"Халқының саны 250 ден аз елдімекендер де интернеттен шет қалмайды"

23984

Сапалы байланыс жүйесімен қамту құны 100 млн теңгеге дейін жетеді.  

"Халқының саны 250 ден аз елдімекендер де интернеттен шет қалмайды"

Қазіргі індет жайлаған уақытта көптеген компания жұмысын онлайн жүргізіп жатыр. Елдегі оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі жаңа оқу жылында қашықтан білім алатыны да белгілі. Интернет бүгінгі күні су, электр қуаты тәрізді әр үйге аса қажет екенін көрсетті.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко ауылдық және шалғай елді мекендерді интернет желісімен қамту қалай жүзеге асып жатқанынан хабардар етті.

"Бүгінгі күні 4646 елдімекенде кең жолақты интернет желісі салынды. Яғни елдегі 18,2 млн адам өмір сүретін елдімекендер интернетпен қамтамасыз етілді. Дегенмен бізге ұялы байланыс операторларымен бірге жылдың аяғына дейін 250 адамнан астам тұрғыны бар ауылдарға интернет желісін тарту тапсырылған болатын. Қазіргі кезде интернет бармаған осындай ауылдардың саны 882", – деп айтып өтті Виталий Ярошенко.

Комитет төрағасының сөзінше, осы ауылдарға интернет желісін тарту үшін екі ірі жоба жүзеге асуда.

"Бірінші, мемлекеттік-жеке меншік аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни мемлекет мектептер, ауруханалар және әкімдіктерге интернет қызметін сатып алады. Бұл жоба осы өңірлерге талшықты оптикалық байланыс (ТОБ) жүйесін тартуды ынталандырады. Жоба аясында жылдың аяғына дейін 1257 ауылда ТОБ жүйесі салынады. Қазір осы жүйені 230 ауылға тарту қалды. Нәтижесінде, 3718 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйым интернетке қол жеткізеді. Екінші жоба – биылғы жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторлары 250 адамнан астам тұрғыны бар елдімекендерді 3G немесе 4G байланысымен қамтамасыз етеді. Екі жоба қорытындысы бойынша ел тұрғындарының 97,3%-ы интернет байланысына қол жеткізеді", – деді министрлік өкілі.

Виталий Ярошенконың айтуынша, тұрғындарының саны 250-ден аз ауылдарға интернет пен мобильді байланыс жүйесі бірнеше жылдан кейін жетеді.

"Халқының саны 250 ден аз елдімекендер де интернет байланысынан шет қалмайды. Ұлттық экономика министрлігі және әкімдіктермен бірлесе отырып 250-ден аз тұрғыны бар ауылдарға талдау жасадық. Бүгінгі күні осындай 243 елдімекен таңдап алынды. Оларға да 2021-2023 жылдар арасында кең жолақты интернет желісі қол жетімді болады. Ол ауылдардың шалғайда немесе жету қиын жерлерде орналасуы себебінен интернет кейінірек барады. Жалпы байланыс операторлары үшін адам аз тұратын жерге байланыс жүйесін тарту экономикалық тұрғыда тиімсіз", – деп түсіндірді ол.

Beeline Қазақстан компаниясының Бас атқарушы директоры Евгений Насрадиннің сөзінше, жекеменшік компаниялар алдымен экономикалық табысын ойлайды. Ал шағын ауылдарды байланыс жүйесімен қамту – әлеуметтік жүктеме.

"Бір жаңа базалық станцияны салу үшін ондаған миллион теңге қажет. Ал шалғай өңірдегі биік жерді сапалы байланыс жүйесімен қамту 100 млн теңгеге дейін барады. Осындай бір базаны салу уақыты 9-12 ай. Яғни бұл ұзақ әрі қиын жұмыс. Салынған инвестицияларды ақтау уақыты 10 жылға дейін жетеді. Шағын елдімекендерде өзін-өзі ақтау уақыты 10 жылдан асып кетеді. 100-250 адам тұратын ауылдырға салынған инвестиция өзін-өзі ешқашан ақтамайды. Сол себепті, бұл жобалар мобильді оператор үшін әлеуметтік шара болып есептеледі. Біз бұған жауапкершілікпен қараймыз", – деді Бас атқарушы директор.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу