мұның сыры неде?

- Кейбір тыңдармандар "Roses" сияқты ремикстер көп ұзамай ұмытылып қалады дегенді айтады. Бұл пікірмен келісуге болады. Бірақ мен оған мұңаймаймын. Бір шыңды бағындырған соң әрі қарай ізденіп, еңбек етіп, келесі шыңның биігіне шығуға ұмтылу керек. Бір орнында тұрып немесе артқа қарай шегінуге болмайды. Тек алға қадам басу керек. Жетістіктің басты сыры – осы. Оған қоса, табысты, танымал болу үшін ешқандай "Мәке", "Бәкелердің" көмегі керек емес екен. Бұрын алға сүйрейтін адам болмаса барлық еңбегің бекер деп ойлайтынмын. Қателесіппін. Оған менің өмірім дәлел. Ешқандай тірегі, тамыр-танысы жоқ қазақтың қарапайым баласы биік белестерге қарай бағыт алды. Сондықтан замандастарыма, жастарға айтарым – еңбек етсеңдер өз күштеріңмен-ақ жетістіктерге жете аласыңдар.

-  Әңгімеңізге рақмет! "Grammy" сыйлығының Қазақстанға жетуін тілейміз.

Ажар Дәулетова

Фото: railnews.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу