Сарапшы: Халықпен тікелей сөйлесетін басшылар керек

937

Оның пікірінше, бүгінде басшыға кабинетте отырып, шешім қабылдау жеткіліксіз.

Сарапшы: Халықпен тікелей сөйлесетін басшылар керек

Бүгінде халықпен тікелей сөйлесе алатын басшылар билікке келуі керек. Бұл туралы ҚСЗИ Әлеуметтік саяси зерттеу бөлімінің басшысы Индира Рыстина Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол Үкімет жұмысында кемшіліктерді ашық жеткізді. "...Осыған дейін атқарылған жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Соңғы 2 жылда мемлекетіміз қаншама қиындықтан өтті. Реформалар жасалып жатыр. Біраз институттар іске қосылды. Мысалы, (Президент жанындағы – автор) ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы, ауыл әкімдерінің сайлануы. Сондықтан толыққанды жұмыс жүргізілмей жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ Үкімет жұмысын мінсіз деп те айтуға келмейді. Атқарылған жұмысты көрсету кезінде ақпараттық коммуникация құралдары дұрыс жұмыс істеу керек", – деді сарапшы.

Индира Рыстина қазақстандықтардың ақпаратты қайдан алатынына назар аудару керек деген пікірде.

"Бүгінде әлеуметтік топтардың ақпарат алу каналдарын қарауымыз керек. Олар ақпаратты қайдан алып жатыр? Мысалы, бүгінде шыққан барлық арандатушылық әлеуметтік желі арқылы тарап жатыр. Онда мемлекеттік ақпараттың жетіспеушілігі бар", – деді саяси зерттеу бөлімінің басшысы.

Оның пікірінше, шетелдің мемлекетті басқару стратегиясын Қазақстанның саяси жүйесіне енгізуге болмайды.

"...Шетелдің мемлекеттік стратегиясын алып, "осы дұрыс" деп еліміздің (саяси жүйесіне – автор) енгізуге болмайды. Оның барлығы қоғамға, уақытқа, кезеңге байланысты іске асырылады. Бірақ ең бастысы Үкімет сайланған кезде ондағылардың (мүшелердің – автор) біраз бөлігі ауысуы керек. Жаңа кадрлар келетіні түсінікті. Оларды дайындау Президенттің бастамасы негізінде жүргізілді. Бүгінде жастар үшін көптеген іріктеу бар. Бұл Президенттің жастар кадрлық резерві ғана емес, басқада іріктеу механизмдері яғни элитаның антипренерлік жүйесі деген ұғым бар. Осы жүйе арқылы жан-жақты білім алған жастардың билікке келуі өзекті. Алайда ең бастысы – билікке халықты түсінетін, өз ойын оларға жеткізе алатын басшылар келуі керек", – деді Индира Рыстина.

Сарапшы бүгінде басшыға шешім қабылдап, кабинентте отыру жеткіліксіз екенін атап өтті.

"Халыққа шығып, олармен тікелей сөйлесе алатын, түсінетін басшылар керек. Уақыт талабына сай қоғамда жүргізілуі керек жұмыстардың бірі – мемлекеттің жүргізіп жатқан жұмысын халыққа дұрыс түсіндіре алатын басшылардың билікке келуі", – деді саяси зерттеу бөлімінің басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу