Игита: "Қазақстан үшін соққан әрбір голым есімде"

1634

Әлемнің бес дүркін үздік қақпашысы атанған Игита кешегі ойында жанкүйерлерді тағы бір қуантты.

Игита: "Қазақстан үшін соққан әрбір голым есімде"

Леонардо Де Мело Виейра Лейте (Игита) Қазақстан құрамасындағы алғашқы ойынын 2013 жылы 4 наурызда Алматыда Өзбекстан құрамасына қарсы ойында (4:3) өткізді. Кеше өткен жолдастық кездесу Игитаның Қазақстан құрамасы сапындағы 75-ші кездесуі болды. Бұл матчта ол 10-шы голын соқты.

Осы орайда Игита Өзбекстанмен өткен жолдастық кездесуге (3:1) қатысты пікір білдірді.

"Матч қиын болды. Біз Өзбекстанның мықтылығы жағынан Азиядағы екінші немесе үшінші команда екенін білеміз. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ойындар дерби болғандықтан, матч өте қиын болады деп күттік. Сондықтан барлығыңыз көргендей, ойынды барынша жинақылықпен, үлкен ықыласпен бастадық. Әрине, бірге ойнамағалы көп болды. Бірінші таймда мүмкіндіктер көп болғанымен, жүзеге асыра алмадық. Бірақ екінші таймға жақсы дайындықпен шықтық және гол соғатынымызды анық білдік. Осыдан кейін ойын жеңілдей түсті. Матч соңындағы гол мені аздап алаңдатты. Бірақ біз жеңіске жеттік. Жанкүйерлер айғайлап, бізді қолдап жатқанда, әсіресе өз алаңымызда гол соғу әрқашан жақсы әсер сыйлайды. Мен оларға жақсы энергия бере алғаныма және Қазақстан үшін тағы бір гол соққаныма қуаныштымын. Қазақстан үшін соққан әрбір голым есімде. Біз мұнда соңғы рет шамамен үш жыл бұрын ойнадық", – деді Ұлттық құраманың қақпашысы.

Айта кетейік, бүгін Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстанға қарсы екінші кездесуін өткізеді. Қазақстандық команданың бас бапкері Рикардо Кака бүгін ақтаулық "Каспийдің" екі ойыншысы Нұрабек Қабылбаев пен Нұрсұлтан Таңатұлын Өзбекстанмен болатын екінші жолдастық кездесуге шақырды.

25 жастағы Нұрабек Қабылбаев биыл ақпан айынан бері ақтаулық клубтың намысын қорғауда. Қазақстан чемпионатында 6 кездесу өткізіп, 4 гол соқты, ел кубогінде 3 ойынға қатысып, 3 гол соқты. 20 жастағы Нұрсұлтан Таңатұлы биылғы маусымда 9 матчта төбе көрсетіп, 3 рет қарсылас қақпасынан саңылау тапты.

Матч бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу