Халық үкіметтің жәрдеміне үйреніп қалған – сарапшы

3156

Азаматтар билік айтқандай "масыл" ма?

Халық үкіметтің жәрдеміне үйреніп қалған – сарапшы Фото: ortalyq.kz

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылдың ІІ тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,1 пайыз болған. Бұл кедейшілік шегінде 1 млн-нан астам отандасымыз өмір сүріп жатыр деген сөз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 500 мыңнан астам қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмек көрсету жүйесін сынға алып, қоғамда масылдық психологияға жол бердік деп айтты. Жалпы елімізде бұл мәселенің көтерілгеніне бірінші жыл емес. Осыған дейін Мемлекет басшысы 2021 жылы Қазақстан халқына Жолдауында "қоғамда әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып жатқанын" баса айтқан болатын.

"Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар "мемлекеттен ала берсем" деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады", - деді Президент.

2022 жылы қазан айының басында Павлодар облысына жасаған сапарында да Қасым-Жомарт Тоқаев елді масылдық психологиядан арылуға шақырды. Биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл тақырыпты тағы қайталағанына қарағанда, халыққа әлеуметтік қолдаудың жаңа кешенді үлгісі қажет деуге болады.

"Біздің халық үкіметтің жәрдеміне үйреніп қалған. Бұл Кеңес дәуірінен басталған дүние. Одан кейін биліктегілер әрбір сөзінде "халық үшін" деп айта береді, содан халық "бізге үкімет бәрін даярлап беруі керек екен" деп ойлайды. 2019 жылы несие төлеу мерзімін кешіктіріп жүрген азаматтарға 300 мың теңгеден несие бердік. Бұл дұрыс болмады, оған экономистер мен қаржыгерлер қарсы еді. Мәселен, біреуі несиесін төлеп жүреді, төлемеген екінші адамның несиесі кешірілді. Төлеген адамда "енді несиені төлемесем болады екен" деген ой пайда болды. Екіншіден, 2021 жылы зейнетақы қорынан 3,5 трлн теңге көбірек ақшасы барларға тұрғын үй жағдайын жақсартуға, денсаулығына деп берілді. Бұл дәулетті азаматтарды қолдап, қуаттайтын бір масылдық болды", - деді экономист Сапарбай Жобаев.

Сарапшы әлеуметтік көмек білім, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік қорғау салаларымен байланысты екенін атап өтті.

"2000 жылдарда Ұлттық қорымызда ақша пайда болды. Сол кезде баспана кезегіне жетімдер, көпбалалы аналар, қандастар ғана емес, әкімшілікте істейтіндер мен бюджеттен қаржыландырылатындар да қойылды. Бұл әлеуметтік бағдарламалардың маңызын жоғалтты. Әкімдіктегілер немесе министрліктер сияқты бюджеттен қаржыландырылатындар бізде қайта ең дәулетті адамдар. Осылайша, өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандар сыртта қалады да, министрліктерде, әкімдіктерде, квазимемлекеттік кәсіпорындарда істейтіндерге жәрдем береді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Қазір 600 мыңнан астам адам кезекте тұр. Солардың ішінде тек мұқтаж адамдарды ғана кезекте қалдыру керек еді" , - деп жалғастырды ол.

Сапарбай Жобаевтан халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісі қандай болуы керегін сұрадық. Спикер жаңадан Әлеуметтік Кодекс қабылданғанын еске салды.

"Онда көп дүние жазылған. Мемлекеттің өзі кімге, қандай жағдайда көмек керегін өзі анықтап беру керек. Ол үшін бюджеттің табыстық жағын толтыруымыз керек. Бүгінде бюджетіміздің бар болғаны 60-65 пайызы ғана салықтан түсуде, қалғанын Ұлттық қордан тартып жатырмыз. Соны тоқтату керек. Бұдан басқа мемлекеттік бағдарламалар орындалу керек. Оның ішінде жол, мектеп, көпір салу бар. Ең төменгі тұтыну себетін 43 мың теңге емес, 50-60 мың теңгеге, ал жәрдем беретін ең кіші соманы 28 мың теңгеден 35-40 мың теңгеге жеткізуіміз керек", - деді экономист.

Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Билік биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы 57 853 теңгеге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгеге, ал базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңгеге жеткенін хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу