Игита: "Сырт алаңда үш ұпай алу өте маңызды"

526

Игита өткен маусымның өзі үшін оңай болмағанын, соның салдарынан спорттық мансабының болашағына күмәнмен қарағанын мойындады.

Игита: "Сырт алаңда үш ұпай алу өте маңызды" Фото: AFC Kairat Futsal

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Лео Игита 2024 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Нидерланд және Румыниямен өтетін ойындар туралы пікірін ортаға салды.

– Нидерланд еліндегі алғашқы жаттығу қалай өтті?

– Алмере қаласындағы алғашқы жаттығу жеңіл өтті. Өйткені, Алматы-Стамбул-Амстердам бағытында ұзақ уақыт жол жүрдік. Сонымен қатар уақыт белдеуінің айырмашылығы бар. Ертеңнен бастап салмақты дайындық басталады. Қарсыластың қорғанысына баса назар аударатын боламыз. Барлығы жоспар бойынша өтіп жатыр. Жігіттердің көңіл-күйі де керемет. Әлем чемпионатына алғашқы қадам осы жерден басталады деп айта аламын. 

– Қарсыластың ойынына қандай баға бересің?

– Нидерланд құрамасында өзгерістер көп. Бапкерін ауыстырып, бағытын өзгертті. Олардың соңғы ойындарын зерделеп шықтым. Үш жыл бұрынғы деңгейінен әлдеқайда жоғары екені байқалады. Ойын оңай болмайды, өйткені олардың жанкүйерлері аренаны толтырады. Жанкүйерлердің де қолдауы әсер ететінін жақсы түсінеміз. Барлығын саралап, салмақты көзқараспен қарау керек. Өйткені топтық кезеңде сырт алаңда үш ұпай алу өте маңызды. 

– Бұрын бірге ойнаған Дәурен Нұрғожин енді бапкер болды. Қандай кеңестер береді?

– Дәуреннің ойыншы мансабын ерте аяқтағаны өкінішті. Менімен бірген ойнағандардың арасынан ең үздік қазақстандық ойыншы деп әрқашан айтып келемін. Ол енді бізге көмектеседі. Бапкерлер штабына қосылуымен  құттықтаймын. 

– Жеке дайындығың қалай?

– Мен үшін соңғы маусым өте қиын болды. Жас келгендіктен күмән келтіре бастадым. Демалыста да көп дайындалдым. Оқу-жаттығу жиынына толық дайындықпен келуді қаладым. Португалияда өткен International Masters Cup турнирінен кейін дайын екенімді түсіне бастадым. Бәрі қолдап, алаңдаушылық білдірген жандарға Игита қайта оралды деп айтқым келеді. Игита әлем чемпионатына баруды қалайды. Дүбірлі дода біздің үйге жақын жерде өтеді. 

– Алматыда Румыниямен өтетін ойыннан не күтесің?

– Румыниямен өтетін ойынды да асыға күтіп жүрмін. Өз алаңымызда өткен ойындарға көптен бері қатыспадым. Мен өте қуаныштымын. Қазақстан жыл сайын дамып келеді. Футбол жанашырларының саны да артып келеді. Үлкен футбол да көптеген табыстарға жетіп жатыр. Біз де осы толқыннан қалмай, Балуан Шолақ атындағы спорт кешінінде футбол мерекесін жалғастыруға дайынбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу