"Халық кеңесі" Қазақстанда сепаратизм бас көтере бастады ма

2737

Кешелі бері Қазақстан қоғамында, әлеуметтік желілерде "Петоропавлдан тарады" деген бір видео қызу талқыланып жатыр. 

"Халық кеңесі" Қазақстанда сепаратизм бас көтере бастады ма

 

 

Видеода бір топ адам Қазақстаннан "тәуелсізбіз" деп мәлімдеме жасап, Халық кеңесі құрылғанын жариялайды. Олар Қазақстан Республикасын "корпорация" деп атап, оның құқықтық негіздерін жоққа шығарады.

Олар, шынында да, Петропавл тұрғындары ма? Мұндай қозғалыстар Қазақстанның басқа өңірлерінде де қылаң бергені қалай? Іnbusiness.kz тілшісі мәселеге үңіліп көрді.

Алдымен видео жайлы...

Петропавлдың белсенділері деп аталған бір топ адам Қазақстаннан тәуелсіздік алғандарын жариялаған.

"Біз Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының жұмыс істейтін еркін тұрғындары, ерлер мен әйелдер Қазақстан Республикасы корпорациясының жалған заңдық негізде өмір сүруге қолайсыз жағдайлардың туындауына байланысты, сондай-ақ оның агенттерінің дәрменсіздігі мен абыройсыздығына байланысты біз өзіміздің мүлкіміз бен ресурстарымызды басқару жүйесінің барлық құрылтайшылары мен қызметкерлеріне толық сенімсіздік жариялаймыз. Біз өзімізді тәуелсіз және егемен деп жариялаймыз",– деді топ мүшесі желіде жарияланған видеода.

Видеоның шынында да Петропавлдан тарады ма? Ол жайлы әзірге ресми органдардан ақпарат ала алмай отырмыз. Себебі бұған дейін ҚазТАГ агенттігі осы жайтқа байланысты Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғағанын жазған. Алайда біз департаменттің баспасөз хатшысына хабарласқанымызда "бұл істі біз қарап жатқан жоқпыз" деген жауап алдық.

Олар кімдер?

Блогер Ілияс Мыңжасаров кешелі әлеуметтік желілерде өздерін "Халық кеңесі" деп атап жүргендерді зерттегенін жазады. Сөзінше, мұндай кеңес Өскемен қаласында да бар екен. Инстаграм парақшасына қарағанда, олар бір уақытта 18 және 19 ақпанда қозғалысын жандандырған.

"Олардың телеграм-чаттарына да кірдім. Сөйтсем ол ұзақ уақыттан бері жұмыс істейді екен. COVID шыққалы бері. Ол жерде бұрын антиваксерлер топтасқан. Кейін 2022 жылдың 10 наурызында олар үнсіз қалып, бір жылдан кейін қайта жандана бастаған. Бұл бір кезеңдік қозғалыс емес. Ұйымдасқан: аяқ астынан белсенді болу, контентінің үлкен көлемі, заңнамаға "анализ жасау", логотип дизайны. Мұның бәрін жасау үшін көп ақша мен ресурс кеткені анық", - дейді ол.

Ол осындай кеңестер Қазақстанның басқа өңірлерінде бар деуге болатынын атап өтеді. Әзірге тек ШҚО мен СҚО-дан тапқан.

"Біздің органдарға, әсіресе, шекаралас аймақтардағы органдарға жіті болған абзал. Телеграм-чаттарға мониторинг жасап көріңіздер. Осы ковид-диссиденттердің көшбасшылары жай ғана романтик-энтузиаст емес. Сол Исенова ресейшіл постарды жазғаны белгілі. Соғыс басталғаннан кейін Беркут та сол сипатта жазба жариялап кеткен. Олар "Ресейдің күшті екенін" жазысатын. Дәл қазір антивваксерлер ресейшіл болғанын болжауға болады. Бәрін тексеру керек. Осындай чаттар мен каналдар "ЛХР" мен "ДХР"-да бар. Ешкімді қорқытқым келмейді, бірақ сақ болған жөн", – деп ескертеді ол.

"ДХР"-дағы "халық кеңесі"

2014 жылдың 6 сәуірінде Ресей азаматтарының қолдауымен Украинаның Донецк облысындағы ресейшіл тұрғындары мемлекеттік ғимараттарды, құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алып, 7 сәуірде "жас республикалардың" парламентін құрған. Сол күні "ДХР"-да халық кеңесі құрылған. Сол кеңеске облыстың тұрғындары кірген.

Бастапқыда, 2014 жылдың 14 мамырына дейін кеңес жұмысының нақты жобасы болмаған. Кейін аталған органның жұмысы керек кездегі бағытқа бұрылып, қабылданған шешімдерді тіркеу, аппараттық қамтамасыз ету, құжаттарды әзірлеу жұмысымен айналысқан. Кейін бұл ұйым оккупацияланған өңірдің бүкіл саяси және қоғамдық жұмысына араласып кеткен.

Әзірге Қазақстанның ресми органдары бұл видео жайлы ешбір ақпарат таратқан жоқ. Үнсіздік күмәнді күшейте түседі.  Қазақстанда сепаратизм бас көтере бастады ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу