Илон Маск шынымен Украинаны "сатып" кетті ме?

2907

Адамзаттың қазіргі заманғы данышпаны өзінің бір сөзімен халықаралық қауымдастықта дүрбелең туғызды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Оның сөздеріне бола Украина жұрты қатты жабығып, ал Ресей жағы масайрап жатыр. 

Илон Маск шынымен Украинаны "сатып" кетті ме?

Атақты SpaceX компаниясының негізін қалаушы, Tesla бас директоры Илон Маск Қырымды Ресейдікі деп атады. Мұнымен шектелмеген ол әлеуметтік желіде Қырым мен Донбасс территорияларының тағдыры туралы сауалнама жүргізуге кірісті.

Оның байламынша, Украинаның шығысындағы тұрғындар Ресейді жақтайды және шынында да сонымен бірге болғысы келеді. Сондықтан ол Ресей құрамына кірген өңірлерде (Украинаның Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье облыстарында) БҰҰ бақылауымен қайтадан, жаңа референдумдар өткізіп, соның қорытындысын тануды ұсынды.

Маск Никита Хрущев Украинаға беріп қоймағанда Қырым әрі қарай да Ресейге тиесілі бола беретін еді деп соқты.

Бұған да қанағаттанбаған ол Украинаның бейтарап мәртебесін қамтамасыз етуге шақырды.

Басқаша айтқанда, Украина НАТО-ға мүше болмауға тиіс. Оған заманауи қаһарлы қаруларды берудің де қажеті жоқ-мыс. Маск алпауыт Ресей мобилизация жариялаған шақта Украинаның бұл қақтығыста жеңетініне күмән келтірді.

Яғни Илон Масктың барлық айтқаны ақыр соңында, тек қана Украинаға қарсы бағытталған болып шықты. Себебі Украина жау басып алған төрт облысын азат етуге күш салып, жанқиярлықпен соғысып жатқаны мәлім. Ал ол өңірлерде БҰҰ басшылығымен референдум өткізілсе, оны бәрібір Ресей ұйымдастырады, өйткені ол территориялар әскер күшімен соның қолына көшті. Бұған қоса, сол жаһандық ұйымның ең жоғарғы органы саналатын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тек Ресей отыр, Украина жоқ.

Масктың бұл қарекетіне Украина Президенті Владимир Зеленский үн қатты. Ол Twitter парақшасында өз сауалнамасын іске қосты, онда халықаралық қоғамдастықтан қандай Илон Маск көбірек ұнайтынын айтуды сұрады. Респонденттер "Ресейді қолдайтын Маскты" немесе "Украинаны қолдайтын Маскты" таңдауы қажет. Дауыс берушілердің украинашыл Маскты жақсы көретіні мәлім болды.

Илон Масктың жанжалды ұстанымына Ақ үй түсініктеме берді.

"Вашингтонның ұстанымынша, Украина РФ-пен келіссөз жүргізуге немесе қандай да бір дипломатиялық қатынас жасауға қатысты өз бетінше шешім қабылдауға тиіс. Біздің бұл мәселедегі ұстанымымыз өте нақты. Біз Украинаның тағдыры туралы Украинасыз шешім қабылдамаймыз. Өз кезегінде АҚШ Украинаның егемендік, азаттық жолындағы күресін қолдайды, оның қасында болады, қамқорлық көрсетеді. Олардың тәуелсіздігі, бостандығы, демократиясы туралы шешімдер Украинамен бірге қабылданады", – деп жауап қатты Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер.

Журналистер одан "Илон Масктың ресейлік пропаганданы тарата бастауы АҚШ билігін алаңдатпай ма" деп сұраған болатын.

Өз кезегінде Кремль Илон Масктың пікірлерін және ол ұсынған қақтығысты реттеу үшін қажет 4 шартын "ден қоюға әбден лайықты" деп жоғары бағалады. РФ басшысының баспасөз хатшысы Песков Маск сияқты тұлғалардың "бейбіт шығар жолды іздеуін өте позитивті жайт" деп атады. Ал Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Илон Маскты мақтай келе, әзілі, әлде шыны екені белгісіз, "ол кезектен тыс офицерлік атақ алуға лайықты" деп мәлімдеді. Медведев оны Штирлицке теңеді және оның өзін "тым ерте әшкере етіп қойғанын" ескертті.

"Роскосмостың" бұрынғы басшысы Дмитрий Рогозин Масктың жаңа мәлімдемесін оның Crew Dragon ғарыш кемесімен халықаралық ғарыш станциясына ресейлік ғарышкер Анна Кикинаның ұшқалы жатқанымен байланыстырды. "Міне, орыстың әйелі америкалықты қалай өзгерте алды", – деп масаттана жазды ол телеграм-арнасында.

Айтқандай, бизнесмен Масктың тұжырымдауынша, Украинадағы қарулы жанжалды келесі тәсілдермен тоқтатуға болады:

  • Украинаның Ресей басып алған территорияларында БҰҰ бақылауымен жаңадан дауыс беруді ұйымдастыру керек. Егер тұрғындар басқаша шешім қабылдаса, Ресей ол аудандардан кетеді.
  • Қырым "1783 жылғы Хрущовтың қателігіне дейінгі сияқты формальды түрде Ресей құрамында қалады".
  • Қырымға Украина жерінен су жеткізуге кепілдік беріледі.
  • Украина бейтарап мемлекет болып қалады. 

Маск бұл шарттар орындалмаған жағдайда тайталас ядролық соғыспен аяқталуы мүмкін дегенді білдірді. Твиттердегі твитінің соңына ол сауалнаманы қыстырды. Жалпы, дауыс берген оның табынушыларының басым көпшілігі Маск ұсынған нұсқаларды қабылдамай, оған қарсы екендерін білдірді.

Осыдан кейін америкалық миллиардер кері шегіну орнына ары қарай табандап, тағы бір сауалнаманы жүргізуге бел буды: ол енді фолловерлерінен "Қырым мен Донбасс тұрғындары өз тағдырын өзі айқындауға тиіс пе" деген сепаратистік сауал қойды. Бұл жолы ия дегендер шамалы асып түсті.

Масктың ұсыныстарын ресейлік оппозициялық саясаткерлер де қатаң сынға алды. Мысалы, шахматтан әлем чемпионы, шетелдегі ресейлік оппозиция өкілдерінің жетекшісі Гарри Каспаров Илон Маскты "сатқын" деп айыптады. Себебі соғыс басталғанда Маск Украинаның қорғанына тұрып, оның әскерлері мен бейбіт тұрғындарын Старлинк атты төл жер серіктерінің тобы арқылы берілетін ғарыштық интернет желісіне қосты, тіпті Путиннің өзіне соғыс ашып, оны жекпе-жекке шақырды. Енді Украина жеңіске жете бастағанда, оны тоқтатып, капитуляциялануға үндеп отыр.

"Бұл моралдық идиотизм болды. Маск Кремль пропагандасын қайталап, Украина халқы паш етіп жатқан жанқиярлық ерлік пен жанкештілікке сатқындық жасады. Путиннің әскери қылмыстарын украиналықтардың қанымен және жерімен марапаттайтындай сіз кім едіңіз? Бұл мәлімдемеңізді жойып, кайф үстінде жаза салып едім деп ақталуға әлі кеш емес. Ұлттық шекараларды қарудың күшімен өзгертуді легимитимді ету – еркін әлемнің емес, диктаторлардың жолы. Диктатуралар этникалық тазалауларға, қырғын қантөгістерге құмар келеді. Украина халқы және территориясы үшінші тұлғалар саудаға салатын кәдесый емес", – деп жазды Каспаров Твиттерде.

Намысына тиіп кетсе керек, бұған Масктың өзі жауап берді.

"Біз Украинаға Starlink-ті бердік және сол үшін 80 миллион доллардан астам қаражат жоғалттық. Сонымен бірге SpaceX те, өзім де ресейлік кибершабуылдардың салмақты қатеріне тап болдық. Ал сен осы твиттен басқа не істедің", – деп қарсы сауал қойды Илон Маск.

"Мен де, көптеген достарым да осы ізгі істеріңіз үшін сізді мадақтадық. Бірақ бұрынғы жақсы істер кейінгі жаман істерді жуып шая ма? Игі істер иммунитет бере ме? Әлде әрбір іс-қимыл мен мәлімдеме мәні бойынша бағаланауға тиіс пе? Starlink-ті бергеніңіз үшін алғыс айтқан украиналықтар енді өздеріне қарсы Кремль тезистерін таратып жатқаныңызда үнсіз қалуға міндетті ме?", – деді Каспаров.

Айта кету керек, Илон Маск ақыр соңында әлеуметтік желі арқылы сол бұрынғыдай Украинаны қолдай беретіні туралы мәлімдеме жасады.

Ресейлік оппозицияның Үйлестіру кеңесінің бастауында тұрған саясаткер, математик, ресейлік саяси қайраткер Андрей Пионтковский Маскқа АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп ықпал етуі мүмкін деген пікір білдірді.

"Трамп әлі күнге Путинді қолдап келеді. Ал Маск соның ықпалына түсіп қалды. Бұл жерде сондай-ақ Маскты Кремльдің "өңдегені" байқалып тұр. Өйткені ғарыш саласымен айналысатын, тарихтан терең білімі жоқ бизнесмен, инженер тосыннан "Khrushchev's mistake" (Хрушевтің қателігі) деген терминді қолданып отыр. Бұл ұғымды білікті америкалық саясаттанушылар да біле бермейді. Себебі, бұл жаргон Мәскеудегі күштік құрылымдардың ортасында қолданылатын. Олар Сталиннің зұлымдықтарын жария еткені үшін Хрущевті жек көретін. Ал шынында Қырымды Украинаға беру туралы шешімді жалғыз Хрущев қабылдаған жоқ, 1954 жылы ол мұндай шешімдерді жалғыз өзі қабылдай алмайтын. Оған өкілеттігі болмады. Бұл Сталин кезіндегі бір адамның тоталитарлық режимі болмау үшін жасалды. Қырымды Украинаға беру КСРО басшылығының, Министрлер кеңесінің, КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының ортақ, ұжымдық шешімі болатын", – деді А.Пионтковский.

Ол Илон Маскты жанама жолдармен Кремльдің өзі де өңдеуі мүмкін деген болжам қайталады.

"Маск Қырымның судан тарығып жатқанына әлем жұртшылығының назарын аударды. Бұл мәселе халықаралық күн тәртібінде тұрған жоқ. Маск ол туралы қайдан білген? Жалпы оның бүкіл тексті Кремльдің қамқор қолымен жазылғандай. АҚШ-та орыс агенттері көп, олардың арасында сұлу бикештер де бар. Маск мұны солардың бірінің ықпалымен жасауы кәдік. Оның нақсүйерлері, ашына әйелдері көп екенін басылымдар жазып жүр. Жалпы, Илон Маск мұндай ұсыныстарды енді Украинаның қабылдамайтынын жақсы біледі. Оның үндеуі АҚШ басшылығына бағытталған. Украина қазір контршабуылға шықты. Енді Киев Америкадан алысқа ұшырылатын зымырандар кешенін, танктерді беруді сұрап отыр. Ресей Украинаның ЖЭО, су және атом станцияларына соққы бере бастады. Оны тыйғызу үшін Украина да Ресей аумағындағы ұқсас нысандарға, Қырым көпіріне соққы бергісі келеді. Бірақ оған қаруының қуаты жетпейді", – деді Андрей Пионтковский.

Сондықтан оның тұжырымдауынша, Кремль Украинаға АҚШ 300, 500 шақырымға және одан арыға ұшатын зымырандар кешенін бермеуі үшін әртүрлі тәсілдерді пайдалануда.

Қалай болғанда, Масктың бұл тірлігі түрлі талас-тартысқа тамыздық болды. Қазақта "Қайыр қылсаң, бүтін қыл" деген даналық бар. Бұрыннан көмектесіп келе жатқан тұлғаның дәл сын сағатында, яғни соғыс шырқау шегіне таяған тұста тайқып шыға келгені онсыз да жүрегі шайлығып қалған Украина жұртының жанына батса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу