Ол бұл деректерді ШЫҰ елдерінің теміржол әкімшіліктері басшыларының 6-кездесуі барысында ұсынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Марат Шәкеновтің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүк тасымалы тарихи максимумға жетіп, 320 млн тоннаны құраған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға жоғары.
Сонымен қатар, халықаралық тасымал көлемі 143 млн тоннаға жетіп, оның 115,3 млн тоннасы немесе 80%-дан астамы ШЫҰ елдеріне тиесілі болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға артқан.
Ал 2026 жылдың алғашқы екі айында тасымал көлемі 19,8 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өскен.
– Бұл нәтиже Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан теміржол әкімшіліктерімен екіжақты және көпжақты форматта жүргізілген үйлесімді жұмыстың нәтижесі, – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар логистикалық жүйелерді одан әрі интеграциялау және халықаралық көлік дәліздерін дамытуға бағытталған хаттамаға қол қойды.