Fichajes сайтының дерегіне сенсек, бас бапкер Пеп Гвардиола Абдуқодир Хусановты жалға беруге қарсы емес, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған шешімнің алдағы жазғы трансферлік кезеңде жүзеге асуы ықтимал. Еске салайық, өзбек футболшысы биылғы қысқы трансфердің кезінде "Манчестер Ситиге" 40 миллион еуроға келген еді.
Клуб басшылығы Абдуқодирді болашақ жоба ретінде қарастырды. Десе де, Хусанов жоғары деңгейдегі тұрақты ойыны болмауына байланысты негізгі құрамда өзін толық көрсете алмаған көрінеді.
Fichajes сайты бас бапкер Пеп Гвардиоланың Хусановты басқа клубқа жалға беруге қарсы емес екенін жазған.
Осы кездің өзінде өзбекстандық қорғаушыға АПЛ-дің бірнеше клубы мен басқа да еуропалық команда қызығушылық танытып отыр. Оның физикалық мүмкіндігі мен техникалық шеберлігі көптеген бапкердің назарын аударып, таңданысын тудырды.
Футбол сарапшылары оны болашағынан үміт күттіретін орталық қорғаушы ретінде жоғары бағалайды. Әрі Хусановтың "Манчестер Сити" сапынан уақытша кетуі оның мансабына оң әсер етуі мүмкін. Яғни, мамандар Абдуқодирдің болашақта бұдан да жоғары деңгейге көтерілуі ықтимал екенін ашық айтуда.