Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов жаңа саяси институт Құрылтай немесе Сенаттың қызметін қайталамайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Маған артылған сенім үшін қуаныштымын. Бұл жаңа саяси институт. Үш рет депутат болдым, тәжірибем бар. Парламентте жүрген кезімде барлық ойымды айтуға мүмкіндік болды. Мен оны толығымен пайдаландым, айтатын жерде айттым, шығаратын заңды шығардық. Халық кеңесінде бюрократия, шектеулер жоқ, ашық пікірлер айтуға болады. Ол мүмкіндікті қолымнан келгенше халықтың мүддесі үшін пайдаланамын деп ойлаймын", – деді Мұрат Әбенов тілшілердің сауалына берген жауабында.
Тілшілер "Халық Кеңесі Құрылтай немесе Сенаттың қызметін қайталамай ма?" деп сұрады.
"Жоқ, бұл жерде шамалы форматы басқаша. Ол қайталамайды. Қарасаңыздар, кеңестің реттілігі басқаша: бір жағынан заң шығаруға мүмкіндігі бар, екінші жағынан Үкіметке де, Парламентке де, Құрылтайға да ұсыныс беруіне мүмкіндіктері бар. Әрине, бұл жаңа институт болған соң жұмысын бастап кетейін дегенше уақыт бар. Мен тізімді көрдім. Өте мықты азаматтар бар. Менімен бірге Парламентте жұмыс істеген азаматтар отыр. Меніңше, олар да босқа келген жоқ, халықтың айтып жүрген мәселесін көтеремін деп келіп отыр", – деп атап өтті спикер Халық Кеңесінің бірінші сессиясының кулуарында.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы қашан өтетінін жазғанбыз.