Грузия საქართველო, әр саяхатта жаңа қырынан ашыла түсетін ел

3396

Әр елдің тек өзіне тән ерекшелігі болады.

Грузия საქართველო, әр саяхатта жаңа қырынан ашыла түсетін ел Фото: GNTA

Көпшілік Грузияны ең алдымен оның ұлттық тағамдары, әйгілі шарап мәдениеті, Қара теңіздің жылы жағалауы мен Казбек тауының шыңдарымен байланыстырып жатады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлбетте, мұның барлығы Грузияның танымалдылығын артыра түсетін осы елге ғана тән ерекшеліктер. Алайда бұл елге бір  рет сапарлап келген саяхатшы оның әлдеқайда сан қырлы ел екенін бірден сезеді.

Бұл елді танып-білу Тбилисидің көне көшелерінде серуендеуден басталып, туристер көп бара бермейтін шағын аулалардың бірінде иісі бұрқыраған кофеден дәм татуға ұласуы қалыпты жағдай. Ал кешкісін таулардың биік шыңдарын саялап күн ұясына батқанын тамашалайсыз, не болмаса қонағын көптен бергі танысындай қарсы алатын отбасылық мейрамханада кешкі ас ішу бұйырады. Дәл осындай сәттер әр саяхатшының есінде ерекше сақталары сөзсіз.

Сондықтан болар, Грузияға бір рет саяхаттап келгендердің көбі бұл елге қайта оралуға асығады. Оның себебі де түсінікті. Өйткені,  бұл елге жолы түскен саяхатшы әр сапарында жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы, оның шағын қалалары мен табиғаты, тағамдары мен еш жерде қайталанбайтын ерекше атмосферасы арқылы Грузияны жаңа қырынан ашып, бұрынғыдан өзгеше, мүлдем жаңа әсер алуға асығады.

Грузияға жету жолдары

Грузияға Қазақстаннан тікелей рейс арқылы тек Астана мен Алматыдан ғана емес, Ақтау мен Атыраудан, Шымкенттен де жетуге болады. Тікелей рейстердің бағыты Грузия астанасы Тбилисиге, жазғы демалыс үшін таптырмас бағыт Батумиге де, жылдың кез келген мезгілінде саяхаттауға қолайлы Кутаисиге де қарастырылған. Сондықтан сапар бағытын таңдар алдында Грузияның туристерге ұсынатын түрлі саяхат бағытын саралап, ақпаратпен толық танысып шығуға кеңес береміз, тек содан кейін өзіңізге ең қолайлы әрі ұтымды бағытқа билет алған абзал.

Супра. Фото: GNTA​

Грузияға жету жолы қазір әлдеқайда жеңіл. Қазақстанның бірнеше қаласынан ұшатын тікелей рейстер сапардың бағытын өз қалауыңызға қарай құруға мүмкіндік береді. Теңіз жағасында демалғыңыз келсе де, тарихи қалаларды аралауды жоспарласаңыз да немесе таулы өңірлерге сапар шеккіңіз келсе де, өзіңізге қолайлы бағытты оңай таңдай аласыз. Сондықтан сапарға шығар алдында әуе тасымалдаушылардың ресми дереккөздерінен ақпаратты нақтылап алуға кеңес береміз.

Тбилисиге Астана мен Алматыдан тікелей рейске шығатын жайлы бортта жетуге болады, оның бағасын арнайы қосымшадан біле аласыздар. Сондай-ақ Тбилисиге Астанадан Шымкент арқылы қатынайтын рейстер де қарастырылған.

Саяхаттап баратын тағы бір қолайлы бағыт - Кутаиси. Қазақстаннан қатынайтын бұл бағыттағы тікелей рейстер саяхатшыға Имерети өңірі мен  Грузияның батыс бөлігін тамашалауға жол ашады.

Сапарыңызды бір ғана қаламен шектемеген абзал. Грузияның көлік инфрақұрылымы бірнеше бағытта сапарыңызды жоспарлауға мүмкіндік береді. Батуми, Кутаиси және Тбилиси арасында күн сайын заманауи жүрдек пойыздар қатынайды. Ал автокөлікпен саяхаттау шағын қалаларды, тау асулары мен туристік бағыттарға енбеген  әрі көпшілікке ұсыныла бермейтін ерекше жерлерді көруге таптырмас шешім.

Квариати, Аджария. Фото: GNTA

Саяхатты қалауыңызға  сай жоспарлау

Грузияға саяхаттаудың басты артықшылығының бірі - демалысты өз қалауыңызға сай жоспарлау мүмкіндігі. Мұнда бір сапарда бірнеше демалыс түрін оңай біріктіруге болады. Мәселен,  саяхаттың алғашқы күндерін теңіз жағасындағы заманауи қонақүйде өткізіп, кейін Тбилисидің тарихи орталығындағы жайлы апартаментті таңдап, ал сапардың келесі кезеңінде таулы аймақтағы немесе шарап өндіретін өңірдегі шағын қонақ үйге орналасуға болады.

Мұндай бағыт елді жан-жақты тануға жол ашады. Таңертең Қара теңізге қарап таңғы ас ішіп, күндіз қаланың көне көшелерінде серуендеп, кешке жергілікті тұрғындар жиі баратын отбасылық мейрамхананың бірінде ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Осылайша бар болғаны бір аптаның ішінде Грузияны әр қырынан танып-білуге мүмкіндік аласыз.

Грузияның ұлттық тағамдары. Фото: GNTA

Ал келесі күні қонақ күтетін шағын үйге тоқтап, мүлде басқа атмосфераны сезінуге әбден болады. Мұнда таңғы аста грузин тағамдарымен ауқаттанып, қонақжай үй иесінің туған өлкесінің тарихы мен салт-дәстүр жайлы әңгімесін естіп,  кешкісін жергілікті шараптан дәм татып, өзіңізді сапарда емес, жақын адамдардың үйіне қонаққа келгендей әсер аласыз.

Келесі күні сапарыңызды заманауи жүрдек пойызға немесе автокөлікке отырып жалғастырсаңыз болады. Бір қаладан екіншісіне аттану әрі демалыс түрін алмастыру Грузияның сан қырлы ел екенін сезінуге мүмкіндік береді.

Егер дәл осындай саяхат түрін қаласаңыз, әр бағытта әр түрлі қонақ үй түрлерін таңдасаңыз болады. Қала ортасындағы заманауи үлгідегі қонақ үйлер, жайлы апартаменттер, отбасыға арналған қонақ күтетін үйлер немесе теңіз жағасындағы курорттық кешендер сынды кез келген талғам мен бюджетке лайық таңдау Грузияда баршылық.

Мцхета. Фото: GNTA

Әрине, әр қонақ үйдің орналасу құны жыл мезгіліне, өңірге, қонақ үй санатына және брондау мерзіміне байланысты өзгеріп отырады. Десе де бұл жағынан ұсыныс мол, сондықтан әр саяхатшы өзіне қолайлы қонақ үй түрін оңай тауып, жайлы орналаса алады.

Қазбек тауы. Фото: GNTA

Дәл осы тұрғыдан ұсыныстың молдығы саяхаттаушыларға Грузиядан ерекше әсер қалдырады. Мұнда теңіз жағалауында тынығып, тарихи қалаларға саяхаттап баруға болады, шарап дайындайтын өңірлерге сапармен барып, ұлттық тағамдардан дәм татудың реті түседі. Саяхаттаушылардың көбінің бұл елге қайта оралуының да басты себебі осы.

Үш қала – үш түрлі әсер

Грузияны етене тануға бел бусаңыз, онда бір қаламен шектелмеген абзал. Өйткені әр қаланың өз тыныс-тіршілігі, өз атмосферасы мен ерекшелігі бар.

Тбилиси - еуропалық сәулет үлгісі мен грузиндік рух керемет үйлескен қала. Ондағы ескі ағаш үйлердің қасында заманауи үлгідегі ғимараттар жарасымды бой көтерген, көне шіркеулердің маңында дизайнерлік үлгідегі кофеханалар мен шарап барлары орналасқан. Ал ескі Тбилисидің тар көшелері саяхатшыны күтпеген жерден кең алаңдардың, концерт залдары мен мұражайлардың алдынан бірақ шығарады.

Тбилиси. Фото: GNTA

Тбилисиді аралау үшін нақты жоспар құру міндетті емес. Керісінше, туристік карта аяқталған тұста саяхаттың әлдеқайда әсерлі бағыты басталады. Көрші көшеге бұрылсаңыз болғаны, тыныш ішкі аулаға, шағын көркемсурет галереясына, жайлы отбасылық мейрамханаға немесе шарап барына кезігесіз. Мұнда қонақжай кәсіп иесі шарап өндірісінің де, қаланың да тарихын әсерлеп әңгімелеп беруге әзір. Мұндай сәттер осынысымен де саяхатшының жадында Тбилиси жайлы ерекше естелік қалдырады.

Батуми. Фото: GNTA

Батуми - теңіз жағасындағы заманауи курорт. Қаладағы кең жағалау, пальма ағаштары, велосипед жолақтары мен заманауи сәулет үлгілері теңіз жағасындағы ескі қалаға жаңаша рең бере түскен. Ал жазда Батуми ерекше құлпыра түседі. Мұнда музыкалық фестивальдер, ашық аспан астында түрлі концерттер мен мәдени іс-шаралар өтеді. Одан қалды сансыз мейрамханалар, барлар мен жайлы террасалар кешкі Батумиге көрік бере түседі.

Маусымаралық кезеңде Батуми танымастай өзгереді. Оның жұмсақ климаты, теңізден ескен таза ауасы мен қарбалассыз демалуға жайлы атмосферасы саяхаттаушылар үшін қаланың тартымдылығын тек арттыра түседі.

Кутаиси. Фото: GNTA

Грузияның ең көне қалаларының бірі Кутиси  - саяхатқа ерекше әсер беретін бағыт. Қаланың көнеден сақталған көшелері, грузин ұлттық тағамдары, қаланың көрікті табиғи аймақтарға жақын орналасуы саяхаттаушыларды Имерети өңірімен танысуға бірден-бір мүмкіндік.

Осы қала арқылы Грузияның тылсым табиғатын тамашалуға жол ашылады. Мәселен,  Кавказдағы ең ірі карст үңгірлерінің бірі саналатын Прометей үңгіріне, динозавр іздері табылған әйгілі Сатаплия қорығына, Кинчха сарқырамасына және табиғи термальды қайнаркөзі арқылы көпке мәлім Цхалтубо бальнеологиялық курортына оңай жетуге болады.

Ал кешкісін Кутаисиді мүлдем басқа қырынан ашысыз. Заманауи үлгідегі гастрономиялық кеңістіктер мен шарап барлары, әсерлі әуен мен тарихи орталықтың тыныш атмосферасы саяхатшыларды ерекше әсерге бөлейді.

Грузия - жылдың кез келген мезгілінде тартымды бағыт

Грузияны тек жазғы саяхат бағыты ретінде қарастырып жатамыз. Шын мәнінде, бұл ел жылдың кез келген мезгілінде саяхаттауға қолайлы. Әр мезгілде Грузия жаңа қырынан ашыла түседі. Көктемде табиғаты құлпырып, бақтары алуан түрлі гүлге оранады. Жазда теңіз жағалауы мен тау бөктері де саяхаттаушылар үшін тартымды бағыт. Күзде шарап жасау дәстүрінің қызатын шағы болса, қыста тау шаңғысын қалайтындар үшін Грузия таптырмас бағыттың біріне айналады.

Кавказ тауларының бөктеріндегі Местия. Фото: GNTA

Көктемде Кахетияға сапарлап барсаңыз гүлге көмкерілген жүзім  мен жеміс бақтарын тамашалай аласыз. Имерети өңірі көкке оранған табиғатымен, шатқалдары мен үңгірлерімен тәнті етеді. Ал Рача өңірінің асқақ таулары мен демалуға жайлы атмосферасы кез келген саяхатшыны баурап алады. Ал күзде Грузия мүлде басқа кейіпке енеді. Бұл кезде Кахетиядағы әйгілі жүзім жинау мерекесі - ртвелиге барып, Рачаның алтын түске боянған ормандарын тамашалап, тау жолдарымен жүріп, гастрономиялық саяхат маусымының қызған шағына куә боласыз.

Рача. Фото: GNTA

Қыс мезгілінде Грузия басқа қырынан танылады. Жылдың бұл мезгілінде Кавказ тауларының көрікті табиғатын тамашалауға мүмкіндік беретін әрі  сапалы инфрақұрылымы бар Гудаури, Бакуриани, Годердзи, Тетнулди және Хацвали сияқты заманауи тау шаңғысы курорттары ерекше сұранысқа ие болады.  Бұл курорттарда әртүрлі деңгейдегі шаңғышылар мен сноубордшыларға арналған трассалардың молдығы тәжірибелі спортшыларға да, алғаш рет шығыда сырғанап көргісі келетіндерге де ыңғайлы әрі қолайлы жағдай жасалған.

Сванети. Фото: GNTA

Бахмаро курорты ерекше әсер іздейтін саяхаттаушылар үшін лайықты таңдау бола алады. Соңғы жылдары бұл бағыт cat skiing әуесқойлары арасында аса сұранысқа ие. Арнайы техника мен кәсіби гидтердің көмегімен шаңғышыларға тау бөктерінен сырғанауға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Грузияда қыс мезгіліндегі демалыс түрлері тек тау шаңғысымен шектелмейді. Заманауи курорттар, жайлы инфрақұрылым мен дәстүрлі грузин қонақжайлығы бұл елге жасаған әр сапарыңызды ерекше әсерге бөлейді. Таудағы белсенді демалыстан кейін жергілікті мейрамханалардың бірінде ұлттық тағамдардан дәм татып, грузин асханасының бай мәдениетімен таныса аласыз.

​Қысқы Бахмаро.  Фото: GNTA

Сондықтан да болар, Грузияға келген туристтердің басым бөлігі бұл елге міндетті түрде қайта оралауға асығады. Бірде теңіз жағасында демалуға келсе, келесіде Грузияның биік тауларын көруді қалайды, ал келесіде грузин ұлттық тағамдарынан дәм татуға асықса, енді бірінде Грузияның ерекше атмосферасын қайта сезіну үшін қайта оралып жатады.

Қай бағытты таңдасаңыз да, Грузия әр жолы өзін жаңа қырынан аша түсетін ел. Теңіз бен тауды, көне тарихи мұра мен заманауи мәдениетті шебер үйлестіре білген Грузияға келген әр сапарыңыз ұмытылмас естелікке толы болары сөзсіз.

Кинчха сарқырамасы. Фото: GNTA

Грузияны бір сапарда толық танып-білу мүмкін емес. Бұл елге жоспарлаған әр сапарда  жаңа мекендерді  көріп, грузин дәстүрі жайлы ақпарат алып, әр сапарда ерекше әсер сыйлайтын ел. Бұл елге бірнеше рет сапарлап келсеңіз де, алда  сізді таңқалдырар  жаңа сәттер күтіп тұратындай әсерде қаласыз.

Егер Грузияға сапарға шығуды жоспарланып жүрсеңіз, #DiscoverGeorgia және #SalemGeorgia хештегтерін қолданып, алған әсеріңізбен бөлісе отырыңыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу