Импортты алмастыру бағдарламасы әзірленеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2291

"Атамекен" палатасы мен "Самұрық-Қазына" қоры жаңа өндірістік кәсіпорындардың құрылуын ынталандырмақ.

Импортты алмастыру бағдарламасы әзірленеді

"Атамекен" ҰКП V съезі аясында ұйымдастырылған "Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі" форумында ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры өзара ынтымақтастық туралы келісімді бекітті.

Құжатта жазылғандай, "Атамекен" мен "Самұрық-Қазына" импортты алмастыру бойынша ұзақмерзімді жаңа бағдарлама әзірлемек. Бағдарлама ел экономикасындағы импорттың үлесін айтарлықтай азайтады деген сенім бар. Бұл ретте, ұлттық палата мен ұлттық қор ел аумағында жаңа өндірістік кәсіпорындардың құрылуын ынталандыруға дайын.

"Келісімде нақты бастамалар қамтылып отыр. Импортты алмастыруға арналған ұзақмерзімді жаңа бағдарлама құрылады. Біз қордың компаниялар тобы сатып алатын импорттық тауарлардың тізімін жасаймыз. Одан кейін "Атамекен" палатасымен бірлесіп, қажетті өндірістерді Қазақстанда ұйымдастыру үшін әлеуетті инвесторлар арасында конкурс өткіземіз. Қор өз тарапынан конкурстың жеңімпаздарымен ұзақ мерзімді шарттар жасауға дайын екендігін растайды. Біріншіден, бұл отандық кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандырады. Екіншіден, жаңа өндіріс орындары ашылады, жұмыс орындары құрылады. Бюджетке қосымша салықтық түсімдер түсетін болады", – деді форумда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов.

Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" қоры алдағы екі жылда ішкі холдингтік ынтымақтастықтан бас тарту есебінен кәсіпкерлік субъектілері үшін шамамен 700 млрд теңге көлеміндегі сатып алуларды бәсекелестік ортаға бермек. Осылайша, қордың сатып алуларына қатысатын кәсіпкерлердің қатары айтарлықтай көбейетін болады.

Сондай-ақ, "Самұрық-Қазына" отандық бизнес субъектілерінің мүддесін қорғау мақсатында әлеуетті жеткізушілерге көшпелі аудит жүргізу құзыретін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына бермек.

"Біз саналы түрде осындай қадамға барып отырмыз және бұл қадам аудит жүргізудің ашықтығын толықтай қамтамасыз етеді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың салдарын төмендетіп, бизнестің шығындарын азайтады деген сенім бар", – деді Ахметжан Есімов.

Қор басшысы мәлімдегендей, сатып алулардың электронды жүйесін дамыту аясында жыл соңына дейін жаңа сатып алулар порталында электронды келісімшарттарды бекітуге қол жеткізілмек. Бұл келісімшартты бекіту мерзімін едәуір қысқартпақ. Осылайша, кәсіпкерлер артық жүрістен арылады.

Сондай-ақ, Ахметжан Есімов 2019 жылдан бастап "ӘРЕКЕТ" әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту" жобасына бөлінетін қаржы екі есе ұлғаятын болады деп сендірді. Еске сала кетейік, бұл жоба әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы өңірлік бизнес бастамаларды қолдауға арналған. Бүгінде бұл жобаға 70 млн теңге бөлінеді. Ал 2019 жылдан бастап аталған сома екі есе ұлғаймақ.

Осы аталғандардың бәрі "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры арасындағы бекітілген өзара келісім аясында жүзеге асырылмақ.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов палатаның ұсыныстарын жеткізді. Бұл ретте, ұлттық палатаның жұмысы төрт бағытты қамтитын болады. Олар – салалық саясатты жетілдіру, реттелетін сатып алулар жүйесіне реформалар жүргізу, техникалық реттеу мен стандартау құралдарын толыққанды пайдалану және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру.

"Атамекен" ҰКП өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Владимир Бобровтың айтуынша, отандық өндірістің дамуы үшін заңнамаға өзгерістер енеді. Бұл ретте, отандық тауар өндіруші мәртебесін қолдап отыратын Индустриялық сертификат енгізілмек. Бұл түзету мәжілісте қаралып, сенатқа жолданды. Сонымен қатар, комитет төрағасы мемлекеттік сатып алуларда ұлттық стандарттарды міндетті түрде пайдалану керек екенін айтты.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу