Әлем чемпионы өзбек шахматшысына қарсы бір жүрісті 36 минут ойланды

994

Әлемді мойындатқан екі шахматшы Женевада кездесіп, алғашқы партия тең аяқталды.

Әлем чемпионы өзбек шахматшысына қарсы бір жүрісті 36 минут ойланды Фото: chesswood.ru

Қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджу өзбекстандық шахматшы Жавохир Синдаровқа қарсы ойнады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Salesforce FIDE World Championship 2026 матчі Колоньи қаласындағы Мартин Бодмер қорының кітапханасында өтіп жатыр. Бұл кездесу классикалық шахмат тарихындағы қатысушылары ең жас әлем чемпионаты матчы ретінде тіркелді. Себебі, екі гроссмейстер де 20 жаста. Бұл – 140 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан жарыстың тарихындағы ерекше жекпе-жек.

Алғашқы партия алдында дәстүрлі символикалық жүрістер рәсімі өтті. Ақ фигуралармен алғашқы жүрісті FIDE президенті Тимур Турлов жасаса, қаралармен жауапты жүрісті федерация вице-президенті, шахматтан бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд орындады.

Айта кетейік, жарыстың жүлде қоры – 2,5 миллион доллар. Егер Жавохир Синдаров жеңіске жетсе, классикалық шахматтан әлемнің 19-чемпионы атанады. Ал Доммараджу Гукеш титулын қорғаса, әлемнің 18-чемпионы мәртебесін сақтап қалады.

Осыдан кейін шахматшылар тақтаға отырып, ойынды бастады. Бірінші кездесуде алғашқы жүрісті ақ фигуралармен Жавохир Синдаров жасады.

Жекпе-жек кезінде үндістандық гроссмейстер бір жүріске 36 минуттан астам уақыт жұмсап, қарсыласынан уақыт жағынан 52 минуттан астам артта қалды. Артынша жағдайды реттеуге тырысты. Осылайша, екі ойыншы да кезекпен позицияны қайталады. Cиндаров 38-ші жүріспен тең есеппен ойынды ресми түрде аяқтады. Матч ұпайы 0,5-0,5.

FIDE регламентіне сәйкес, матч ең көп дегенде 14 классикалық партиядан тұрады. Әлем чемпионы атану үшін қатысушылардың бірі 7,5 ұпай жинауы керек. Егер негізгі кезең 7:7 есебімен аяқталса, 12 желтоқсанға жоспарланған тай-брейкте жеңімпаз анықталады.

Матчтың екінші партиясы бүгін, 25 қарашада өтеді. Бұл жолы ақ фигуралармен Гукеш Доммараджу ойнайды.

Айта кетейік, Швейцарияның Женева қаласындағы әлем чемпионатының өтуіне Қазақстан да қолдау білдіріп отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу