Халықаралық құжаттардың отандық бизнеске қандай пайдасы барын бас қаржыгер білмейді

5341

Жыл жабылар тұста еліміздің бас қаржыгері мәжіліс басшысының кезекті рет өткір сынына ұшырады.

Халықаралық құжаттардың отандық бизнеске қандай пайдасы барын бас қаржыгер білмейді

Жалпы, парламенттік тәжірибе көрсеткеніндей, ратификациялық заң жобасын қабылдаудан оңайы жоқ. Ол кейбір заңдардай екі оқылымға ұзамай, бірден мақұлданады. Мемлекетаралық не үкіметаралық екіжақты және көпжақты құжаттар бірнеше баптан ғана тұратындықтан, оның үстіне әдетте тек бір жұмыс саласы мен бағытын қамтитындықтан, депутаттар тарапынан да көп сұрақ туғыза бермейді. Сонымен бірге бұл жобалардың көбі халықаралық деңгейде қалыптасқан ортақ үлгі бойынша жазылатыны да бар.

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысына да осындай ратификациялық құжат – 1996 жылғы 9 желтоқсанда Нью-Делиде жасалған Қазақстан мен Үндістан үкіметтері арасындағы "Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы шығарылды. Оны қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қорғады.

Қазіргі кезде Қазақстан мен өзге елдер арасында осындай 52 салықтық келісім күшінде екен. Осыған орай депутаттар олардан елімізге қандай тиімділік пен пайда келіп отырғанын сұрастырды. "Мұндай конвенциялардың тиімділігіне сіздің министрлік тексеру жүргізіп, бақылауда ұстай ма? Егер ұстайтын болса, қандай көрсеткіш-жетістіктеріміз бар? Мұндай келісімдер біздің бизнесмендерге нақты пайда беріп жатыр ма?", – деп сұрақ жаудырды қалаулылар.  

Министр мырза мұны кезекті сұрақ ретінде қабылдап, кезекші жауап қайырды.

"Бұл бағытта бізде сол мемлекеттермен келіссөздер түрінде күн сайын жұмыс жүргізіледі. Олармен арадағы тауарайналымға, инвестицияларға және контрактілерге мониторинг жасалады. Осындай келіссөздер арқасында Үндістанмен арамызда 1996 жылы басталған келісімді аяғына жеткіздік. Ал көрсеткіштерге келсек, соңғы он жылда Қазақстанға құйылған инвестициялар көлемі жалпы алғанда 224 миллиард долларды құрады. Оның 84,5 пайызы өзара салықтық конвенциялар бекітілген елдерден келді", – деді Бақыт Тұрлыханұлы. 

Әрине, депутаттардың күткені "қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капитал салықтарынан жалтаруға жол бермеу арқасында бизнесмендерімізге мұнша көлемде пайда келді" деген нақты сандар болатын. Сондықтан жауапты естіп, мәжіліс төрағасы бас шайқады.

"Менің түсінуімше, сұрақ басқа жайында болған еді. Сіздер өзіңіз айтып отырғандай, күн сайын келіссөздер жүргізе аласыздар. Біз болсақ, бүгінгі жиынымызда 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасайтын хаттаманы қараудамыз. Осы уақыт ішінде салықтық заңнамамыз өзгерді. Содан бері тек салық кодексін қаншама рет өзгерттік. Жиырма жылда салық салу саласындағы халықаралық стандарттар да өзгеріп кетті. Ендеше Бақыт Тұрлыханұлы, бұл жерде осыған ұқсас барлық келісімдердің тиімділігіне талдау жүргізу мәселесі тұр. Шет мемлекеттермен арамызда 52 ұқсас келісім бекітілген. Оларды уақытылы жаңартып отыруларыңыз керек", – деді Нұрлан Нығматулин.

Оның мәліметінше, салық салу саласындағы барлық келісімдердің жартысы өткен ғасырда жасалған.

"Өмір, өркениет алға кетті. Бізде қазір қандай да бір экономика салалары басымдыққа ие болды. 90-шы жылдардағы жағдай бүгінде жоқ. Мәселенің мәнісі осында. Түсінесіз бе?", – деді спикер бас қаржыгерге.

"Иә. 2009 жылдан бері 52 келісімнің шамамен отызын жаңарттық", – деді Бақыт Сұлтанов.

"Ал депутаттар олардың тиімділігі туралы сұрап отыр. Себебі, біз жақында осындай кезекті келісімді қарастырғанда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға біздің компаниялардың қатыса алмайтыны туралы мәселе туындады. Сонда үкімет мүшелері бұл келісімдердің 90-шы жылдары бекітіліп қойылғанын, тиісінше шетелдік компанияларға басымдық беретінін алға тартты. Бәлкім, шетелдік компаниялардың келуі 90-шы жылдары өзекті болған шығар. Өйткені отандық компаниялардың өз қаржысы болмады, олардың өздері де, техникасы да ірі жобаларды ілгері әкетуге әзір болмады. Қазір Қазақстанда да, отандық компанияларда да жағдай өзгеше", – деді мәжіліс төрағасы.

Ол үкімет мүшелеріне "уақытылы талдау жасап, келісімдерді жаңартуды, шетелдік әріптестерден ұсыныс күтіп отырмай, жедел түрде ол келісімдерге өзгеріс енгізу бойынша бастама көтеруді" тапсырды. Оның пайымдауынша, бұл ретте қазақстандық өндірушілер мен компаниялардың мүдделері, экономиканың басымдықты салаларын дамыту жайы бірінші орынға қойылуға тиіс.

"Әйтпесе, сіздер күн сайын таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін талдаумен шұғылдана берулеріңіз мүмкін. Ал тиімділік қайда? Егер сіз "52 келісімнің жартысын өзгерттік, сол жаңарту нәтижесінде мынадай жобаларда біздің компаниялар басымдық иеленді, мынау келісімдер бойынша экономиканың мына салаларын әртараптандыруға қол жеткізілді" десеңіз, бәрі түсінікті болар еді. Себебі, барлық халықаралық құжаттар, соның ішінде әсіресе, салықтық келісімдер сауда мен инвестициялауды ынталандыруы керек және мемлекетіміз бен отандық бизнестің жағдайын жақсарта түскені маңызды. Келістік қой, Бақыт Тұрлыханұлы?", – деп сұрады Нұрлан Зайроллаұлы.

Қаржы министрі бұл міндетті орындауға сөз берді.

Заң жобасын ары қарай талқылау барысында спикер тағы бір түйткілді мәселеге назар аудартты. Өйткені министр Бақыт Сұлтановтың түсіндіруінше, егер қандай да бір компания салық салудан жалтарса, ол шетелдермен арамыздағы "қосарланған салық салуды болдырмау" туралы келісімдердің қызығын көріп, жемісін тере алмайды.

"Мұндай конвенциялар салықтық ақпараттармен өзара алмасуға жол ашады. Халықаралық деңгейде салықтан жалтаруларды анықтауға мүмкіндік беретін Страсбург конвенциясы секілді көпжақты конвенциялар да жұмыс жасайды. Нәтижесінде, қандай да бір компанияның әлдебір елде салық төлеуден жалтарғаны әшкереленсе, салық органдары "жеңілдікті жою режимін" іске қосады. Айталық, осындай келісіміміз жоқ елдерде біздің компанияларға дивиденд бойынша 15 пайыздық салық салынады. Ал келісіміміз бар елдерде бұл салық небары 5 пайыз ғана. Тиісінше, салық төлеуші салықтан жалтарса, оған екі елде де конвенцияның күші таралмайды, ол 15 пайыздық салық төлеуге мәжбүр болады", – деді қаржы министрі.

Мұны естіген Нұрлан Нығматулин қанша отандық компанияға қатысты осындай теріс тәжірибе қолданылғанын және статистикасын сұрады.

"Белгілі бір сандар бар. Бірақ дәл қазір оны айта алмаймын, қолымда ондай деректер жоқ", – деп қысыла жауап қайырды бас қаржыгер.

"Деректер қолыңызда жоқ болса, онда оны сіз қалай талдап жүрсіз? – деп аң-таң қалды спикер. – Мемлекеттік кірістер комитеті сіздің министрліктің құрамында. Оның тиісті бөлімшелері бар. Сіздер дәл осы жұмыспен айналысуларыңыз керек еді. Ақпараттармен алмасу жүруде дейсіз. Бірақ жағдайды дұрыс түсіну үшін талдау жасалуы керек қой. Қосарланған салық салудан босатуды ермек етіп отырған компаниялар жоқ па, оны да қарау қажет. Жағдайды тұтастай ұғынғаннан кейін біз қандай келісімдер бекіту, ал қайсысын кейін қоя тұру керектігін түсінеміз", – деп түйді Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде, қаржы министрі бұл салада ірі бұзушылықтар тіркелмегенін жеткізді. Ұсынылған құжатты талқыға сала келе, мәжіліс оны құптап, сенатқа жолдады.

Жалпы отырыста қалаулылар тағы бір халықаралық құжатты – Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері арасындағы "Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдап, жоғарғы палатаға ұзатты. 

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек құжаттың бір қызықты тұсына тоқталды. Ол бойынша егер Роза Рымбаева не "Астана Опера" театрының тобы әзербайжан еліне немесе соның аумағы арқылы басқа елдерге гастрольмен барса, енді оларға арнайы бланк толтыру қажет болмайды.

"Қазақстан мен Әзербайжан бұған дейін арнайы келісімсіз жұмыс жасап келді. Келісім орнына екі елдің автомобиль туралы төл заңдары жүрді. Оған сәйкес, біз Әзербайжанмен арада жүк тасымалдаушыларға рұқсат беруші бланкілерімен алмасамыз. Яғни, экспорттағанда, импорттағанда, сондай-ақ біздің аумақтарымыз арқылы басқа үшінші елдерге жүк транзитін өткізгенде жүк тасымалдаушыларға арнайы бланктер береміз. Ал осы келісім ратификациялаудан өткен соң, мысалы, пошта жүктерін тасымалдағанда, әртүрлі концерттік-театрлық декорацияларды, жәрмеңкелер, спорт іс-шаралары үшін қажетті жабдықтарды тасымалдағанда рұқсат бланктерін алу қажет болмай қалады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның мәліметінше, соңғы жылдары Әзербайжан арқылы Қазақстанға келетін түркиялық және украиналық транзиттік жүк ағыны арта бастаған. Сондықтан осы келісімге деген қажеттілік туындапты. Жалпы алғанда, екі ел арасындағы автомобиль көлігімен жүк тасымалы биыл 16 пайызға өскені айтылды.

Депутаттар транзиттік жүкті бізге әкелгеннен кейін Қазақстанда уақытша қалып қойып, ел ішінде жүк тасымалдаумен айналысатын шетелдік алып "фуралардың" көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Инвестициялар және даму министрі олармен күрес қарқынды жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Көлік инспекциялары әр өңірде жұмыс жүргізуде. Осы мәселені де сол инспекциялар бақылауда ұстайды. Иә, осындай жағдайлар бар, әсіресе, бізбен шекаралас мемлекеттердің тасымалдаушылары елімізге кіріп алып, рұқсатсыз ішкі тасымалмен айналысады. Биылғы 11 айдың ішінде мұның 1,5 мыңдай фактісі тіркелді. Бұл бұзушылықтарға жол берген шетелдік тасымалдаушылар шамамен 130 миллион теңге айыппұл төледі", – деген Жеңіс Қасымбек әзербайжандық тасымалдаушылар тарапынан ондай жөнсіздіктер жоқтығын нықтады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу