Халық несиені айфон үшін емес, күнкөріс үшін алады

2802

Бұл туралы “Publicy research center” директоры, экономист Меруерт Махмұтова "Atameken Business" телеарнасындағы "Түскі формат" бағдарламасында айтты. 

Халық несиені айфон үшін емес, күнкөріс үшін алады Фото: Youtube

Меруерт Махмұтова жаңа құрылған Үкімет алдында тұрған міндеттемелерге тоқтала келе, экономикалық мәселелерден туындаған әлеуметтік проблемаларды шешуге баса назар аудару керектігін алға тартты. Ресми деректерде көрсетілген оң көрсеткіштерге мәз болмай, шындыққа мойын бұруға шақырды.

"Өз ауруын мойындамаған, сол дерттен өледі" дейді, ал Үкімет кедейшілікті мүлдем мойындар емес. Қазақстандағы кедейлік деңгейін 4-5% дейді, ал шындап келгенде оның көрсеткіші Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша 15%-ға таяды. Оның себебі біздегі статистикалық бағалау шынайы жағдайдың көрінісі бола алмай отыр", - деді маман.

Оның айтуынша, ресми дерек халықтың нақты өмір сүру деңгейіне тең келу керек. Жоғарыда айтылған банктің мәліметтеріне сәйкес, күнделікті күнкөрісіне жұмсалатын қаражаты $5,5 аспайтындар - "кедей" деп айтылады, ал бізде кедейлік деңгейі $1-дан бастап есептеледі, сондықтан күнделікті күнкөріс статистикасын өзгертіп, біздің азаматтарға күнделікті қанша қаражат керегін нақты анықтау керек.

"Біреулер өндірісті дамыту керек дейді, бірақ өндіріс бір күннің әлегі емес. Бірінші қадам ретінде күнкөріс пен кедейшілік деңгейін анықтап алған жөн", - деп түсіндірді М.Махмұтова.

Келесі бір мәселе - ең төменгі жалақы мөлшері. Қазір ең төменгі жалақы - 70 мың теңге десек, маман оның көрсеткіші 100 мың теңгеден кем болмауы керек деп есептейді. 

"Биыл осы бағытта біраз өзгерістер орын алды, мәселен, өткенде талқыланған - азаматтардың өздерін банкрот жариялауына мүмкіндік берілуін айтуға болады. Барлығы айналып келген кезде әлеуметтік мәселелерге келіп тіреледі. Тұтынушы несиені айфон сынды қалта көтермейтін дүниелерге емес, кәдімгі күнкөріс үшін алады", - деді экономист.

Қазір жеке тұлғалардың қарызы 14 трлн-нан асып отыр. Егер осы адамдардың барлығы "банкрот" деп танылса, олар 5 жыл ішінде мүлдем қарыз ала алмайды. Ал несие ала алмаған адам - көлеңкелі экономиканың қозғаушы күші. Қарапайым тілмен айтқанда бір-бірінен қарыз алу көбейеді. 

"Сондықтан жаңа Үкімет ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайына назар аударғаны дұрыс, ал ол үшін шындықтан жалтармау керек. Басқа статистика көрсеткіштерін айтудың өзі артық болар, бірінші осыларды реттеп алайық", - деп түйіндеді маман.

Экономиканың жыртығын жамайтындар кімдер?

Меруерт Махмұтова өткен жылы Дүниежүзілік Банкке Public financial management professional development деп аталатын Қазақстанға қатысты зерттеу өткізген. Онда қаржы мамандарының алдында қандай міндеттер тұр, оны орындау үшін қандай білім керек екені егжей-тегжейлі айтылған. Зерттеу кезінде осы саладағы әр позицияға (департамент, басқарма басшылары, қаржыгерлер) міндеттері мен оны орындау құралдары анықталғаны, тек Қаржы министрлігіне қатысты ештеңе айтылмағаны белгілі болды. 

"Байқап отырсам, бізде кім болса соны министр етіп тағайындайды. Ал олардың қызмет жолына шолу жасасақ, еш тәжірибелері жоқ екенін түсінеміз - бір кабинеттен екіншісіне қағаз тасығаннан басқа бітірген шаруалары жоқ. Қолдарына қаламнан ауыр дүние ұстамаған, өндірісті өз көзімен көрмеген, бизнестің не екенін білмейтіндер, қала сыртындағы өмірден бейхабар адамдар отыр", - деді М. Махмұтова.

Сондықтан, спикер билік басына жастар келгені дұрыс, бірақ олар да белігілі бір тәжірибе жинау үшін ауыл мектебінен өту керек деп санайды. 

"Бәз біреулер Президенттік кадрлық резервтегі жастарды билікке жіберу керек деп санайды, менің ойымша, оларды алдымен ауылдарға жіберу керек. Ауыл әкімі болып бастап көрсін, сонда ғана экономиканың ең төменгі деңгейінде бюджет қалай жиналатынын өз көзімен көріп, біліп танысады. Содан кейін ғана Министрлік деңгейіне бет бұрса болар", - деді М.Махмұтова.

Сөз соңында маман халық тағдыры мен болашағы үшін жауапкершілік көпшілік дауыс жинаған "Amanat" партиясына артылатынын атап өтті.

"Бүкіл Үкіметті Парламент қабылдайды десек, қазір жауапкершіліктің жүгі ең көп дауыс жинаған "Amanat" партиясына артылады. Егер жаңа тағайындалған Премьер-Министр Ә.Смайылов өз міндеттері мен халық алдындағы уәделерін орындай алмай, отставкаға кетер болса, оған тек "Amanat" партиясы жауапты болады. Әр министр өзінің мақсаттары мен міндеттерін тиянақтап, бағдарламасын қорғағаннан кейін ғана тағайындалуы керек", - деп түйіндеді маман. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу