Илон Маск пен Джефф Безостің бәсекесі басталды

12548

Аmazon компаниясы жерсерік ұшыру жоспарын жариялады.

Илон Маск пен Джефф Безостің бәсекесі басталды

Аmazon компаниясы АҚШ үкіметінен ғарышқа 3236 коммуникациялық жерсерік ұшыруға рұқсат сұрай отырып, жер маңындағы орбитадан интернет ұсыну жарысына қосылды. Осылайша бұл фирма Элон Масктің SpaceХ компаниясы үшін салмақты бәсекелеске айналды.

Аmazon шілденің 4-де АҚШ-тың федералдық коммуникациялық комиссиясына өтініш бере отырып, өзінің kuiper атты спутниктері ондаған миллион тұтынушыны интернетпен қамтамасыз етіп қана қоймай, бүгінде ғаламдық желіге қалауынша кіре алмай отырған бизнестің де жолын жеңілдететінін мәлімдеді.

Аталған комиссия осыған дейін жердің төменгі орбитасына 13 мыңға жуық жерсерік ұшыру туралы ұсынысты мақұлдап қойған. Солардың 11 943 данасы Элон Масктің Space exploration technologies corp компаниясына тиесілі. Айта кетейік, SpaceХ биыл мамырда 60 сателлит ұшырған.

SpaceХ пен Аmazon үшін бұл майданда бәсекелес аз емес. Бәсекелестердің  қатарында Лондонда орналасқан Оneweb, британдық миллиардер Ричард Брэнсонның Virgin тобы, еуропалық жерсерік жасаушылармен серіктестік орнатқан вашингтондық Leosat enterprises компаниясы бар. Cонымен қатар әйгілі Boeing авиациялық концерні де өзі жасайтын спутниктерді орбитаға ұшыру туралы федералдық коммуникациялық комиссияға ұсыныс жіберіп отыр.

Биіктігі 180-2000 шақырым болатын жер маңы орбитасында спутниктер планетамызды небәрі 90 минутта айналып өтіп отыруы керек және олар бір-бірімен өзара сигнал алмасуға тиіс. Жерсерік белгілері жердегі интернет сапасын арттырып, ғаламдық желімен үздіксіз қамту аумағын мейлінше кеңейтеді деген үміт бар.

Amazon өз өтінішінде көрсеткендей, оның жерсеріктері 590-630 шақырым биіктіктен қызмет көрсетеді. Осы компанияның президенті Джефф Безос келтірген деректерге сай, ғарыштан интернет беру жобасын жүзеге асыруға "көптеген миллиард доллар" қаражат жұмсалайын деп отыр. Оның айтуынша, бұл жобаның Аmazon-ның ракета жасау жоспарына қатысы жоқ.

"Ұзақмерзімді жобаның мақсаты – кеңжолақты әрі жедел интернетке қолы жетпей отырған ондаған миллион адамды ғаламдық желіге қосу", – деп жазылған Аmazon таратқан мәлімдемеде.

Бұл компания ғарыштан интернет беру жоспарын көпшілікке биыл сәуір айында алғаш рет жариялады. Содан кейін араға ай салып SpaceХ орбитаға ондаған жерсерік ұшырды.

Amazon өтінішінде көрсетілгендей, ғарыштағы сателлиттердің күшімен шалғайдағы елдімекендерге интернет жеткізіледі.

Spacex-тің амбициясы да осыған ұқсас. Ол да тұтынушыларды қолжетімді интернетпен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Мұны Элон Маск өткен айдың ортасында мәлімдеді. Сонымен қатар өнертапқыш магнат жер маңындағы орбитаға осындай 12 мың аппарат жіберуге рұқсат алды. 2024 жылы барлық спутниктер ғарыш кеңістігіне орналасып, жер тұрғындарына жедел интернет жеткізуге тиіс.

Американың федералдық коммуникация комиссиясының мамырда жарық көрген баяндамасына қарағанда, 2017 жылы Құрама Штаттардың шалғайдағы ауылдарында халықтың 26 пайызы кеңжолақты әрі жер бетінен көрсетілетін интернет қызметіне қол жеткізе алмаған. Бүгінгі таңда 33 миллион америкалық жедел мобильдік сервистің игілігін көре алмай отыр. Аmazon-ның дерегінше, жер шарының 3,8 миллиард адамы осы күнге дейін тез әрі сенімді интернетті қолданып көрмеген. Ал салалық сарапшылардың есебінше, планетамыздың 10-20 пайыз аумағы ғана ұялы байланыс мұнараларымен қамтамасыз етілген.

Кімнің жоспары бірінші жүзеге асады: Джефф Безостікі ме, әлде Илон Масктікі ме? Мұны уақыт көрсетеді. Ал жер тұрғындарына ғарыштық интернетті қолданатын күн соншалықты алыс емес тәрізді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу