Хоккейден Қазақстан кубогының финалистері анықталды

1443

Шайбалы хоккейден Қазақстан кубогының финалында "Сарыарқа" мен "Ақтөбе" кездесетін болды. 

Хоккейден Қазақстан кубогының финалистері анықталды

Жартылай финалда "Сарыарқа" 4:1 есебімен Өскеменнің "Торпедосын" ұтты. Командалар матчты өте белсенді бастады. Бесінші минутта "Сарыарқаның" бір ойыншысы айдыннан кетті. Алайда қонақтар бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Дмитрий Молодцов екі минутқа айдыннан шеттетіле салысымен, оның қатарына Кирилл Беляев барып қосылды. Соған қарамастан Леонид Тамбиев шәкірттері бұл сынақтан сүрінбей өтті. Алғашқы жиырма минутта гол соғуға мүмкіндіктер жеткілікті болды. Бірақ екі команданың қақпашылары өз қызметтерін мүлтіксіз орындады. Бірінші кезең 0:0 есебімен аяқталды.

Екінші жиырма минут "Сарыарқаның" қорғаныстағы өрескел қателігімен басталды. Никита Колобов қарағандылықтардың қателігін пайдаланып, есеп ашты. Дегенмен қонақтардың қуанышы ұзаққа созылмады. "Сарыарқа" ойыншыларына есепті теңестіру үшін бір минуттан аз уақыт қажет болды. Қарағандылық клуб сапынан алғашқы болып Денис Федоров гол соқты. Леонид Тамбиев шәкірттері мұнымен тоқтап қалған жоқ. 6-минутта Владислав Кулиев "сары-қараларды" алға шығарды. Кезеңнің аяқталуына бес минут қалғанда Вадим Зеленков Никита Аноховскийдің шығарған пасын голға айналдырды. Осылайша есеп "Сарыарқаның" пайдасына 3:1-ге дейін жетті.

Кездесудің соңғы кезеңінде өскемендіктер есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Бірақ, бұл жолы "Сарыарқаның" қорғанысы мықты болып шықты. Денис Каратев та қателікке бой алдыра қойған жоқ, Кездесудің соңында "Торпедоның" жаттықтырушылар штабы тәуекелге барып, қақпашының орнына алтыншы ойыншыны айдынға шығарды. Бұл тәуекел жақсы аяқталған жоқ. Керісінше, Вадим Зеленков бос тұрған қақпаға гол соғып, матчтың нүктесін қойды. Осылайша "Сарыарқа" Қазақстан кубогының финалына шықты.

Ал екінші финалист "Ақтөбе" командасы атыраулық "Бейбарысты" 2:0 есебімен ұтты. Екі гол да үшінші кезеңде соғылды. Кездесудің 51-минутында Илья Ковзалов командасын алға шығарса, 57-минутта Вадим Митряков есепті еселей түсті. Енді "Сарыарқа" - "Ақтөбе" арасындағы финалдық кездесу Қарағанды қаласында 26-тамызда өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу