"Халық" қоры мен Халықаралық туризм және меймандостық университеті волонтерлық қызметті дамыту туралы меморандумға қол қойды

2272

Бүгінде Қазақстанда 680 волонтерлік ұйым жұмыс істейді, ал елдегі волонтерлер саны 200 мың адамға жетті. 

"Халық" қоры мен Халықаралық туризм және меймандостық университеті волонтерлық қызметті дамыту туралы меморандумға қол қойды Фото: "Халық" фонды

12 наурызда Түркістан қаласында "Халық" қайырымдылық қоры мен "Халықаралық туризм және меймандостық университеті" КЕАҚ арасында Волонтерлік қызметті дамыту туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүкіл әлем бойынша волонтерлік қозғалыстың қозғаушы күштерінің бірі студенттер екені мәлім, осыған байланысты Қор мен университет ынтымақтастығының негізгі мақсаты студенттік қоғамдастықты волонтерлік қызметке жан-жақты тарту болып табылады.

"Әр университеттің миссиясы – қоғам өміріне қатысу, қоғамға көмек көрсету. Бүгін университет пен "Халық" қайырымдылық қоры арасында меморандумға қол қойдық, ондағы ортақ мақсатымыз - студент жастарды қолдау, атап айтар болсақ, әлеуметтік дамуға, жалпы болашақта Қазақстанда волонтерлік сынды қоғамдық институтының дамуына қатысты кейбір жоспарларды іске асыратын еріктілерді қолдау. Сондықтан осы жылдың соңына дейін екі жақтан да жұмыс топтарын құрып, нақты жоспарлар мен міндеттерді іске асыруды жоспарлап отырмыз. Түркістан облысында халық тығыз орналасқан, біздің облыста 188 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұрады. Әлбетте, осы отбасыларда тәрбиленіп жатқан балалардың кейбірі біздің унивеситетте білім алып жатыр. Сондықтан "Халық" қоры мен біздің университеттің бірлесіп атқаратын жұмысы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына жан-жақты әрі атаулы қолдау көрсетуге, оның ішінде жастардың жобалары мен бастамаларын іске асыруға бағытталмақ", - деп атап өтті "Халықаралық туризм және меймандостық университеті" КЕАҚ-ның  Басқарма төрағасы, университет ректоры Әлібек Шоқпаров.

Бүгінде Қазақстанда 680 волонтерлік ұйым жұмыс істейді, ал елдегі волонтерлер саны 200 мың адамға жетті. Мұны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде айтып өткен болатын.

"Біз жыл сайын 5-7 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетеміз, бұл көмек көрсету түріне мұқтаж азаматтарға қайырымдылық азық-түлік себеттерін тарату да кіреді. Волонтерлердің қызметі осы қайырымдылық істің  ажырамас бөлігі, олар ақысыз түрде қолдау көрсетуге әзір, азық-түлік себеттерін таратуға, себеттерді жинақтауға, халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істеуге атсалысуда. Ал бұл топқа біз көп балалы аналарды да, зейнеткерлерді де, жалғыз тұратын қарттарды да жатқызамыз", - деді "Халық" қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, Қор волонтерлерді дайындау, жекелеген әлеуметтік жобаларды іріктеу және сапалы қолдау көрсету, басымдықтарды анықтау бойынша университетпен тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде бірлесіп атқарылған іс Қорға да, университетке де, қала мен облысқа да, жалпы қоғамға да пайдасын тигізері хақ.

"Қайырымдылық қор игі істерді, игі іс-шараларды қашанда қолдайды және осы жобаларды іске асыруға, азық-түлік себеттерін таратуға, қайырымдылық акцияларын өткізуде бізбен қатар жүретін осы волонтерлер. Университетпен бүгін "Халық" қорының алдағы жобаларында бірлесіп жұмыс істейтін еріктілерді дайындау туралы меморандумға қол қойдық. Туризм университетімен бірлесе атқарар жұмыстың ауқымы кең  болады деген сенімдеміз, өйткені Қазақстанның барлық өңірлеріне қарағанда Түркістан облысында халық өте тығыз қоныстанған. Мұнда екі миллионнан астам адам тұрады, сондықтан осы өңірде университет базасында құрылатын волонтерлік қозғалысының және "Халық" қайырымдылық қорының  рөлі ерекше болмақ", - деп атап өтті "Халық" қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

"Халық" жеке қайырымдылық қоры 2016 жылы құрылғаннан бері қазақстандықтарға тұрақты түрде қайрымдылық көмек көрсетуде. Қордың қамқоршылары – Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева. "Халық" қоры 2016 жылдан бергі аралықта 50 миллиард теңгеден астам сомаға қайырымдылық жобаларын, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және білім беру жобаларын іске асырған.

"Халықаралық туризм және меймандостық университеті" КЕАҚ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. 2021 жылдың желтоқсанында университет Дүниежүзілік туристік ұйымның (United Nations World Tourism Organization) мүшесі ретінде бекітілген еліміздегі алғашқы жоғары оқу орны. Университеттің миссиясы - қызмет көрсету саласы үшін Қазақстанның бірегейлігін нақты түсінетін және өз елін әлемдік деңгейде танымал етуге өмірін арнауға дайын мамандарды дайындау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу