banner

Халықаралық беделден халықтың қамы қымбат

3387

Шарықтаған тарифті құрықтау үшін Үкімет кезінде республиканың жаһандық рейтингін жақсарту мақсатында жойылған құзырын қайтармақ ниетте.  

Халықаралық беделден халықтың қамы қымбат

Жаңа тетік коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсімін тежеуге ықпал етуге тиіс, деп жазады Inbusiness.kz.  

Тарифтер елді тақырға отырғызды

Елімізде коммуналдық қызметтердің құны ұдайы өсіп келеді. Пандемия басталғанда билік оларды тіпті азайтуға талап қылып көрді. Алайда өткен жылдың соңғы тоқсанында бұл тарифтер 2,8%-ға одан ары өскен. Биылғы жылы үрдіс жалғасып, І тоқсанда комқызметтер орта есеппен 1,7%-ға өсті. ІІ тоқсанда жылдық шамада жалпы алғанда 5,4%-ға қымбаттаған. Ең көп өскені суық су тарифі – 5,7%. Газ құны 0,9%, қоқыс шығару – 15,8%, домофон – 3,3%, тұрғын үйлерге қызмет көрсету (МИБ, ПИК) қызметтері 7,3%-ға өсіпті.

Бұл қымбатшылықты халық ауырсына қабылдады. Алматы қаласының тұрғыны Дінмұхаммед Әділханұлы қыркүйек айында келген түбіртектегі сома едәуір өсіп кеткенін байқапты.

"Биылғы тамыз айындағы коммуналдық қызметтер үшін 23 мың теңгеден астам төлем келді. Соның ішінде 6,4 мыңы – ыстық суға, 6 мыңнан астамы – газға қатысты. Бұл алдыңғы айлардағыдан біршама қымбат. Тек осылар ғана емес, суық су және су бұру қызметтерінің құны да елеулі түрде өскен. Билік коммуналдық қызметтердің халықтан қанша ақша талап етіп жатқанынан хабардар ма? Білсе, неге қимылдамайды?" – деп қайран қалады ол.

Қынжылтатын, тарифтердің көтерілгенмен, сапа көтерілмейді. Елорда іргесіндегі Көкшетау екі күнге сусыз қалды. Оның тұрғындары электр бағасының шарықтап бара жатқанына алаңдаулы.

"Әсіресе, электр энергиясының құны халықтың қабырғасына батады. Ай сайын тек сол үшін 7 мың теңге төлеу қиын. Үйде тек бойлер, тоңазытқыш қана тұрақты қосылып тұрады. Бір бөлмедегі шамды аз уақытқа жағамын. Кейде ұялы телефонды қуаттандырамын. Теледидар көруді қойдым, ескі болғандықтан тоқты тым көп жейді. Оны қосқанда, айына электр үшін 9 мың теңгедей төлем келетін", – дейді көкшетаулық Рәбиға апай.

Салаға жауапты мемлекеттік орган – Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Жалғасбаев еліміздің кейбір өңірінде, соның ішінде Көкшетауда да тариф көтерілгенін жасырмады.

"Бізге "Кокшетау Энерго Центр" ЖШС ақырғы тұтынушыдан алынатын тарифті жоғарылатуға өтініш ұсынды. Сондықтан электр энергиясын бөлшек сату қызметінің қолданыстағы тарифтері қайта қаралды. Себебі Энергетика министрінің 2021 жылғы 30 наурыздағы бұйрығымен электр өндіруші станциялар жіберетін энергияның шекті бағасы өсті. Осыған орай жаңа тариф биылғы 1 маусымда күшіне енді. Орташа алғанда өсім 12% болды. Сараланған тарифке сәйкес, отбасыдағы 1 адамға шаққанда айына 190 кВт/сағаттан көп тұтынылса, тариф әр киловатт үшін 26,91 теңгені құрайды", – деді ол.

Елде иесіз электр желілері жетерлік

Тараз қаласының тұрғыны, 7 баланың әкесі Сәбит Түгелбайдың комқызметтер сапасына көңілі толмайды.

"Он жылдан бері біздің үйде де, көршілерімде де жарық жоқтың қасы. Яғни, тоқ өте аз келеді. Шамның өзі әзер сығыраяды. Бұл проблеманы телеарналар талай көрсетті. Еш шара қолданылмады. Тоңазытқыш, кіржуғыш және басқа тұрмыстық техникалар күйіп кетеді", – дейді ол.

Тұрғындардың шағымына байланысты биыл Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаментінің бөлім басшысы Т.Жұманқұл, Тараз әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Қ.Демитбаев, "Жамбыл электр жүйесі" (ЖЭС) ЖШС бас инженерінің орынбасары А.Азимов, әуе желілері қызметінің басшысы Ж.Ордабаев кірген делегация келіп, осы үйлер қосылған электр желісінің техникалық жағдайын тексерді. Сонымен тынған. Проблема шешілмеді. Энергетика министрлігі тұрғындардың қуат көзіне өз бетімен қосылғанын айтады.

"Ол үйлердегі кернеуі 6/0,4кВ. №729 қосалқы трансформаторлық станциясының "Саудакент" фидерінен шығатын 0,4 кВ электр желілеріне қосылған. Бұл электр желілері әкімдіктің теңгерімінде. Аталған 0,4 кВ электр желілерінің 4-ші бағанасынан бастап, осы үйлерге қарай тұрғындардың өзі электр желісін тартқан. ЖЭС ақпараты бойынша тұрғындардың өз қаражатына орнатылған электр желісінің техникалық жағдайы нашар және электр энергетикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді", – деді ведомство.

Негізі, заң бойынша әкімдіктер инфрақұрылым тартылмаған жерлерге үй салуға рұқсат етпеуге тиіс. Бірақ бұрындары ондай талап сақталмады, жергілікті билік үй кезегін азайту үшін дайындалмаған жер телімдерін үлестірді. Кейін сым тарту шексіз кешіге беретінін түсінген тұрғындар төл қаржыларына бағаналар тұрғызуға мәжбүр болған. Мұндай нақты ие жоқ электр желілері барлық өңірде бар және шақырымдап есептеледі. Ондаған жылдап өтсе де, иесіз желілерді мемлекеттің меншігіне алу мәселесі шешілмей келеді.

Энергетика министрлігі Тараз әкімдігіне қаладағы Асқаров көшесін сапалы электрмен жабдықтау туралы ұсыным хат жолдаумен шектелген. Ал әкімдіктің дерегінше, бұл көшені электрмен қамту желілерінің жобалық-сметалық құжатын әзірлеу жұмыстары жасалуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары тек 2022 жылға жоспарланбақ.

Монополистердің тұтынушы үстінен заңсыз баюын тежемек

Жағдайды шенеуніктер өз мақсатына пайдалануда. Мысалы, коммуналдық қызметтерді көрсететін кәсіпорындардың тарифтерін бекітетін Ұлттық экономика министрлігі кезінде мәжбүрлі түрде жойылған құзырын қайта қалпына келтірмек. Мұны ол "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырды.

Айта кету керек, Елбасы тұсында еліміздің халықаралық беделін көтеру және Doing Business жаһандық рейтингіндегі орнын жақсарту үшін бақылаушы-қадағалаушы органдардың кәсіпкерлік нысандарын тексеру құзырлары көп қысқартылған болатын.

Енді Әсет Ерғалиевтің ведомствосы Үкіметке өзінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне "ескі-жаңа" тексеру тетігін – "бақылау нысанына бару арқылы профилактикалық бақылауды" сұрап отыр. Егер заң қабылданса, ондай тексеруді ведомствоның немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы тағайындай алады.

"Президенттің былтырғы жолдауында табиғи монополистердің тарифін шектен тыс көтеруіне, нарықтардағы баға бойынша ымыраласуларға қарсы күресті күшейтуге, сондай-ақ тариф белгілеу тәсілдерін ретке келтіруге бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыру тапсырылды. Ұсынылып отырған нормалар Doing Вusiness аясында, кәсіпкерлікті өркендетуге жақсы жағдай жасау, бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында бұрын алып тасталған болатын", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

Оның байламынша, осы нормалар кезінде табиғи монополистердің реттелетін қызметтеріне тарифті өсірмей, ұстап тұруға көмектесіпті. Мысалы, әлдебір жылу, жарық, сумен қамту не басқа саладағы монополист халық пен бизнес үшін тарифті көтеруді сұраса, оған тексерушілер сау ете қалатын: монополисттің инвестбағдарламасын қалай орындағанын, елден жиған ақшаны қалай жұмсағанын, инфрақұрылымды қаншалықты жақсартқанын мұқият қарайтын. Нәтижесінде, тариф көтеруге негіз жоқтығын айтып, шорт кесетін.

Әрине, мол пара алып, монополистің шашбауын көтеретін тексерушілер де жоқ емес еді. Аузын майлауын дәметететін "ревизорлардан" құқай-қиянат көрген кәсіпкерлер жоғарыға шағымданды. Профтексерулердің жойылуына да осы арам ниетті тексерушілер түрткі болды.

"Алайда осы реттеу функцияларын алып тастау ақыры табиғи монополиялар субъектілерінің тіпті реттелетін қызметтеріне өз бетінше тарифті көтеруіне, энергия өндіруші кәсіпорындардың тұтынушылар есебінен заңсыз баюына, өндірістік шығындарды жасанды арттыруына соқтырды. Салдарынан, қазір табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін лайықты мемлекеттік реттеу жоқ. Монополистер табиғи монополиялар саласындағы заңды бұзуда", – делінген заң жобасына түсініктемеде.

Ұлттық экономика министрлігінің сендіруінше, мемлекеттік реттеудің ұсынылып отырған нормалары енгізілсе, ол "табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтері тарифтерінің өсуін тежеуге" мүмкіндік береді. Бұған қоса, тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етеді және тәсілдерін ретке келтіреді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу