Ғылым мен өндіріс арасында байланыс нашар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2709

АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың бірден-бір жолы – саладағы жаңа инновациялық жобаларды өндіріске енгізу.

Ғылым мен өндіріс арасында байланыс нашар

"Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асқар Наметовтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда аграрлық ғылымға қатысты 600-ден астам түрлі ғылыми-техникалық жетістік бар. Ендігі міндет – оларды коммерцияландыру.

"Қазіргі уақытта 80 жоба өндіріске енгізілуге дайын тұр. Оның 16-сына түрлі бағдарламалар арқылы қаржы бөлінбек. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банк, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік секілді ұйымдардың тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуде. Жалпы, 600-ден астам жетістіктің ішінен іріктеліп алынған 80 жобаның бәрінде де бизнес-серіктес бар. Демек бұл жобалар өндіріске енгізіледі деген сөз", – деді орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан Асқар Наметов.

Асқар Наметовтың сөзінше, аграрлық ғылымның дамуына бөгет боп отырған кедергілер де жоқ емес. Оларды шешу үшін заңнамаларға өзгерістер енгізу керек. Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылымның дамуы үшін қосымша ресурс пен мүмкіндіктер қарастыруға әзір. Асқар Наметов жан-жақты көрсетілетін қолдаулардың бәрі отандық ғалымдарды ынтыландыруға тиіс деп есептейді.  

"Бізде ғылым мен өндіріс арасында байланыс нашар. Бұл бағыттағы жұмыстың қарқынын арттыру үшін арнайы сараптама жүргізілуде. Осыған байланысты аграрлық ғылымды жаңғырту картасы әзірленуде. Картаның көздегені – ғалымдардың ғылыми-техникалық жетістіктерін өндіріске енгізу және саланың негізгі басымдықтарына зерттеу жүргізу. Отандық ғылымда өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығында кеңінен қолданылатын жетістіктер де баршылық", – деді Асқар Наметов.

Орталық басшысының сөзінше, тәуелсіздік алған жылдары біздің елдің өсімдік шаруашылығында бірде-бір қазақстандық сұрып болмаған. Ал қазір барлық өңір ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық сұрыптарымен толықтай қамтамасыз етілген. Соңғы жеті жылда сұраптардың сапасын арттыру бағытында жұмыстар қолға алынуда.

"Ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлі дертпен ауыратыны жасырын емес. Біздің селекционерлер осыған төтеп бере алатын бидай сұрыптарын ойлап тапты. Алманың жекелеген түрлері бактериялық күйікпен ауырмайтын деңгейге жетті. Сондай-ақ құрғақшылыққа, жалпы табиғаттың кез келген жағдайына төзімді сұрыптарды ойлап табу, олардың өнімділігін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде еліміздің 4 млн гектар аумағына жаздық бидайдың жергілікті сұрыптары егіледі. Ал оңтүстік өңірлердегі қысқы бидай егістігінің 95 пайызына отандық сұрыптар егілуде. Қазір ауыл шаруашылығы дақылдарының 17 сұрпы ел ішінде сұранысқа ие", – деді ғалым.

Асқар Наметов атап өткендей, мал шаруашылығы саласында да ғылыми жетістіктер баршылық. Мәселен, отандық селекционерлер мал шаруашылығының жаңа желісін құрған. Аталған ғылыми жетістіктің арқасында ірі қараның сүтінің көлемі мен етінің салмағы 30 пайызға артқан. Бұл жұмыс арықарай жалғастырыла бермек.

"Өкінішке қарай, кадр мәселесі қолбайлау болып отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы гранттарды иеленген түлектердің 51 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Бұл ретте, 40 пайызы – ауыл шаруашылығында еңбек етсе, 12 пайызы алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал 37 пайызы оқу бітірген жылы түрлі себептермен жұмысқа орналаса алмайды екен. Гранттардың тиімділігін арттыру үшін сараптама жүргізудеміз. Бұл – саланы кадрлармен қамтамасыз етудегі маңызды фактор", – деді Асқар Наметов.

Ғалым мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде ауыл шаруашылығы саласын таңдайтын ауыл балаларына берілетін квота көлемін көбейтуді атады.

"Қазір квота көлемі 30 пайызды ғана құрайды. Мұны 70 пайызға дейін көтеру керек. Мектеп бітірген түлектер жоғары оқу орнына түсерде төрт мамандықты белгілейді. Олар алдымен техникалық және медициналық бағытқа көңіл бөледі де, ауыл шаруашылығын қосымша белгілей салады. Өкінішке қарай, немқұрайлық танытқан түлектер ауыл шаруашылығына оқуға түседі де, ал керісінше дәл осы салада білім алғысы келгендер гранттан қағылады. Тиімсіздіктің төркіні осында жатыр. Сондықтан ауылдықтарға берілетін квотаны 70 пайызға дейін көтеруді ұсынбақпыз немесе ауыл шаруашылығы мамандығын бітірген түлектерге ауылда жұмыс істеуді заңмен міндеттеу керек. Біздің елде мұндай жүйе медициналық, педагогикалық және ветеринарлық салаларда қолданылады. Осы жүйені ауыл шаруашылығына да пайдалану керек деген ойдамыз", – деді Асқар Наметов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу