Әуелгісінің үздіксіз дамып жатқаны сөз болғанымен, екіншісінің көштен кейін қалып жатқаны мәлім болды.
Биыл Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың 4-тоқсанындағы халықтың табыс мөлшеріне байланысты деректерді біраз уақыт жарияламай отырды. Сол кезде сарапшылардың көбі бұның себебін жұртшылықтың нақты табысы кеміп жатқанымен байланыстырған еді. Шынымен солай болды ма?
Алдымен үкіметтің деректеріне көз салайық. Былтыр Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың нақты табысын 2026-2028 жылдар аралығында жыл сайын кемі 2-3 пайызға арттырып отыру жоспары барын айтқан. Бірақ жалпы ішкі өнім жақсы өскенімен, былтыр халықтың табысы төмендегені анықталды. Бірақ ведомство басшысы бұл жағымсыз құбылысты ақтап алуға тырысты.
"Егер экономикалық өсім капиталды көп қажет ететін немесе шикізат салалары есебінен қалыптасса, оның халық табысына ықпалы уақыт өте келе ғана байқалады", – деген Жұманғарин.
Бір қызығы, ел экономикасында тұтыну ұсыныстан асып түсіп жатыр екен. Яғни, өндіріс сұранысты ақтамай отыр. Бұның өзі бағаның көтерілуіне итермелейтін факторға ұқсайды. Ал әзірге өндірісті қарқынды дамыта салар мүмкіндік жоқ. Үкімет өкілінің өзі кейінгі 4 жылда бұрын-соңды болмаған инфляциялық қысымға ұшырағанымызды ашық айтыпты. Соның салдарынан экономикалық өсім халықтың нақты табысына соншалық әсер ете қоймаған. Сонау пандемиядан бастап, сыртқы геосаяси факторлар, импортқа тәуелділік секілді себептер өте көп.
Елімізде жұмыссыздық деңгейі бар болғаны 4,6 пайыз деп көрсетіледі. Бірақ мәселе жұмыссыздық емес, "екі қолға бір күрек ұстап", маңдай терін төккендердің де айлығы шайлығына жетпей отырғанында. "Жұмыс істейтін кедейлер" деп танылып, тапқанын айдан айға әрең жеткізіп отырғандар жетерлік.
Таяуда өткен Atameken Business FORUM-да сөз сөйлеген экономист Асқар Қысықовтың пайымынша, ресми деректерде ел экономикасы өскенімен, салалардағы көрсеткіштер бұлыңғыр күйде. Мысалы, құрылыс саласы тек мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалардың арқасында күн көруде. Ал тұрғын үй құрылысы төмендеген. Сол сияқты өңдеуші өнеркәсібі секторы да 6,3 пайызға құлдыраған. Негізгі өсімді автокөлік пен азық-түлік өндірісі ғана көрсеткен. Халықтың ішіп-жемін айтпағанда тұрмыстық техника нарығы, жылжымайтын мүлік, киім-кешек саудасы, ойын-сауық және демалыс индустриясын қымбатшылық жайлаған.
"Бұлар халықтың тұтыну белсенділігіне тікелей тәуелді салалар. Қазір халықтың сатып алу қабілеті төмендеген. Жоғары инфляция салдарынан былтыр қазақстандықтардың нақты табысы 2,3%-ға азайып, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындар үлесі 39%-ға дейін қысқарды. Оның үстіне азаматтарға шамадан тыс жүктеме болмас үшін тұтынушылық несие беру азайды. Салық реформасынан кейін қосылған құн салығы артқан соң ол бизнеске қосымша жүктеме түсірген", – дейді Асқар Қысықов.
Демек, қаржылық қиындықты халықпен қатар бизнес те сезініп жатыр. Бұған бір дәлел – салық жүйесі қатаңдатылғаннан кейін, 2026 жылдың алғашқы 3 айының өзінде 208 мыңға жуық кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Бұл деректі басқа емес, вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеген. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,5 есеге жоғары.
Ал экономист Ғалым Құсайыновтың ойынша, нарықта ұсыныс өспей жатып табысты арттырғанымен, инфляция одан әрі өршуі мүмкін. Сондықтан алдымен ұсынысты арттыру үшін саудаға бағытталған секторларға көбірек инвестиция тарту керек.
"Экономиканы әртараптандыру тек экспорттық бағыттар арқылы жүзеге аспайды. Шындығында әртараптандыру қай бағытта жүретінін мемлекет емес, нарық анықтауы қажет. Өйткені нені сатып, нені сатып алу керегін нарықтың өзі шешеді. Ал мемлекеттің бұл жердегі міндеті – жоғары қосылған құны бар, саудаға бағытталған салалардың дамуына қолайлы жағдай жасау. Кейін олардың өнімі экспортқа шығарыла ма, әлде импортты алмастыра ма – саудагер өзі шешеді", – дейді сарапшы.
Осылайша, халықтың табысы тақырыбына келгенде түрлі пайым мен болжам жетерлік. Ал оның ішінен дұрыс жолды табу – үкіметтің жұмысы. Біз есімін қайта-қайта атаған Серік Жұманғарин жақында 2029 жылға дейінгі "Халық табысын арттыру бағдарламасын іске асыру" жөніндегі жаңартылған кешенді жоспарды таныстырмақ. Ал онда не жазылады, көп жоспардың бірі болып қалмай ма – түйінін дөп басып айта алмаймыз.