Hyundai мен Chevrolet-тің тасы өрге домалап тұр

15643

Қостанайдағы зауыт 2021 жылы өрісін кеңейту үшін 8,4 млрд теңге инвестиция игермекші.

Hyundai мен Chevrolet-тің тасы өрге домалап тұр

Индустия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша, 2020 жылы қазақстандықтар 93 000-нан астам жаңа техника сатып алыпты. Карантиндік шектеулер мен армян көліктеріне қойылған кедендік тосқауылдар шетелдік өнімге деген "тәбетті" біршама бәсеңдеткен сияқты. Сатып алынған әр үш автомобильдің екеуі отандық өндірістен шыққан екен.

Жалпы былтыр елімізде 77 471 бірлік техникаға құрастырылыпты. 2019 жыл бұл көрсеткіш 50 541 болатын. Наурызда Қостанайдағы зауыттың Chevrolet көліктерін өндіріп бастауы салаға жақсы серпін берді. Бір жылға жетпейтін уақытта Chevrolet елдегі ең танымал брендтердің қатарына кіріп, 15 мыңнан астам көлік шығарған.

Жалпы 2020 жылы қолданысқа жіберілген барлық техниканың 51,7%-ы Қостанай зауытында өндірілгенін айту керек.  

"2021 жылы зауыт жаңа өндірістік желілерді орнатуға, сондай-ақ өзінің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге 8,4 млрд теңге қаржы салуды жоспарлап отыр", деп жазады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайты.

Қазан айында Алматы қаласында Hyundai жеңіл көліктерін шығаратын зауыттың ашылуы да елеулі оқиға болды. Зауыт толық қуатына енгенде жыл сайын 45 мың көлік шығаратын болады. Қазіргі таңда автомобиль шанағын дәнекерлеу және бояу операциялары жолға қойылды.Тек дайын бөлшектерді құрастырумен шектелмес үшін компоненттерді өндіру  туралы келіссөздер жүріп жатыр.  2020 жылы қазақстандық тұтынушылар арасында Hyundai маркасы ең танымал болды. Яғни инвестиция ретінде салынған 28 млрд теңге өзін ақтап жатыр деген сөз. 

Жыл түйінделер шақта Қарағанды облысының Саран қаласында Yutong компаниясымен бірлесіп құрылған автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт іске қосылды. Компанияға салынған инвестицияның көлемі – 23 млрд теңге. Кәсіпорын жыл сайын 1 200 автобус пен электрлі автобус, 500 арнайы техниканы шығарады деген есеп бар. 

Өткен жылы "Бипэк Авто- Азия Авто" компаниялар тобының басына қара бұлт үйірілген жыл болды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана өмір сүріп келген кәсіпорын басшылары саладағы саясаттың өзгергеніне қатты наразы болып, шулы мәлімдемелер деп жасап баққан. Өскеменнің іргесінде толық цикльді автомобиль зауытын салу жобасының жуықта іске аспайтынына көз жеткізген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арадағы  келісімшартты үзетінін хабарлаған болатын. Осы мазмұндағы келісімшарттар аясында "Азия Авто" кәсіпорны соңғы 10 жылда мемлекеттен 327 млн доллардың көмегін алыпты.

Бірақ 2002 жылдан бері айтылып жүрген өндіріс кешені әлі бой көтерген жоқ, қаңқасы ғана тұр. Есесіне, Ресейдің 12 қаласында 19 автоорталық ашылып, Сочиде демалыс базасы салынған. Жазғы шу кезінде кәсіпорын басшылары әлгі 12 автоорталықта бір де бір өскемендік көлік сатылмайтынын мойындаған болатын. Яғни, қазақстандық компанияның ақшасына ашылған орталық ресейлік өнімді саудалауға қызмет етуде

Осының бәрін ескеріп, машина жасау саласындағы саясаттың қазіргі бағыты әзірше дұрыс деп қорытындылауға болады. Мемлекет қолдауына ие болған жаңа өндіріс ошақтары өздерінің заман талабына тез икемделетінін пандемия кезінде дәлелдеп берді. 

Отандық зауыттар Үкіметтің тапсырмасы бойынша коронавируспен күресу үшін қысқа мерзімде JAC Sunray, Hyundai H350, ГАЗель NEXT базасында медициналық жабдықтармен толық жабдықталған 1 167 жедел жәрдем көлігін өндіріп, жеткізді. 

Ал Қостанайдағы зауыт Yutong автобусының негізінде 12 метрлік 100 жылжымалы медициналық кешен шығарды. Chevrolet DAMAS өндірісі осылай іске қосылды. 

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу