Халық Қайрат Нұртасты қатаң жазалауды сұрауда

17595

Пандемияда отандық эстрада жұлдыздары немен айналысып жүр?

Халық Қайрат Нұртасты қатаң жазалауды сұрауда

Ән мен би тек тоқтықта екен. Жаһанды жаман індет жайлағанда және оған ерген дағдарыс халық пен билікті етек-жеңді жинақы ұстауға мәжбүрлегенде, той бизнесі – кәсіпкерліктің ең керексіз саласына айналды.

Сонымен бірге әрбір той-томалақтан миллиондар терген жұлдыздардың да шалқыған шағы адыра қалды. Бірақ мұны түсінгісі келмейтін эстрада өкілдері мемлекеттің талабына барынша қарсыласып бағатынды, тығылып, заңсыз тойларға қатысатынды шығарды. 

"Енді Қайратты қонаққа шақырмаңдар!"

Өзі өлеңдеткендей, "қатты, қатты сағынса" керек, Қайрат Нұртас кезекті рет астыртын тойда ұсталып қалды. Бұл оқиға қазақстандық қоғамды дүр сілкінтті. Әрине, артынша елдің реакциясын мысқылдап: "Не әңгіме, не әңгіме?! Қашты дей ме?" деп мырс-мырс күле түсініктеме берген әнші "ағаларының туған күніне барғанын" алға тартып ақталды.

Халық онысына сенбеді: егер жай барса, бетін жасырып, мониторинг тобының өкілдерімен жағаласып, "қайда, қайда?" деп тұра қашпас еді. Оның үстіне іште тас бекініп алып, тексерушілерді үш сағат бойы кіргізбей қойған тойшылдардың думанын тоқтату үшін тойхананы тоқтан ажыратуға тура келген. Әйтпесе, шаттық жалғаса берер ме еді.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода Қайрат Нұртастың бет-бейнесін жасырып, тексерушілерден қашып құтылмақ болғаны байқалады. Онымен бірге қазақстандық эстраданың тағы бір өкілі Кенжебек Жанәбілов те сол тойда ұсталған.

Әрине, үш сағат бойы ішке ене алмаған мониторинг тобы әншілердің ол жерде табыс табу мақсатында жүргенін дәлелдей алмауы ықтимал. Осы уақытта фонограммаларын және басқа да айғақзаттарын жасырып үлгеруі әбден мүмкін. Сондықтан тойға қатысқан 200 қонақ қатарлы 87 мың теңге айыппұл салынған. Тек тойхана иесі ғана карантин талабын бұзғаны үшін 670 мың теңге көлемінде ірілеу жазаға тартылды.

Осының алдында Қайрат Нұртастың еліміздің басқа шетіндегі тағы бір тойда – Семейде сауық-сайран салып жатқаны айтылған видео әлеуметтік желіде тарады. Оны түсірген қонақтардың бірі тойға Қайраттың шақырылғанын растады. Дегенмен, ізінше видео жойылды. Қазіргі кезде бейнежазбаны полиция қарап жатыр. ШҚО полиция департаменті қазақстандық эстрада әншісіне қатысты материалдар жиналып, процестік шешім қабылдауы үшін Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілгенін хабарлады.   

"Той тарландарының" тайраңдауы жұртқа жақпады. Әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтар ашынысын ашық білдіруде. 

"Пандемия кезінде қаншама рет ұсталды. Бұл жолы да айыппұлмен құтыла ма? Көрнекті түрде жазалау керек: кем дегенде 30 күнге қамалсын!", – деп ұсыныс тастады Сара есімді интернет пайдаланушы.

"Бұл әншісымақтарды қоғамдық жұмыстарға жегу керек. Қолына сыпыртқы мен күрек ұстатып, көше тазалатуға жіберсін. Сонысы әлдеқайда пайдалырақ болады", – дейді тағы бірі.

"Өзгелер аяғын аңдап басуы үшін мұндайларды барынша жазалау керек. Әйтпесе, әнші келеді екен деп тойға ағылатындар легі тоқтамайды. Салдарынан біз біресе сары, біресе қызыл аймаққа кіріп, шетсіз-шексіз сенделумен боламыз. Жын-ойнақтарға қатысатын әртістердің атын атап, "қара тізімін" жариялау керек. Індетті таратуға кімдердің үлес қосып жүргенін ел білсін", – деді келесі пікір білдіруші.

"Қайрат, абыройыңды аймандай ете бермесей елдің алдында. Немене сонша, әкетіп барады сендерді! Алматыда коронавирус жұқтырғандар күн сайын көбеюде. Жүздеген науқас осындай той-томалақ кесірінен ауруханаларда ауыр халде жатыр. Індет кезіндегі не думан бұл?! Ақшаның буына мас болып жүрсіңдер сендер!" – дейді азаматтардың бірі ашу-ызасын жасырмай.

"Есікті аш, шығып кетем десе, зорлап ұстай ма? Үш сағат бойы тығылған, жасыратыны болғаны ғой. Сонша қор болудың қажеті қанша, Қайрат? Заң бұздың екен, еркекше мойында, айыппұл төле, табынушыларыңнан кешірім сұра!", – дейді Әділ.

Пікір білдірушілердің бірі "Қайрат жүрген тойларды тексерушілер тоқтататынын" әзіл-шыны аралас ескертіп қойды: "Оны шақырмаса, тойды тып-тыныш қана өткізіп жіберер еді. Бәрі де өткізіп жатыр ғой. Мониторинг топтары Қайраттың ізін басып, аңдып жүрмесін. Шақырмаңдар оны қонаққа!" – деп әзілдеді ол.

Биліктің әншілерге қылар қайраны жоқ

Сарапшылар карантинді бұзып, мемлекетке қарсы әрекет ететін әншілерге Мәдениет және спорт министрлігінің еш ықпал ете алмайтынына назар аудартады.

"Өткен жылы "Мәдениет туралы" заңына түзету енгізген жаңа заң қабылданғанда, депутаттар фонограммаға тыйым салуды ұсынды. Оған Мәдениет министрлігінің өзі қарсы болды. Сондай-ақ әрбір әншінің қызметін лицензиялау туралы ұсыныс айтылды. Оны да министрлік қабылдамады. Әйтпесе, көрші Өзбекстанда "Узбекнаво" эстрадалық бірлестігі 2015 жылдан бері жанды дауыспен ән шырқай алмайтын әншілерге лицензия беруге тыйым салды. Бұл бірлестік заң бұзған әншілерден лицензиясын тартып алады. Ал лицензиясы жоқ әртіс өнер көрсете алмайды. Бізде эстрада жұлдыздарына әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Нағыз көлеңкелі бизнес сонда жатыр", – дейді заңгер Қайрат Есілжан.

Жалпы, Қазақстанда әншісі, бишісі, сиқыршысы, тамадашысы, шоумені және басқасы бар, "өнер, көңіл көтеру және демалыс" саласында ақпараттық жүйеде барлығы 6 мың 620 жеке кәсіпкер тіркелген екен. Олардың жартысына жуығы қызметін "уақытша тоқтатқан", салық аударуды доғарған. Тағы қанша мыңы мүлдем тіркелмей, бір тиын салық төлемей табыс тауып жүргені беймәлім.

Елді сүйсінткендер мен күрсінткендер

Пандемия өршіп, тойханалардың жабылуы қазақ эстрадасында "кімнің кім" екенін көрсетті. Халық мысалы, қазақ өнері мен мәдениетін әлемге паш етіп, қайырымдылыққа мол ақша бөлген Димаш, Иманбек секілді өнер жұлдыздарының қадамына сүйсінеді, оларға құрмет білдіреді, алғысқа толы пікірлер айтады.

Әнші Сәкен Майғазиев карантин кезінде қымыз кәсібін қолға алып, коронавируспен күреске қал-қадари үлес қосты. 2020 жылғы тамызда ол күрестің алдыңғы шебіндегі ақ халатты абзал жандардың денсаулығын демеу үшін 3 ауруханаға 1 тонна қымызды таратыпты. COVID-19 індетін жұқтырып, үш апта ауырған әнші өзін құлан-таза айықтырған дәрігерлерге осылай алғысын білдірген көрінеді.

Сонымен бірге, қара басының қамы үшін бұқара мен мемлекет мүддесін аяқасты етуге дайын жұлдыздар әшкереленуде. Мысалы, Айқын Төлепберген, Арман Қоңыр, Бағлан Әбдірайымов, Артур Толепов, Елдос Калабок, Қанат Алжапбаров, Бота Балабекова секілді әнші-әртістер "Гарант 24 Ломбард", "Estate Ломбард" қаржы пирамидаларын насихаттап, елді адастырды. Құқық қорғау органдары оларды қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін жауапқа тартуға уәде еткен. Бірақ одан нәтиже шығармады.

Жұлдыздардың бір тобы 42 500 теңге әлеуметтік төлемге өтініш беріп, тұрмысы төмен отбасыларға арналған игілікке ортақтаспақ болды.  "Еуразия бірінші арнасының" дерегінше, 42,5 мың теңгеге өтінім берген әртістердің арасында танымал әншілер Қарақат Әбілдина, Бағлан Әбдірайымов, Серікбол Сайлаубек, Дидар Кәден, сазгер Сара Жүнісбек, актер Дәурен Айдарқұлов, "Алашұлы" тобының бұрынғы мүшесі Әзімбек Байлин және олардың басқа да әріптестері болған. Мұны халық "шын мұқтаж адамның қазанына қол салу" деп бағалады. Ел бұрынғы жылдары миллиондап ақша шашып, үлде мен бүлдеге оранған әншілердің карантинде кенет ақшасыз қалғанына сенбеді.

Пандемия заманында ақша табам деп, оғаш қылыққа барған жұлдыздар жетерлік. Мысалы, "МузАрт" тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов "Элит" шоколадына жарнама жасау үшін жалаңаштанды. Тыр жалаңаш дерлік күйде Instagram арқылы жұрт алдына шыққан ол осылайша "тәттінің суық күнде тоңдырмайтынын" жеткізбек болыпты. Оның бұл сықпытын көрген жұрт бет шымшыды. Кенжебек жандәрмен ол суретін парақшасынан өшіріп тастады.

Алтынай Жорабаева, Абай Бегей, "Алдараспан" əзіл-сықақ театрының әртісі Нұржан Төлендиев және басқалары карантинге қарамастан, тойларда ән салуды бастап кеткендер арасынан табылды.

Ал әнші Ернар Айдар, Кәмшат Жолдыбаевалар Instagram-да кең жайылған "гив" ойнатамын, ұтыс жасатамын деп, басы бәлеге қалды.

Әлемде де, Қазақстанда да ковид-індеттің бетін қайтаруға тиісті вакцинациялау баяу, бәсең жүруде. Демек, пандемия мен карантин шаралары келесі жылға дейін жалғасуы мүмкін. Егер жиын-тойларға ары қарай тыйым салына берсе, той бизнесінің сау-тамтығы қалмайын деп тұр. Ендеше эстарада өкілдері басқа да тосын "рөлдерде" көзге түсіп қалуы мүмкін. Пандемия біраз жұлдыздың бетпердесін сыпырғалы тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу