Ғылым мемлекетке, қоғамға және адамға нақты пайдасын тигізуі керек – Айбек Дәдебай

409

Саланың практикалық қайтарымы өзекті күйінде қалып отырғаны айтылды.

Ғылым мемлекетке, қоғамға және адамға нақты пайдасын тигізуі керек – Айбек Дәдебай Фото: Құрылтай

Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ғылым мен бизнестің тығыз байланысына негізделуге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сәрсенбі күні Құрылтай Жоғары аудиторлық палата төрағасының ғылымды дамыту саласына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары туралы есебін қарады. 

Айбек Дәдебайдың айтуынша, соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі еседен астам артты. Ғылыми зерттеулер және әзірлемелермен шұғылданатын мамандар саны үштен бірге артты. Ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құрайды.

"Дегенмен, ғылымның практикалық қайтарымы, нәтижелілігі мен коммерциялануы мемлекет үшін өзекті күйінде қалып отыр. Аудит нәтижелері мен бүгінгі талқылау да мұны растайды. Бұл ретте, ғылым саласында белгілі бір прогрестің бар екенін көріп отырмыз. Ғылым және жоғары білім министрі бүгін қабылданып жатқан шаралар туралы толық ақпарат берді. Мемлекеттік органдар Жоғары аудит палатасы берген ұсынымдарды кезең-кезеңімен іске асыра бастады. Атап айтатын болса, ғылым саласында 3 заң, 13 нормативтік құқықтық акт қабылданды. 2025 жылы аудиторлар ескертпелерінің жартысынан астамы, ал биыл ұсынымдардың тағы 17%-ы орындалды", – деп атап өтті Құрылтай спикері.

Ол бірнеше маңызды жайтқа тоқталып өтті.

"Бірінші. Ғылымды тиімді басқару – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторы. Ғылыми саланы басқару ғылыми жобаларды сүйемелдеуге қатысты барлық процесті – ұсынымдарды дайындаудан бастап түпкілікті нәтижелерді енгізуге дейін цифрландыруды талап етеді. Екіншіден, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ғылым мен бизнестің тығыз байланысына негізделуге тиіс. Ғылыми-техникалық тапсырмаларды тұжырымдау экономика мен бизнестің нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін ескеруге тиіс. Осыған байланысты, бірлескен қызметтің нақты нәтижесіне бағытталған ынталандырушы тетіктерді жетілдіру қажет.  Үшіншіден, ғылыми қызметтің нәтижелілігіне жүргізілген мониторинг оның адамдардың өмір сүру сапасына тигізетін әсерін бағалауға тиіс. Ғылыми әзірлеменің нақты өмірлік циклін және оның экономикаға тигізетін нақты ықпалын қадағалап отыру маңызды. Атап айтқанда, технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнімдерді экспорттау қамтылады. Ал мониторингтің басты критерийі ғылыми әзірлемелердің азаматтарымыздың өмірін нақты қалай жақсартатыны болуға тиіс", – деп атап өтті Айбек Дәдебай.

Құрылтай төрағасының сөзінше, ғылым мемлекетке, қоғамға және адамға нақты пайдасын тигізуі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу