banner

Халықтың қаражатын жымқыру қиындайды

2344

"Ұрланған активтерді шет елден қайтару" жобасында негізгі 3 бағытта жұмыс істеу қарастырылған көрінеді. 

Халықтың қаражатын жымқыру қиындайды

27 қазанда Қазақстан Республикасы Бас пркуротурасында Парламент депутаттары, орталық құқық қорғау және мемлекеттік органдар басшылары, халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар, тергеушілер мен прокурорлардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстаннан ұрланған қаражатты қайтару және бұл қылмыстың алдын орау шаралары талқыға салынды.  

Шарада сөз алған Бас прокурор Жақып Асанов орталық қадағалаушы мекеменің шілде айында ұсынған "Ұрланған активтерді шетелден қайтару" жобасының басым бағыттарымен таныстырды

"Жобаның мақсаты – активтерді қайтару ісінде жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін негізгі үш бағытта жұмыс істеу – тергеушілер мен прокурорларды оқыту, халықаралық талаптарға сай әдістеме дайындау және оған нормативті-құқықтық мәртебе беру", – деді Бас прокурор.

Қазақстанда қаржылық тергеу неге дамымаған?

"Өкінішке қарай, біздің қаржылық тергеу жұмысымыз ақсап тұр. Тек азын-аулақ ұрлықты ғана қайтарып, ірі көлемдегі активтерді қайтаруда қауқарсыздық танытамыз", – деп Жақып Асанов ағынан жарылды.

Бұл келеңсіздіктің басты себебі ретінде Бас прокурор сала мамандарының біліксіздігін атап көрсетті. Оның айтуынша, отандық тергеушілер мен прокурорлар ең қарапайым жұмысты атқара алмай жүрген көрінеді. Мысал ретінде Бас прокурор қазақ тарапынан Еуропа елдеріне жолдайтын хаттардың сауатсыздығына қынжылатынын айтты. Франция, Германия елдерінің құзыретті органдарына жолданған өтініш хаттарының жауапсыз қалуы, бірінші кезекте, прокуратура өкілдерінің халықаралық талаптарға сай ресми іс-қағаз жүргізе алмайтынында көрінеді.

Екінші үлкен проблема ретінде Бас прокурор елдегі қағазбастылықты атады. "Қандай да бір қылмыс ашылған кезде тергеуші органдар бірден нақты іс-әрекетке кіріспей, мекемелердің табалдырығын тоздырып, мөр бастырумен уақыт өткізеді. Осы уақыт аралығында қылмыскер елден емін-еркін шығып кете барады", – деді Асанов.

Бас прокурордың мойындауынша, тіпті қылмыс ашылып, қылмыскер шекара асып кеткеннен кейін де, олардың есепшоттарына елден тұрақты түрде қаражат түсіп тұрғанын байқаған кездері бар. Бұл, Жақып Асановтың пікірінше, әрине, тағы да қағазбастылықтың кесірі көрінеді.

"Активтерді қайтару" жобасы қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр екен

Бас прокурор өз сөзінде аталған жобаның қазірден бастап-ақ нәтиже беріп жатқанын айтты. "Жоба үш ай ғана жұмыс істеп жатқанына қарамастан, бірқатар қылмыс пен  әдістеме бойынша шаруа атқарылып, тергеу мен прокуратура қызметкерлері Еуропа елдерінің бірінен Қазақстан халқының игілігіне жататын 10 млн долларды тапты. Бұл, әрине, біреудің ұрлап әкеткен ақшасы. Ендігі мақсат осы активті аман-есен қайтару", – деді Бас прокурор.

Халықаралық желілермен жұмыс істеу керек

Бас прокурордың айтуынша, активтерді қайтару жолында Еуропадағы халықаралық CARIN ұйымы мен Азиядағы ARIN-AP ұйымдарына қосылуға мүдделі екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Жақып Асанов Қазақстанның қазіргі таңда ұрланған активтерді қайтару мақсатындағы StAR бастамасына қосылуға өтініш білдіріп, БҰҰ және Дүниежүзілік банкпен әріптестік орнату жолында жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл халықаралық ұйымдарға қосылған жағдайда Қазақстанның шет елдегі ұрланған активтерін қайтаруы біршама жеңілдейтін көрінеді.

Шараға қатысқан халықаралық сарапшылар да Қазақстан шетелге заңсыз шығарылған қаражатын қайтарғысы келсе, ең алдымен құқықтық негіздерін халықаралық талаптарға сәйкестендіруі керек деген кеңес берді. Сол кезде ғана, дейді халықаралық сарапшылар, Қазақстан өз заңнамасы мен сот жүйесіне деген өзге елдердің сеніміне ие бола алады.

Жалпы, Бас прокуратураның жоспары бойынша, биыл шет елдегі қазақ қаражатын қайтару үшін барлық құжаттарды дайындап бітіріп, 2017 жылдан бастап біржола іске кіріспек. Осы орайда Бас прокурор қаржы алаяқтарының алдағы уақытта жағдайы қиын болатынын қадап айтты.

"Біз олардың барлық әдіс-тәсілін меңгердік, халықаралық сарапшылар біздің мамандарды оқытып жатыр, енді елден ақша ұрлап қашу оңай болмайды", – деді Жақып Асанов.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу