ІІМ азаматтарды жазадан құтқаратын сервис ашпақ

3063

Жеке куәлігі жоқ азаматтарда қорқыныш тууда.  

ІІМ азаматтарды жазадан құтқаратын сервис ашпақ

Қазақстанда барлық мегаполистер, тұтас облыстар карантинге жабылып, көшелерде тұрғындардың жүрісі қатаң шектеліп жатқан шақта сыртқа жеке куәліксіз шығуға болмайды. Алайда оны беретін ХҚКО-лар тегіс жабылып қалған. Куәлікті азаматтар өз бетінше принтерден басып шығара алмайтыны белгілі.

Қоғам белсендісі Қайрат Мұқышев жеке куәлігін жақында жоғалтып алғанын айтады. Енді жаңасын қалай алатынын білмейді. Ол ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа өз мәселесін айтып, хат та жолдапты.

Заңгер Нұрлыбай Баталов азамат жеке куәлігін жоғалтса немесе құжатының мерзімі өтіп кетсе, дереу жаңасын алудың қамын жасауы тиіс екенін білдірді. Әйтпесе, жауапкершілікке тартылады. Заңнамада төтенше жағдайға орай осы істе жеңілдік беру жағы қарастырылмаған. 

"Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 492-бабына сәйкес, Қазақстан азаматы 10 күннен 1 айға дейінгі мерзімде мүлдем жеке куәлiксiз, болмаса мерзімі өтіп кеткен куәлікпен жүрсе алдымен оған ескерту жасалады. Бұл да жазаның бір түрі. Егер 1 айдан асып кетсе де ары қарай жеке куәліксіз немесе жарамсыз куәлікпен елде тұрса, оған 7 айлық есептiк көрсеткiш немесе 2020 жылы 18 мың 557 теңге мөлшерiнде айыппұл салынады. Бекітілген тәртіп бойынша қазақстандық жеке куәлігін жоғалтып алса, немесе оның мерзімі түгесілсе, дереу тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға жүгініп, жаңасын рәсімдеуі тиіс. Басқа жолы көзделмеген", – дейді сарапшы.

Алматы қаласының тұрғыны Диас Тоқсейіттің жеке куәлігінің мерзімі аяқталып қалған екен.

"Жаңасын қалай аламын деп бас қатырудамын. Ондай құжаттарды қазіргі кезде халыққа қызмет көрсету орталықтары бермейді. Қалтада қаржы да қалмады. Ақша алу үшін жеке куәлік керек. Карантин кезінде мұндай жағдайда не істеуге болады?! Бұл жайында еш жерде ештеңе жазылмаған. Шенеуніктер әдеттегідей ештеңені аяғына дейін ойластырмайды", – деп кейістік білдірді Диас.

Әрине, "неге мәселесін күнібұрын шешу жайын ойластырмай, барлығын соңына қалдырады?" деп сынаушылар табылуы мүмкін. Бұл ретте осының алдында алматылық ертерек жүгінейін деп наурыз айында Жандосов пен Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы ХҚКО-ға барыпты.

"Орталықтарда жеке куәлік рәсімдейтін жалғыз терезе ғана бар. Оған алапат кезек тұр. Бәлкім, дәл сол кезде ХҚКО-ға келушілердің жаппай вирус жұқтыруы жүріп жатқан да болар. Қауіпсіз ара-қашықтықты сақтау деген жоқ. Адамның зәресі ұшады. Әділет министрі Марат Бекетаевтың атына хат жазып, көргенімді баяндадым. Бірақ ол мұның өз құзырына кірмейтінін айтып сырғытпа жауап қайырды", – дейді Д.Тоқсейіт. 

Қазақстандықтарды жеке басты куәландыратын құжатпен қамтамасыз ету Ішкі істер министрлігінің өкілеттігіне жатады.

ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев елде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты ХҚКО-ларда құжаттарды рәсімдеу бойынша халыққа қызмет көрсету уақытша тоқтатылғанын растады. Тиісінше, осы орталықтарға халықтан өтінішін қабылдап, оны шешумен айналысуына тыйым салынды.

"Төтенше жағдай кезінде жеке куәліктерінің қолданыс мерзімі өтіп кеткен азаматтар Әкімшілік кодексінің 492-бабы бойынша жауапкершілікке тартылмайды! Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, "Электронды үкімет" порталындағы "Қазақстан азаматтарына паспорт, жеке куәлік беру" мемлекеттік қызметін көрсету сервисін қайта пысықтап, жетілдіру бағытында шаралар қабылдап жатыр. Нәтижесінде, қолданыс мерзімі біткен жеке басты куәландыратын құжаттарды қайта рәсімдеу мүмкін болмақ. Сервистің қайта іске қосылғаны туралы халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттандырамыз", – деді өз блогында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу