Грантпен түскен жастар өз ауылына тәуелділіктен құтылмақ

2950

Жұмыссыз жүрген ауыл жастары қатарының күрт көбейіп кетуі Үкіметті осы мәселеде тың қадамдарға итермелеп отыр.  

Грантпен түскен жастар өз ауылына тәуелділіктен құтылмақ

БҒМ-ның Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің түсіндіруінше, "Білім туралы" заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес, педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша квотамен оқуға түскен ауыл жастары университетті бітіргеннен кейін оқытқан жері бойынша өңірде кемінде 3 жыл жұмыспен өтеуге міндетті. Әйтпесе, мемлекеттің оны грантпен оқытуға жұмсаған миллиондарын қайтаруы шарт.

Майра Б. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін "орыс тілі және әдебиеті" пәні бойынша тәмамдады. Гранты жұмыспен өтеу керектігін білмедім дейді. Қалада қалып, аудармашы болып жұмыс істеген, мектепке мұғалім болып орналасқан.

"Университетке жұмыс орнынан анықтама ұсынып отыру қажеттігін ешкім де не ауызша, не жазбаша ескертпеді. Салдарынан абсурд жағдай қалыптасты. Жеке сот орындаушысы банктік шоттарымды бұғаттап тастапты. БҒМ-ның "Қаржы орталығы" үстімнен сотқа шағым беріп, мемтапсырысты үш жылдық жұмыспен өтеу міндетін орындамаған деп таныған. Сот сыртымнан бірнеше миллион теңге қаражатты қайтаруға тиіс деген шешім шығарыпты. Қиын шақта тіршілігіме керекті қаржыдан айырылып отырмын. Оның үстіне банктен алған несием бойынша уақытша төлем жасамағандықтан, екі жүз мың теңгеден астам айыппұл жазылды", – дейді ол.

Әрине, заңды білмеу заң талабынан босатпайды.

Түлектер тіпті үш жылдық жұмыспен өтегісі келгеннің өзінде ол ниетін іске асыра алмай қиналады. Ауылда жұмыс жоқ.

Сондықтан БҒМ "Білім туралы" заңына түзету енгізуге қайтадан бастамашы болып, бұл саладағы талаптарды жеңілдетіп жатыр. Жаңа заң жобасы "квота шегінде түскен ауыл жастары қатарындағы Қазақстан азаматтары үшін оқыту өңірінде үш жылдық жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерге қатысты норманы алып тастауды" қарастырады. Бұл жерде шешуші сөз – "оқыту өңірінде". Өйткені аймақтан келген жас бәрібір аймақта жұмыс істеуге міндетті болады. Мемлекет ауыл жастарының қалаларда қалуына жол беріп, қарап отыра алмайды. Жаңа өзгерістің мәні: ауылдық студент тек өз ауданымен шектелмейді, кез келген облыстың ауданын таңдай алады.

Бұған бірнеше фактор түрткі болыпты. Бір жағынан, оқуын аяқтаған түлектерді қабылдау аймақтарында жұмысқа орналастыру деңгейі барған сайын төмендеуде. Екіншіден, көптеген елді мекен жас маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Бұл жастардың баспанасыздық мәселесін ушықтырады. Жастар өзін осындай қиындыққа мәжбүрлегені үшін билікке өшігетіні жасырын емес.

Ауыл жастарының көбі жұмыспен өтеу талабын бұзады

"Жұмыс күші артық өңірлердегі жастарды жұмыс қолы тапшы өңірлер үшін оқыту мақсатында "Мәңгілік ел жастары – индустрияға!" ("Серпін") жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба республиканың 9 облысындағы – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының 25 ЖОО-сында қолға алынған. Кадрлар педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша даярланады. Бұған бүкіл мемгранттардың жалпы көлемінің 10%-ы көлемінде квота бөлінген", – деп түсіндірді БҒМ.

"Білім туралы" заңына сәйкес, ЖОО-ны бітіргеннен кейін өз өңірінде кемінде үш жыл міндетті жұмыспен өтеу 2016 жылы енгізілді және бұл норма 2020 жылдан бері бітірген түлектерге қолданылады.

Осы жастардың жұмыспен өтеуіне, ауыл-аймақта жұмыс істемесе, бюджет шығыстарын өтеу міндетін орындауына мониторинг пен бақылау жасау – білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына, яғни БҒМ-нің "Қаржы орталығына" жүктелген.

Бұл талап жаппай бұзылып жатқан көрінеді.

"Бүгінгі таңда "Серпін" бағдарламасы бойынша оқуды 5 962 адам аяқтады, оның ішінде 2020 жылы – 2 653 адам, 2021 жылы – 3 309 адам. 2020 жылы квотамен оқыған 1 592 түлектің 1 084-і жұмыспен өтеу бойынша міндеттемелерді бұзған. "Серпін" бағдарламасы бойынша жас мамандардың жұмысты өтеуі бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамауы салдарынан түпкі нәтижеге қол жеткізілмеді", – делінген ведомство түсініктемесінде.

Сол себепті әлгінде айтылғандай, БҒМ "Білім туралы" заңының 47-бабының 17-тармағына өзгерістер енгізіп, "оқыту өңірінде міндетті үш жылдық жұмыспен өтеу жөніндегі тұжырымдаманы алып тастаудың" қамына кірісті. Министрліктің байламынша, "бұл өзгерістер жас мамандардың жұмысқа орналасу мәселелерін шешуге, сондай-ақ еліміздің еңбек күші тапшы өңірлерін педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білікті кадрлармен қамтуға мүмкіндік береді".

Парламент заңға тиісті өзгерістерді қабылдағаннан кейін БҒМ жаңа ережелерді іске асыру үшін заң нормаларының қолданылуын нақтылайтын заңға тәуелді акт бекітетін болады. Нәтижесінде, ауыл жастарына – "Серпін" жобасының түлектеріне өз ауданымен шектелмей, жұмыс күші тапшы кез келген өңірде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

Жеке кәсіпкерлікпен өтеуге де жол ашылды

Педагогика мамандығын ауылдық квотамен 2021 жылы бітірген Валерия Степчук мемтапсырысты үш жылдық жұмыспен өтеуге қатысты бір айла-шарғымен бөлісті. "Білім туралы" заңына осының алдында, 2001 жылғы 8 қаңтарда енгізілген кезекті түзетулер арқасында ауыл жастарына тек мемлекеттік қана емес, ауыл-аймақтағы кез келген жекеменшік ұйымда жұмыс істеп, өтеуге рұқсат етіліпті. Себебі өңірлерде, ауылдарда мемлекеттік мекемелерде бос жұмыс орнын табу күрделі. Сондықтан түлек оқытушылық саласына бағдарланған жеке кәсіпкерлігін тіркеді: заңнама бойынша білім беру ұйымына жеке кәсіпкерлік те жатады. Оның үстіне жеке педагогикалық қызмет үшін лицензия алудың да қажеті жоқ. 

Валерия бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеді, үш жылдай жұмыс өтілі бар. Осыны пайдаланып, ол өз ауылында "Журналистика мектебі" жеке кәсіпкерлігін ашып, 10-нан 17 жасқа дейінгі жергілікті жасөскіндерді телеарнада қалай дұрыс сөйлеуге, камера алдында сөйлеп үйренуге, жұртшылық алдында сөз ұстауға, сахнадан, үлкен аудиториядан қорқу сезімін жеңуге, ұялшақтықты еңсеруге, газетке керекті фотосуретті түсіруге, блоггерлік өнерге үйретуге кірісіпті. 

Оның сұрауына жауап берген Білім және ғылым министрлігі балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамытуға, спорт, мәдениет және өнер саласындағы мүдделерін ілгерілетуге бағытталған қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын ұйым жұмысы да үш жылдық жұмыспен өтеу ретінде есептеле алатынын мәлімдеді.

Жанат Ардақ