Халық Pfizer ектіргісі келсе де, билік Қытай вакцинасын тасып әлек

3692

Дәл осындай уәж сұрақ ретінде бүгін Орталық коммуникациялар алаңында журналистер тарапынан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне қойылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.  

Халық Pfizer ектіргісі келсе де, билік Қытай вакцинасын тасып әлек

ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында Qazaq Times редакциясының тілшісі Асан Анарбайұлы бұл сұрақты министрліктің өкілдеріне жолдады.

"Не себепті қазақстандықтардың Pfizer екпесіне сұранысы жоғары бола тұра ешкім сұрамаған әрі ешкім білмейтін қытайлық тиімділігі төмен вакцина сатылып алынып отыр. Бұл шешімді нақты кім қабылдайды? Арнайы мониторинг жүргізіліп, халықтың сұрауы ескерілді ме? Pfizer вакцинасына табылмаған қаражат қалайша бәріне бейтаныс әрі мамыр айында ғана сынақтан өткен қытайлық екпеге табыла қалды?" - деп сұрады журналист.

Асан Анарбайұлы айтып отырған вакцина Бейжіңнен кеше ғана Алматыға жеткізілген Vero Сell екпесі болып отыр. Air Astana әуе компаниясы екі рейспен аталмыш вакцинаның 1 млн дозасын жеткізген болатын.

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Марал Рахымжанова бұл сұраққа былайша жауап берді:

"Pfizer екпесіне тұтынушылық сұраныс өте жоғары. Осыған байланысты өндірістің өзі шексіз емес екенін түсіну керек. Ең бірінші кезекте, әлбетте, барлық мемлекеттер екпе ала бастаған кезде вакцинаның бұл түрі өндірілген елдерге таратылды. Екінші кезекте Еуропалық одақ елдеріне түсті. Содан кейін ғана Мемлекет басшысы келіссөздерге өзі қатысқаннан кейін біздің елге әкелу туралы шешім қабылданды. Біз Pfizer екпесінен бас тартқан жоқпыз. Тек дәл сол уақытта Pfizer екпесі көптеген мемлекет үшін қолжетімсіз болды".

Әйтсе де шенеуніктің бұл жауабы Президенттің сөзімен сәйкеспейтіні белгілі болып қалды. Осы жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың өзінде Pfizer компаниясы Қазақстанға арнайы бөлген 2 млн дозаның белгісіз себептермен елге жеткізілмей қалғанын сынға алған болатын.

"Келісімге сәйкес, 2 мамырда Қазақстанға Pfizer вакцинасының 2 млн дозасын жеткізуіміз керек еді. Үкімет орындалмаған осы жұмысты Pfizer компаниясы қойған бірқатар талаптан көріп отыр. Ал шынтуайтында бұл талаптар вакцина сатып алатын мемлекеттердің бәріне ортақ", - деген еді Президент.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу