Индустрияландыру қарлығашынан билікпен күресушіге дейін

4285

Зауыты жабылған компания күресті жалғастыруға белсенуде. 

Индустрияландыру қарлығашынан билікпен күресушіге дейін Фото: kolesa.kz

Бұл бизнес тамаша басталып еді. Ол үшін Үкімет қаншама қаулы қабылдады. Мысалы, 2000 жылғы қарашада "ШҚО Өскемен қаласында автоқұрастыру зауытын құру жөнінде" арнайы қаулы шығарды. "Азия Авто" зауыты Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығының алтын көпірі, отандық машинажасаудың беткеұстар жобасы ретінде дәріптелді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мембағдарламасына енгізілді. Бірден бірнеше бағдарлама аясында қаражат тасқыны соған қарай ағындай жөнелді.

2003 жылғы 13 тамызда "Азия Авто" кәсіпорнына барған Елбсы оны "ел үшін мүлдем жаңа өндіріс" деп жоғары баға берді. Зауыттан шыққан "Ниваның" рөліне сол кездегі Мемлекет басшысының өзі отырып, машина құрастыру сапасын тексерді. Бұдан қалды, Үкімет басшысы, министрлер мен әкімдер оның өндірісін ашуды өзіне мәртебе санады.

Президенттің "Сапа саласындағы жетістіктері үшін" сыйлығы аясында "Азия Авто" АҚ өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын болды. Оның өнімдері "Халыққа арналған үздік тауар" атанды. "Парыз" республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

2019 жылдың қорытындысында бұл кәсіпорын қазақстандық нарықтың үштен бір бөлігінен астамын – 36%-ын бір өзі иемденгені анықталды.

Бұрынғы ірі шенеуніктер жұмыссыз қалды

Алайда осы жылдар бойы оның мемлекетті алдап келгені, ал ірі лауазымды шенеуніктер бұған көз жұма қарағаны әшкереленді.

Енді міне, "Азия Авто" жабылды. Конвейері тоқтады. ШҚО әкімі Даниял Ахметов оның әрбір қызметкерін жаңа жұмысқа тұрғызуға уәде етіп отыр.

Бұл ретте 10 наурыздан бастап 1 969 жұмысынан айырылатын көрінеді. Бірақ оның ішінде 64-і – зейнеткер. 1 905-і – еңбекке жарамды жастағы адам. Арасында кейбірі Ресей паспортына ие деседі.

Атап өтер жайт, мұның бәрі – зауыттағы жұмыскерлер емес. Көлік құрастырумен 500-ге де жетпейтін жұмысшы айналысқан. Әлгі статистика – "Бипек Авто–Азия Авто" компаниялар тобында істейтін адамдардың жалпы саны.

Айтпақшы, ел Президентіне былтырғы үндеуінде компания басшылығы "5 мың адамнан тұратын ұжымбыз" деп көрсеткен. Онысы расталмады.

"Жұмысынан босайтын және еңбекке жарамды жастағы 1 мың 905 жұмысшы үшін облысымызда олардың еңбек бейініне сәйкес келетін 3 мың 199 бос жұмыс орны дайын тұр. Соның ішінде 1 мың 303 орын – ірі кәсіпорындарда, тағы 1 мың 896-сы – еңбек электронды базасында", – деді облыс әкімі Д.Ахметов.

Мәселен, Қазақстандағы электрлі-техникалық жабдықтар мен подстансалар құрастыру бойынша ең ірі кәсіпорындардың бірі "Кэмонт" АҚ-ы олардың арасынан кадр іріктеуге кірісіп кетіпті: 80-нен астам "азияавтолық" жұмысшы алдын ала әңгімелесуден өтті және бұрынғы орнындағы міндеттемесі аяқталған соң жаңа жұмысын бастауға дайын. 

ШҚО әкімінің мәліметінше, әрбір адам жеке-жеке жұмысқа тұрғызылады. Басқа бір кәсіпорынға командамен жаппай ауысу деген болмайды.

Даниял Кенжетайұлы әрбір жұмысшының қандай жұмысқа орналасқаны туралы жедел ақпаратты күн сайын 18:00-де жеке өзі зерттеп, бақылап отыруға сөз берді. Бұл төмен дәрежелі шенеуніктер жұмыссыз қалғандарға қатысты жалған, жасанды түрде көркейтілген есеп бермеуі, өтірік қосып жазбауы үшін айтылған болса керек.

Д.Ахметов еліміздің өзге өңірлерінде автомобиль құрастыратын отандық зауыттардың басшылығымен өзі келіссөз жүргізіпті. Олар да білікті мамандарды қабылдауға әзір екенін білдірген екен.

Дегенмен, "Азия Автоның" кейбір қызметкерлеріне, әсіресе, топ-менеджментіне өз бетінше жұмыс іздеуге тура келмек. Әкімнің уәдесі оларға таралмайды. Мысалы, 1999–2003 жылдары Өскемен әкімі, кейін Мәжілістің депутаты болған, бертінде "Азия Авто" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған Вера Сухорукова, 8 жыл бойы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған, кейін "Азия Авто" зауытын құрудың бастауында тұрған Юрий Швайченко және басқалары кейінгі кезде мемлекеттік құрылымдармен айқасып, арпалысуға белсенді араласқаны мәлім.

Аты қазақстандық, заты ресейлік осы компания билікке доқ көрсетуге дейін барғаны құпия емес. Мысалы, мемлекет пандемиямен және дағдарыспен күресіп жатқан 2020 жылдың тамызында аталған автомобиль холдингі биліктің "тірліктеріне" қарсы қол жинады. Сөйтіп, Президент Қ.Тоқаевқа бағытталған үндеу астына, өздерінің айтуынша, 45 959 адамға қол қойғызған.

Заңға бағыну орнына билікке қарсы халықты көтеруге тырысу талабын әрине, ел Үкіметі қолдай қоймасы анық. Оның үстіне биылғы Мәжіліс депутаттарының сайлауында "Азия Авто" "Nur Otan" партиясына мүше қызметкерлерін пайдаланып, билеуші партияның штабын мазалаған.

Қалай болғанда, "Азия Авто" 19 жылдығына аяқ басқанда, омақаса құлады. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігін қолдап шықты. Үкімге сәйкес, мемлекетке осы жылдары мемлекетке келтірген 173,9 млрд теңге залалы "Азия Авто" АҚ-ынан өндіртіп алынады. ЖСО-лар іске кірісуде.

Жығылған күреске тоймайды

Компания өкілі Владимир Шевченко апелляциялық тәртіппен осы шешімге шағымданатындарын хабарлады.

"Осы күрделі істі қарау бір ғана қысқа сот отырысымен шектелді, сот барысында сот біздің барлық дәлелдемелерімізді елемеді", – дейді ол.

"Бүгінде "Бипэк Авто–Азия Авто" компаниялар тобының ұжымы зауыт тағдыры үшін күресті жалғастыруда. Жағдайдың әділ шешімін табуынан үміттенеді. Алда – істі Жоғарғы сотта қарау" – деп жазылған компанияның ресми сайтында.

Сарапшылар қазіргі кезде "қазақстандық көлік" деген жоқ екеніне назар аудартады. Елімізде шығарылатын автокөліктің бәрі Ресейден, Қытайдан, Кореядан шашылған күйде әкеліп, елде құрастырыла салған өнімдер ғана. Соңғы 10 жылда 100 мыңдай көлікті өндіруге ел бюджетінен жарты миллиард долларға жуық қаражат құйылыпты.

Елдегі өзге автозауыттардың тағдыры да белгісіз. Мысалы, 2020 жылдың желтоқсанында SsangYong компаниясы банкрот болғанын жариялағаны мәлім.

Ал қарапайым қазақстандықтар үшін бағасы жыл сайын қымбаттаған "отандық" көліктер қолжетімсіз болып қалуда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу