Halyk Bank пен Qazkom-ның бірігуінен не өзгереді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4818

Банктердің бірігуіне байланысты тариф саясаты қайта қаралады.

Halyk Bank пен Qazkom-ның бірігуінен не өзгереді

Halyk Bank пен Qazkom-ның бірігуі қаржы саласындағы биылғы жылдың ең ірі оқиғасы болды. Бірыңғай технологиялық платформаға ауысқан қаржы институттары банк секторының жаңа кезеңін бастап, клиенттерге бірлесіп қызмет көрсетуге көшті. Ал қарапайым адамдар Halyk Bank пен Qazkom-дағы жинақтары мен несиелерінің тағдырына сонымен қатар жүгініп жүрген қызмет сапасына алаңдай бастады.

Аbctv.kz порталының тілшілері бұған дейін бірнеше рет мәселенің мән-жайын анықтап, банк басшыларының пікірін жариялады. Осы арқылы көпшіліктің көкейіндегі күдік пен күмәнді сейілтуге тырысты.

Банктердің бірігуіне дейін Qazkom-ның клиенті болып келген азаматтар алда болатын өзгерістерге үрке қарайды екен. Олар несие рәсімдеу мен депозиттің шарты сонымен қатар басқа да талаптар өзгеріп кетеді деп қауіптенетін көрінеді. Осыған қатысты Аbctv.kz-ке Halyk Bank-тің бөлшек сауда бизнесі департаментінің басшысы Динара Аманбаева пікір білдірді.

"Бұған дейін мәлімделгендей, Halyk Bank пен Qazkom-ның бірігуі клиенттерге кері әсерін тигізбейді. Біз клиенттерге қолайсыздық туғызбаудың барлық тиімді тәсілі мен амалын қолданамыз. Qazkom клиенттерінің қарызы, депозиттегі салымы, ағымдағы және несие шоты Halyk Bank-ке бұрын бекітілген шартпен көшті. Qazkom-ның төлем карталарының қолданылу мерзімі аяқталғанша осыған дейінгі барлық шарт сақталады. Бұдан кейін Halyk Bank төлем карталарын қайта шығарады", – деді Динара Аманбаева.

Оның айтуынша, Halyk Bank пен Qazkom-ның тарифінде бұған дейін едәуір айырмашылық болған. Банктердің бірігуіне байланысты тариф саясаты қайта қаралып, қолданысқа клиенттерге ыңғайлы әрі тиімді болатын бірыңғай тариф енгізіледі.

"Қандай да бір тарифті көтеретін болсақ, клиенттер дұрыс қабылдамайтынын түсініп, қолданыстағы тиімді тарифті негізге алдық. Біз тарифтерді бірден өзгертуді, өсіруді көздемейміз. Жаңа тариф енгізуге қатысты ақпарат банктің сайтында жарияланады", – деді департамент басшысы.

Динара Аманбаеваның мәлімдеуінше, бұған дейін Qazkom ауқымды аудитория үшін жұмыс істеген ал, Halyk Bank-тің жалақыға қатысты жобасы мықты болған.

"Бұдан былай жалақы жобасына қатысушыларға жылдық мөлшерлемесі 1%-дан, ал қалған клиенттер үшін жылдық мөлшерлемесі 7%-дан басталатын кепілзатсыз қарыз қолжетімді болады. Qazkom-ның кредиттік карталарының бұрынғы мүмкіндіктері де сақталады. Бастапқыда Qazkom-ның кредиттік карталарын ұстаушыларға арналған Homebank Orange бағдарламасы Halyk Bank-тің кредиттік карталарын қолданушыларға да қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта біздің карталарымыздың әлеуеті артады. Жастарға, саяхатшыларға, зейнеткерлерге пластикалық картаның тиімді мүмкіндігі ұсынылады. Сауда орталықтары мен киім дүкендерінде, жанар-жағармай құю бекеттерінде электронды төлем жасаған клиенттерге бонус беріледі", – деді Halyk Bank өкілі.

Оның сөзінше, біріккен банктер жалақы жобасының қатысушыларына жылдық мөлшерлемесі 12,5%-дан, басқа клиенттерге 17%-дан басталатын ипотекалық қарыз береді.

"Ипотекалық қарыздың шекті мерзімі 20 жыл. Сатып алатын үйге төленетін бастапқы жарнаның ең төменгі құны жалпы соманың 20%-ы. Ипотека рәсімдеу кезінде кепілзат қойылса, бастапқы жарна талап етілмейді. Банк клиенттеріне серіктес автосалондар желісінен және отандық автоөндірушілерден жаңа көлік сатып алуға бастапқы жарнасыз автонесие рәсімдеу қызметін де реттеп қойды", – деді Динара Аманбаева.

Департамент басшысының баяндауынша, Halyk Bank пен Qazkom автоматтандырылған жүйеге басымдық береді. Бұл жерде жылдам жұмыс істеу, тез қызмет көрсету деген ұстаным болады.

"Halyk Bank пен Qazkom-ның бір-біріне жақын орналасқан кейбір бөлімшелері бірігеді, мекенжайы өзгереді. Алайда бұл Qazkom-ның  бөлімшелері жаппай жабылады деген сөз емес", – деді Динара Аманбаева.

Оның айтуынша, банк қашықтықтан қызмет көрсету мүмкіндігін арттырады.

"Алдағы уақытта клиенттер онлайн жағдайда депозит ашып, төлем картасына және несие рәсімдеуге өтінім бере алады", – деп қорытты сөзін Динара Аманбаева.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу