Халықтың ең басты арманы "қымбаттап" жатыр

314

Биыл баспаналы болып үлгермеген қазақстандықтарға келер жылдан бастап үйлі болудың машақаты көбейе береді.  

Халықтың ең басты арманы "қымбаттап" жатыр Фото: news.mail.ru

Себебі құрылыс компанияларының шығыны көбеймек, ал олар қаржының орнын әдеттегідей халықтың қалтасын "сауып" толтырады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Таяуда Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстандағы құрылыc компаниялары 73 млрд теңге көлемінде қосымша салық төлегенін мәлімдеді. Биыл ведомство құрылыс саласындағы ұйымдарға қатысты 282 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 17,1 млрд теңге салық қосымша есептеліп, оның 3,1 млрд теңгесі өндіріліп алынған.

Бұған қоса компаниялар өздері 158,5 млрд теңгеге қосымша есеп берген, оның 73,2 млрд теңгесі бюджетке түсіпті.

Қазынаға түсер қаржы бұнымен шектелмейді, ірі компанияларға қатысты 108 тексеріс жүргізіліп, қосымша 142,2 млрд теңге салық есептелген. Бірақ үкіметтің қатаң ескертуінен кейін мемлекет алдындағы міндетін өтеп жатқан құрылыс компаниялары есесін текке жібермесі анық.

Өткен қазан айында елімізде баспана бағасы лезде 12,6 пайызға қымбаттады. Сарапшылар бұған бір емес, бірнеше себеп барын алға тартып отыр. Energyprom есебінше, ең басты себеп – 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға өсуі. Яғни, құрылыс компаниялары мен меншік иелері жылдың басын күтпей-ақ бағаны теңселтуге көшкен.

Құрылыс компаниялары болашақ жобалардан түсетін пайданы сақтап қалу үшін шаршы метр бағасына ҚҚС өсімін алдын ала енгізе бастапты. Жыл басына дейін баға осылайша біртіндеп өсе береді.

Оның үстіне "келер жылдан бастап үй қымбаттайды" деген жаңалық та жағдайға әсер етпей қоймады. Халық бағаның міндетті түрде өсетінін түсініп, сұранысты күшейтті. Меншік иелері бұдан кейін бағаны қалағанынша өзгерте алатыны түсінікті. Бұл дүрбелеңге ілесіп қазір қайталама нарықтағы үйлердің иелері де құнды өсіріп қойды.

Негізі елімізде бұған дейін құрылыс салушылар тұрғын үйді сатқан кезде ҚҚС төлеген жоқ, жеңілдіктің рақатын көрді. Сөйте тұра баспана бағасы үздіксіз өскенін білеміз. Келер жылдан бастап жеңілдіктен қағылған компаниялар қымбатшылықтың қарқынын қолдан өсіруі мүмкін.

Жалпы, заңнамадағы өзгерістер саланы айналып өтпеді. Қазақстанда құрылысқа үлестік қатысу туралы заңға үш түзету енгізілгенін білеміз. Енді барлық мәмілелер тек үлестік қатысу шарты бойынша жасалады, тұрғын үй кешенін тек кепілдік немесе рұқсаты болған жағдайда ғана жарнамалауға болады, ал құрылыс салушылардың қызметін әкімдіктер мен инжинирингтік бақылайды.

Осының арқасында бұрынғыдай үлескер болам деп алданғандар азаятыны жақсы-ақ, бірақ екінші жағынан бағаға қысым жасайды.

Қазақстанның баспана нарығы осылай ішкі себептердің салдарына ұшырап жатқанда доллардың бағасы да өсе кетті. Құрылыс материалдарының көбі әлі де баяғыдай шетелдерден келеді. Импорттың бағасы әр кез доллармен өлшенетіні белгілі. Компаниялар артық шығарған ақшасының бәрін қайта өндіру үшін баспананың шаршы метріне құн қосады.

Осы тұста Halyk Finance өкілдері баспана бағасының өсуі жылдың соңына дейін тоқтаусыз жалғаса беретінін айтып отыр. Себебі сол, келер жылдан бастап салықтық жеңілдіктер алынғаннан кейін құнның өсерін білген халық қолында барын үйге салып әлек.  

Бірақ тараптардың пікірі бір жерден шыға бермейтіні түсінікті. Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Александр Пактың сөзінше, құрылыс компаниялары шаршы метрге баға қосқанымен, пәтер құны күрт өспейді.

– ҚҚС қосылғаннан кейін баға қатты өседі деп ойламаймын. Нарық өзі бағаны реттейді. Кейбіреулер тұрғын үй 20%-ға қымбаттайды деп қорқуы мүмкін, бірақ ұсыныс азайғанда баға қайта орнына келеді. Баға өсімі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен инфляция деңгейіне байланысты, – дейді сарапшы.

Қазір ел аумағында құрылыс қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Жағдайы жеткен баспаналы болып, басқалары ипотека рәсімдеуге қамданып жатыр. Алайда осы салынып жатқан баспананың өзі қазақстандықтарға аздық ететін көрінеді. Бағаның қымбат не арзан болғанына қарамастан, құрылыс қарқыны тоқтамауға тиіс.

– Қазақстандағы жалпы баспананың аумағын әр азаматқа шаққанда 22 шаршы метрден келеді. Еуропаның кей елдерінде бұл көрсеткіш 50 шаршы метрге жеткен. Енді қараңыз, біз әр азаматқа 30 шаршы метрден жеткізу үшін алдағы 10 жыл бойы жыл сайын тұрақты түрде 22 млн шаршы метр тұрғын үй салуымыз керек. Бірақ Қазақстан әзірге жылдық межені 20 млн шаршы метрге жеткізе алмай келеді. Сондықтан елде ипотекалық жүйенің тұрақты дамуы үшін әр тараптың мүддесін ескеру қажет, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Демек, банктер де, құрылысшылар да, несиеге тұрғын үй алушы қарапайым халық та тұрғын үй нарығына ынталы болуы керек. Бір тараптың мүддесін ескеріп, келесі тарапты тығырыққа тіреуге болмайды.

Әйтсе де Қазақстанда ендігі баспана бағасы тұрақтанады не төмендейді дегенге сене алмайтыныз анық. Үйлі болу деген арманның құны өсе бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу