Хиджаб дауы радикалдану стратегиясының бастауы ғана

4614

Хиджаб дауының биылғы беталысы жаман. Айтыскерлер бір-бірін қарғап жатса, мүфтият әлеуметтік желідегі шуды көре отырып, министрлікке қысым жасап әлек. Мәжіліс депутаттары да осы жанжалдың бел ортасында ойқастап жүр.  

Хиджаб дауы радикалдану стратегиясының бастауы ғана

Мектеп мәселесіне тікелей жауапты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың осы дауды бастап беріп, әліптің артын бағып қана тыныш жатқаны түсініксіз, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Қазақстан – зайырлы мемлекет" дейтін конституциялық ұстынның іс жүзінде пәрмені қалмағанын биылғы хиджаб дауы анық көрсетті. Өйткені зайырлылықтың басты қағидаттарының бірі –діни бірлестіктер мен ұйымдар мемлекет ісіне араласпау керек.

Оқу-ағарту министрінің "Бұл мәселені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ақылдасу керек",–деген дүдәмал жауабы зайырлы мемлекеттің Үкімет мүшесінің айтатын сөзі емес еді.  Ғани Бейсембаев министр басымен діни ағым лоббиінің алдында тізесі бос екенін көрсетіп тұрса, ұраншылдар айқайға сүрең қоспағанда қайтсін?! Әлеуметтік желіде сол министрдің мектепке хиджаб киіп келгісі келетіндердің тізімін жасауымыз мүмкін деуі отқа тіптен май құйып жіберді.

Журналистер Ғани Бейсембаевтан халықты екіге жарған мәлімдемесін тәпсірлеп беруін сұрағанда да түлкі бұлғаңға салып, тайқи берген.

"Білім туралы" Заңдағы 47-ші баптың 15-1 тармағында: "Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті", - делінген.

Ал Конституцияның 30-бабы, 4-ші тармағында: "Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек" екені көрсетілген. Осындай бұлтартпайтын баптарға сүйенудің орнына екіұшты жауап беру министрге не үшін қажет болғанын түсіну қиын.

Бұрын да хиджаб дауы жаңа оқу жылы басталған сайын көтерілетін. Бірақ ол кездегі министр Асхат Аймағанбетов заңның нақты бабын алға тартып, айқай-сүреңді бесігінде тұншықтырып тастайтын.

Ал мына министрдің мектепке қатысты мәселені мүфтиятқа ысыра салғаны зайырлы мемлекетте тұрғысы келетін қазақстандықтардың ашуын туғызды. Бірақ бұл жайттың бәрі бас мүфтиге ой салмаған сыңайлы.

"Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылады. Бұл мәселе мүфтият қызметкерлерін де бейжай қалдырмайды. ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз",– делінген мүфтияттың мәлімдемесінде.

Мүфтият "мұсылман жамағатының өтініші ескерілсін" дегенде хиджаб мәселесін жақтаушылардан басқа қазақстандықтардың бәрін мұсылмандықтан шығарып жіберген бе деген сұрақ туындайды.

Мәселеге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да үн қосып, діни нанымы айрықша топтың қалауына бола конституциялық тұтастыққа қол сұғуға болмайтынын меңзеген. Дауға осымен нүкте қойылу керек еді. Бірақ Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан баласын мектепке хиджаб кигізіп жібергісі келетіндердің оң жамбасына келетін бастама айтып, дауды қайта қоздатты.

Заң қабылдайтын басты органның қауіпсіздікке жауапты комитетін басқарып отырған депутаттың дәл мұндай ұсыныс айтуы талайды ойлантып тастады.

"Хиджаб-орамал" манипуляциясы

Айгүл Құспан "хиджаб" деген сөзден қашқақтап, "кимешек" деп қолданған. Жалпы халық хиджаб пен кимешекті, хиджаб пен орамалды айырмайтындай соншалық надан емес. Мұны хиджабты мектепке кіргізуге жан салып жүргендердің астыртын манипуляциясы деп қабылдауға болады. Исламның бізге жат тармағының атрибуты саналатын хиджабты қазақ дәстүрінде ежелден бар кимешекпен немесе орамалмен алмастырып қолдану қасқырға қой терісін жауып алдарқатумен бірдей айла.

Кимешек те, орамал да қазақ дәстүрінде тұрмысқа шыққан қыз баласы киетін бас киім болып есептеледі. Біздің ел зайырлы ел болғандықтан, жеткіншектер орта білімді кәмелет жасына жеткенше алып үлгереді. 18-ге толмаған адамның тұрмыс құруына заңда тыйым салынған. Сонда мектеп жасындағы қыздарға тұрмыстағы әйелдің бас киімін таңудың діни еркіндікпен қандай қатысы бар?

Хиджабқа рұқсат берсе...

Хиджабқа рұқсат берумен діншіл топтың талабы толастамайтыны анық. Хиджаб Қазақстандағы исламның жаппай радикалдануының басы ғана. Ертең мектепте намаз бөлмелері мен дәрет алатын орындар ашуды талап етушілер шығады. Асхананы халал және қалыпты стандартқа бөліп, оқушылар арасына когнитивтік жік салу басталады. Бұл "стратегия" Қазақстан қоғамы іріп-шіріп, діни алауыздық салдарынан бөлшектеніп біткенше тізбек-тізбегімен жалғаса береді. Ол стратегияның тиегі мектепте хиджаб киюге рұқсат етілген күні-ақ ағытылады.

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов хиджаб дауын қоздырып жүрген діни топтардың кейбір өкілдері ертең мәслихаттар мен Мәжілістен ойып орын алуы мүмкін екенін айтады. Өйткені олар қазірдің өзінде өз электоратын қалыптастырып жатыр.

"Бұлар өз жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыруға кіріскен. Негізінен үш бағыт байқалады.  Біріншісі – мемлекеттік органдарға талапты күшейту. Бұл жерде олар әр түрлі петициялар өткізіп, конференциялар ұйымдастыру арқылы қоғамның, халықаралық қауымдастықтың назарын өздеріне барынша аударады. Әсіресе, Діни сенім бостандығы жөніндегі халықаралық комиссияның назарына жұмыс істеуде. Соны қаржыландырып отырған америкалық үкіметтік емес ұйымдар бар. Соның бәрі келіп осы мәселеге араласып жатыр", – дейді ғалым.

Сарапшы хиджабқа рұқсат талап етушілер ұжымдасқан түрде әрі құқықтық тұрғыда барынша сауатты қимылдап жүргенін айтады.

"Екінші бағыт – хиджабты талап етіп отырған ата-аналарға құқық жөнінен әдістемелік көмек көрсету. Мына жағдайда не істеу керек? Қалай арыз жазу керек? Соның бәрі қазір интернетте дайын шаблон күйінде тұр. Компьютерден басып шығарып, аты-жөнін жазып, қолын қойып, тиісті органға өткізе салу ғана қалған. Яғни, қандай жағдайда не деп жауап беру керек? Заңды қалай пайдалану керек? Осы әдістемелік нұсқаулардың аясында өңірлерді аралап курстар өткізген де жағдайлар болды", – дейді Талғат Жақиянов.

Әлеуметтанушы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына можаритарлық жүйені енгізген тұста діни ағымдарға тоқсауыл болатын тетіктер ескерусіз қалғанына алаңдаулы.

"Үшінші бағыт – орамал мәселесін,  әскерде, жұмыс орындарында, білім мекемелерінде намазханаларды талап ету арқылы өкілдік билікке ұмтылу әрекеттері. Яғни, мәслихаттар мен Мәжіліске депутат ретінде сайлануға дайындық жүріп жатыр. Соңғы сайлауда можаритарлық жүйені енгіздік қой, сол кезде үміткерлерді зайырлылық тұрғысынан таңдау механизмдерін енгізе алмадық. Келесі сайлауға дейін можаритарлық жүйе бойынша түсетін сайланушылардың можаритарлығын қамтамасыз етіп алуымыз керек. Себебі бұл ағымдар келесі сайлауға дайындалып жатыр. Қаражаттары бар, өте ауқатты, әлді. Бұлар өздерінің сайлауалды бағдарламаларында нақты көрсетті. Ертең біз сайланатын болсақ, орамалды, намазхан ашуды талап етеміз деді. Ең бірінші акцент осыған қарай бұрылды. Келесі сайлауда тіптен ұйымдасады. Яғни, бұл  ниеттегі адамдар өздерінің діни дискурстарын "мұсылмандардың құқығын қорғау" деген дискрусқа ауыстырды. Жалпы қазақстандық мұсылмандардың атынан өкілдік ету деген функцияны иемденіп отыр",– дейді сарапшы.

Қорыта айтсақ, Ауғанстан, Иран, араб елдері сияқты ресми діні айқындалған, билік тармақтары дінмен шырмалған, заң түзімі шариғатпен сабақтасқан  мемлекеттердің жолын бізге таңу осылайша бірте-бірте, кезең-кезеңмен іске асып жатыр.

Діннің мүддесін талап етіп, үндеу тастаушыларға, талабы орындалмаса радикал әрекеттерге баратынын айтып, доқ көрсетушілерге "ай дейтін, ажа қой дейтін қожа" болмай тұр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу