"Хомай" әнін орындаған әйгілі Ay Yola тобы әлемдік сенсация әзірлеп жатыр

3101

Олар енді Мадоннаның алдын орауға ниетті.

"Хомай" әнін орындаған әйгілі Ay Yola тобы әлемдік сенсация әзірлеп жатыр Фото: ayyola.music

Inbusiness.kz бұған дейін Homay аңызы туралы "вирустік" әнді орындаған AY YOLA айналасында дау-жанжал туындағанын жазған болатын. Енді атағы әлемге машһүр осы топтың әншісі, қатысушысы мен негізін қалаушы өздерінің болашақ жоспарлары туралы айтып берді.  

"Сноб" басылымының жазуынша, биылғы көктемде түбі бір түркі әлемінің өкілі – башқұрт туысқандардың тіліндегі ән бүкіл жер-жаһанды жаулап алды. Ол әртүрлі елдің чартында көш бастады.

AY YOLA тобы жариялаған Homay трегі Леди Гаганы артта қалдырып, Shazam жаһандық чартының ТОР-5-тігіне кірді. Қазақстан, Орталық Азия, Әзербайжан, Түркия, Украина, Еуропаның хит-парадтарын "жарды".  

Сонымен, AY YOLA – бұл Башқұртстанның электронды музыканты Руслан Шайхитдинов, оның қызы Адель (вокал, гитара, домбыра. Әрі әнші, әрі музыкант, әрі ән авторы) және фолк-музыкант, мультиинструменталист, қурайшы-сыбызғышы Ринат Рамазанов.

Топтың негізін қалаушының бірі Шайхитдинов бала кезден башқұрттың жақсы әні мен тәтті күйі құлақтан кіріп, бойды алғанын әңгімеледі.

"Халқымыздың музыкасына бала кезден қанығып, қызығып өстім. Есімде жақсы сақталыпты, үйімізде радионүкте болатын (өткен ғасырда Қазақстанда да әрбір үйде "Арман-302" радиоқабылдағышы таңнан қара кешке дейін "Қазақ радиосынан" ән мен күйді төгілтіп тұратын). Сол радио таңғы 6-да хабар таратуын бастайды. Мен оқушымын, азанда қурайдың (сыбызғының) дыбысынан оянамын. Елестете аласыз ба, сағат 06:00 болады, радио өздігінен қосылып, қурай ойнай жөнеледі! Бір жылы жазда мені Геленджиктегі лагерге жіберді, сонда башқұрт радиосын, таңғы сыбызғы үнін қатты сағынғаным бар", – дейді Руслан.

Оның айтуынша, ұлттық аспаптардың үні әрбір башқұрттың геніне алтын тін болып өрілген. Енді міне, AY YOLA тобының арқасында осы аспаптардың сарынына бүкіл әлем ұйыды, алпыс екі тамыры иіді.

Руслан бір құпияны бөлісті: қазіргі кезде халықаралық қауымдастық этник музыка десе, есі кетеді, есіл-дерті сол болады. Мысалы, афро-хаус – Африканың хаус-битке түсірілген этникалық музыкасы. Тіпті әнсүйер қауымның бірнеше буынын тәнті еткен Enigma да осы арнадан.

Демек, егер қазақстандық қандай да бір топ AY YOLA сияқты әлемге танылғысы келсе, қазақ музыкасын ілгерілеткені жөн. Басқа жанрларда жаһандық нағыз майталмандарға ұтылып, босқа шаң қауып қалады.

Топ вокалшысы Адель ұлттық музыкаға іңкәрлігін әкесі өзіне "жұқтырғанын" айтады. Дүниеге келе салысымен, ол башқұрттың ән мен күйін тыңдап өскен.

"Әкемізбен музыкалық қалауымыз да бірдей! Талғамымыз егіз қозыдай ұқсас. Кейде машинада келе жатқанда, әкем: "Саған қазір жаңа бір тамаша тректі қоямын" дейді. Мен оған: "Содан соң мен де көрсетемін!" деймін. Нәтижесінде, оның таңдаған әні менің көрсеткім келгені болып шығады. Бұл тұрғыда да үйлесім орнады", – дейді Адель Шайхитдинова.

Адель музыкамен ерте жастан, 5-9 жас аралығында кәсіби айналыса бастапты. Бұл саладағы бірінші педагогі – музыкалық мектепте хор оқытушысы болып істеген опера әншісі әрі академиялық әнші әйел болған. Яғни, ол ұстазы да қызды классик әндерге баулыды.

"Орындаушылар үшін қажетті базаға – тынысты ұстауға, дауысты құбылтуға, ән ырғағын нақ, дәл беруге, вокал негіздеріне осы ұстазым үйретті. Заманауи әншілердің түрлі "фишкаларына", мелизматикаға, дауысты жарықшақтандыруға, қырыл араластыруға және басқасына өз бетіммен үйрендім. Өзім тауып, керегін алып, қажетсізін қалдырдым деген сияқты. Эксперименттер жасадым, түрлі әншіні тыңдадым, орындау шеберлігін жіліктедім. Бірақ өзгелерді көшіру мәнсіз: тембріміз, дауыс мүмкіндігіміз әртүрлі. Дұрысы, өз жолың мен стиліңді таңдаған жөн. Өзінше ғой деп айтатын шығар, алайда мен өзіндік вокалдық мәнерімді қалыптастыра алдым деген ойдамын", – деді Адель.

AY YOLA тобының қатысушылары ішінде этномузыкадағы ең салмақты тәжірибеге, "жұмыс өтіліне" Ринат Рамазанов ие. Ол осыған дейін "Арғымақ" ансамблін басқарған, башқұрт фольклорын зерттеген.

Ол Русланмен бала кезден таныс екенін айтады. Коронавирус пандемиясы кезінде карантин енгізіліп, "Арғымақ" ансамблімен жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болыпты.

"Дәл сол тұста Башқұртстан астанасы Уфаның 450 жылдығы атап өтілді. Соның құрметіне Руслан қалаға арналған әнін жазды, мен онда қурай-сыбызғы партиясын орындадым. Рухты композиция шықты. Осымен шектеле салсақ, обал болар деп ұйғардық. Руслан тығыз электронды әуезі бар, битпен нығыздалған бір трегін маған тыңдатты. Оны тыңдағанда башқұрттың Орал батыр эпосына құрылған өлең жолдары ойыма орала қалғаны. Ол осы әуенге арналып жазылғандай әдемі үйлесе кетті. Қуанғаннан құлындай ойнақтап, шаттана жөнелдік. Жай трек емес, нағыз "бомба" шығатынын түсіндік", – дейді Рамазанов.

Әрі қарай тек вокалды партияларды жазу ғана қалған. Оның барысында Руслан оны орындауды қызына тапсыруды ұсынады. Адель келіп, әннің ажарын ашты, башқұрт тобы әлемді "жарды".

Рамазановтың айтуынша, топтың тректерінде түркітілдес халықтарға ортақ түрлі аспаптардың үнін естуге болады. Басты орында – қобыз (түркі әлемінде кубыз, варган, хомус аттарымен де белгілі) және домбыра (башқұртша – думбыра, басқасында домра немесе домбра).

"Homay әнінде сондай-ақ аса сирек кездесетін саз (баглама) аспабының үнін де аңғаруға болады. Бұл домбыраға ұқсас шекті аспап, бірақ шектері қосарланып келеді, әрі Түркия, Әзербайжанда көбірек кездесетін шығыстық әуен мен сарын жүйесіне құрылған. Жалпы, үшеуіміздің шығармашылық жолымызды қоссақ, 90 жыл шығады. Русланда – электронды музыка, Адельде – вокал, менде – ұлттық мәдениетпен байланыстының бәрі. Оның үстіне Орал батыр мәтінінен өлең жазған ақынымыз Диана Кильдина да өз ғұмырын башқұрт эпостарына арнаған адам", – деді Рамазанов.

Руслан Шайхитдинов "Хомайдың" сапалы шыққанын түсінгенін, алайда бүкіл жер-жаһанды "жаратынын" білмегенін айтады. Тек тректі тамашалаған халық нөпірін көргенде айран-асыр болып, сене алмапты.

"Адельдің ұлттық бас киім киген "рилсін" жүктедік, оның қаралымы аспандап кетті. Санасақ, минутына 4 500 адамнан тыңдапты. Ақпарат құралдары бізді әлдекімнің ірі коммерциялық жобасы деп ойлапты. Шынында пиар мен жарнамаға, әлдебір интеграцияларға бір тиын ақша салған жоқпыз. Адамзат ұлттық колоритке сусаған екен, біз сусындаттық. Чарттарда, ТОР-тарда куә болған көрсеткіштер мен сандар – тап-таза органика, табиғи құбылыс. Көрермендер образға ғашық болғандарын айтып жатты. Ізінше өлең жолдарын өз тілдеріне аударып, мән-маңызына терең бойлап, тәнті болды", – деді Шайхитдинов.

Яғни, бәрі бір мезгілде әрекет етті: музыка бойды биледі, ұлттық аспаптардың әуезі құлақтың құрышын қандырды, "визуалы" көзайым болды, көң-қоқыр емес, терең мағыналы мәтіні тыңдарманын риза етті.

Руслан Шайхитдинов те қазіргі кезде адамзат ғарыштық жылдамдықпен өрлеген өркениет пен бар саланы жайлаған жоғары технологиялардан шаршап, байырғы түп-тамырларына, ұлттық бастауларға тартыла бастағанын айтады. Мұны "Хомай" әнінің видеосының астында қалдырылған пікір-комментарийлер де растайды.

Бұл ретте Башқұртстан, Қазақстан және ата-баба мұрасын сақтап, ұлттық қайнарлардан кіндігін үзбеген басқа да түркі жұрттары жаһан жұртшылығының осы қажеттілігін қанағаттандырып, әлемді таңдандырып, тағзым еткізетін креативті өнімдерін ұсына алады.

Руслан Шайхитдинов алда музыка әлемін "жаратын" тағы бір хит әзірленіп жатқанын айтады. Мұны оған "көріпкел" айтыпты.

"Біздің бір сәуегейіміз бар, ол қандай әннің тыңдарман арасында кең танымал болатынын 100%-дық дәлдікпен айтады. Ол – Әделдің анасы, менің әйелім Людмила. Өз студиямда жасалған өнімдерді оған үнемі көрсетемін, жаңа идеяларды бөлісемін. Негізінен сынайды. Бірде "Хомай" әнін тыңдай сала, қызу қоштап: "Бұл әлемдік хит болады!" деді. Солай болды да шықты. Енді интрига сақтағымыз келеді. Тағы бір ән өңделіп жатыр. Әделдің анасы оның да ғаламат танымалдылыққа ие болатынын болжады. Альбом жазылып болып қалды. Көріпкеліміз бұл жолы да жаңылыспасына сенімдімін", – деді Руслан Шайхитдинов.

Оның түсіндіруінше, "Хомай" аңызы – Отанға адалдықтың, патриотизмнің, ел үшін жанын пида етудің символы. Эпоста Хомай – ауа, күн мен құстардың патшасы Самраудың қызы. Патшаның қос қызы болған, бірін Ай, бірін Күн туды. Күннен Хомай дүниеге келді. Оның тегі – аққу, алайда адамға айнала алады. Хомай жанды судың қорғаншысы.

"Орал батыр эпосы Отан үшін жанын құрбан етуге құрылған. Орал батыр өлейін деп жатқанда, оған жанды суды әкеледі. Батыр оны ішіп, аман қалу орнына бүкіл суды атамекеннің қасиетті қара жеріне шашады. Өйткені жер қара күштердің кесірінен уланған еді. Яғни, ол ұлтының болашағы үшін өмірін қиды. Батыр дүние салған соң ғашығы Хумай қайтадан құсқа айналды және адам кейпіне содан соң оралмады. Хумай құстың қауырсынына жанасқан адам өмір бойы бақыт пен берекеде өмір сүреді деп саналады. Бұл құс тіпті Өзбекстанның Елтаңбасында бейнеленген. Қазақстан, Өзбекстан, түркі елдері аңыз құсқа ән арқылы табысуды қалаған болар", – дейді Руслан Шайхитдинов.

Бір қызығы, түркітілдес елдерде кейбір отбасылар бүгінде қыздарына Хумай деген есім бере бастаған. Кітап дүкендерінде Орал батыр эпосы туралы кітаптарға сұраныс екі есе артты. Ал, "Озон", Wildberries, "Яндекс Маркет" сияқты интернет-дүкендерде тапсырыс 30 есе өскен.

Башқұртстанның халқы оянып, рухтанып, мектептерде Орал батыр туралы байқаулар өткізе бастады. Онда эпостан мейлінше ұзақ үзіндіні жатқа айта алғандар жеңеді.

Руслан Шайхитдинов шетелден концерт беруге қатысты сұраныстар да көбейгеніне назар аудартты.

Мысалы, Ay Yola 1 мамыр мерекесінде Алматыда өнер көрсетті. Қазақтардың қонақжайлылығына, құшақ жая қарсы алғанына, өнеріне қызу қошемет-реакция көрсеткеніне керемет сүйсінгендерін айтады.

Абай алаңындағы қос қойылымы жадта ұзақ сақталып қана қоймай, тың идеяларға шабыттандырыпты. Атап айтқанда, енді олар Мадонна сияқты 2 миллион көрерменді бір мезгілде жинағысы келеді.

"Біз бұған дейін клубтық сахналарда өнер көрсетіп жүрдік. Таяуда Алматыда үлкен алаңға шықтық. Бағдарлама бір деммен өтті. Алаңдағы энергетиканың қуатты болғаны сонша, костюм астында шылқып терге бөлендік. Қойылымды жұртшылық әлі көп біле бермейтін әндерімізбен аяқтадық. Оларды да ел ыстық қабылдады. Рухтанған көрерменге қанат біткенде, ұшып кететін бе еді?!", – дейді Руслан Шайхитдинов.

Ринат Рамазанов болса, көрнекті ақын Шайхзада Бабичтің: "Көктің шамы бол, ғаламның шырағданына айнал!" деген нақылын келтірді.

"Бабалардың төккен нұрын ал да, халқыңа құй. Сахнаға шыққанда сен шам-фонарик сияқтысың, ғарыш тұңғиығындағы ғаламат нұрдан аласың да, жиналған халыққа себесің! Содан өзің шабыт пен қуат аласың. Мұндай шақтарда сахнада тұрғаныңды ұмытып кетіп, аспанда ұшып жүргендей сезім пайда болады. Ұлттық аспаптарда ойнағанда, арт жағымда ата-бабам жиналып тұрғанын түйсініп, арқам қозады. Ұрпақтар арасында осындай байланыс сақталса, ол ұлт ұзақ жасайды", – деген Рамазанов болашақта ірі концерт өткізуді жоспарлағандарын жеткізді.

Оның тұжырымдауынша, Леди Гаги немесе Мадоннаның Бразилиядағы жағажайда 2 миллион адамды жинап, ұйымдастырғаны сияқты AY YOLA да әлемдік деңгейдегі фестиваль ұйымдастырғысы келеді. Ол үшін жарамды әрі қолжетімді алаң керек.

"Башқұртстандағы "Еуразия жүрегі" фестивалі өтетін "Торатау" табиғи амфитеатрына 150-200 мыңдай адам ғана еркін сияды. Burning Man немесе "Супербоул" сияқты әлдебір ғаламат, ғажап дүниемен "жарғымыз" келеді. Бұл – біздің ең аңсарлы арманымыз. Бірақ біз жаһандық деңгейдегі жобалар ұйымдастыруға қауқарлы екенімізді көрсетіп те үлгердік", – деді Ринат Рамазанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу