Инфляция әлемді ереуілге итермелеп отыр

2345

Бағалардың шарықтауына Украинадағы қарулы қақтығыспен бірге қуаңшылық пен пандемия да себепші.  

Инфляция әлемді ереуілге итермелеп отыр

Азық-түлік бағасы өсті. Жанармай қымбат. Сол қымбатшылыққа ілесе алмай жатқан мардымсыз жалақы. Инфляция бүгінде адамдардың әмияндарын "қаңтарып", бүкіл әлемде наразылық шерулері мен жұмысшылар ереуілдеріне түрткі болып отыр.
Осы аптаның өзінде Пәкістандағы саяси оппозиция, Зимбабведегі медбикелер, Бельгиядағы кәсіподақ жұмысшылары, Ұлыбританиядағы теміржолшылар, Эквадордағы байырғы тұрғындар, АҚШ-тағы ұшқыштар және кейбір еуропалық әуе компаниялары қарсылық акцияларын өткізді. Ал Шри-Ланка премьер-министрі сәрсенбіде бірнеше аптаға созылған саяси күйзелістен елінің экономикасы күйрегенін жариялады.

Экономистердің айтуынша, Ресейдің Украинадағы соғысы энергия құнын, тыңайтқыштардың, дәнді дақылдар мен май бағасын одан әрі көтеру арқылы инфляцияны күшейтіп отыр және де әлемнің негізгі ауылшаруашылық аймақтарының бірі саналатын Украинада фермерлер үшін егін өсіру мен астық экспорттау мұңға айналды.

Бағалар өскен сайын инфляция жер-жаһанда теңсіздікті күшейтіп, шығындарының орнын толтыра алмай жатқан миллиардтаған адам мен бай-бағландар арасындағы алшақтықты кеңейту қаупін тудырып отыр.

"Ең бай адамдардың қаншасы бір бөлке нанның құнын біледі? Меніңше, олар бағаға қарамайды. Қандай болса, солай қабылдай береді", – дейді кедейлікке қарсы Oxfam ұйымының теңсіздік саясаты бөлімінің басшысы Мэтт Грейнджер АР агенттігіне берген сұқбатында.

Oxfam осы демалыс күндері Германияда өтетін "Үлкен жетілік" саммитіне қатысушыларды дамушы елдердің қарызын жеңілдетуге және корпорацияларға артық пайда салығын салуға шақырады.

Грейнджердің ойынша, "қазіргі жағдай жекелеген дағдарыс емес. Бұл – бүкіл әлемде теңсіздікті күшейткен пандемия тұсындағы кризис және де әлем алда әлі талай наразылыққа куә болады".

Демонстрациялар үкіметтердің назарын өзіне аударды. Кейбір мемлекеттерде министрлер кабинеті тұтыну бағасының көтерілуіне, коммуналдық төлемдерді субсидиялауды кеңейту және жанармай салығын азайту сияқты қолдау шараларымен жауап беріп жатыр. Ал орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерді көтеру арқылы инфляцияны жеңілдетуге тырысып отыр.

Сонымен қатар ереуілдеткен жұмысшылар жұмыс берушілерді бағаның өсуіне ілесу үшін жалақыны көтеру туралы келіссөздерді бастауға мәжбүр етті.

Осы аптада шерулер салдарынан Ұлыбританияда пойыздар тоқтады. Корольдіктің теміржол, теңіз және көлік одағының жоғары лауазымды қызметкері Эдди Демпсидің болжамынша, Британиядағы басқа салаларда да жалақыны көтеру туралы талап күшеймек.

"Ұлыбританияда жалақыны көтеретін уақыт жетті. Айлық 30 жыл бойы төмендеп, корпоративтік табыс өсіп жатыр", – дейді Демпси.

Өткен аптада Оңтүстік Кореяда мыңдаған жүк тасушы машинаның жүргізушісі сегіз күндік  ереуілді тоқтатты. Олар бұл акцияны жанармай мен азық-түлік қымбаттаған шақта минималдық жалақыға кепілдік беруді талап ету үшін ұйымдастырған еді.

Наразылықтан елде жүк тасымалы мейлінше кешеуілдеді. Осыдан бірнеше ай бұрын Кореядан шамамен 10 000 шақырым жердегі Испанияда да жүк көлігін жүргізушілер жанармай бағасының өсуіне қарсылық білдіріп, ереуілге шықты.

Перу үкіметі сәуірде жанармай мен азық-түлік бағасына қарсы шерулер зорлық-зомбылыққа ұласқаннан кейін ел аумағында қысқаша коменданттық сағат жариялады. Жүк көліктері мен басқа да транспорт қызметкерлері де демонстрацияға шығып, маңызды магистральдарды жауып тастады.

Өткен айда өмір сүру құнының өсуіне наразылықтар Шри-Ланка премьер-министрін қызметінен тайдырды. Бұл аралдық мемлекетте орта таптағы отбасылардың өзі экономикалық дағдарысқа байланысты тамақтануды қысқартып, елден мүлдем кетуді ойластыра бастаған.

Әсіресе Ауғанстан, Йемен, Мьянма және Гаити сияқты елдердегі жағдай қиын. Оларда босқындар мен кедейлер үшін өте ауыр күндер туды. Бұл мемлекеттерде соғыстан үйлерін тастап кеткен адамдарға көмектесіп жатқан гуманитарлық ұйымдар да ақшаны әрең жинап жатыр.

"Бүйрегім үшін қанша бересіз?". Кенияның ең үлкен ауруханаларының біріне жиі қойылатын сұрақ осы. Сондықтан Кениатта ұлттық госпиталі осы аптада Facebook-те адамдарға органдарды сату заңсыз екенін ескертті.

Еуропадағы орта тапты да қымбатшылық қысып барады.

"Біздің жалақымызды көбейтіңіз. Қазір!". Бұл – өткен аптада Брюссельде мыңдаған кәсіподақ жұмысшылары көтерген ұран.

"Мен мұнда азаматтардың сатып алу қабілетін қорғау үшін келдім, өйткені демонстрация – өзгеріске қол жеткізудің жалғыз ғана жолы. Біз енді төзе алмаймыз. Тіпті екі айлық аламыз... екеуміз де жұмыс істеп жатырмыз, бірақ бәрібір еңсемізді көтере алмай келеміз", – дейді наразылық білдіруші Женевьев Кордиер.

Кейбір елдерде коррупция мен шаруашылықты дұрыс басқармау тоғысып, экономикалық күйзеліске негіз болып отыр. Мұндай ахуалды, әсіресе Ливан мен Ирак сияқты саяси тығырыққа тірелген мемлекеттерде байқауға болады.

Наразылықтардан Африка да кенде емес:

– Зимбабведе денсаулық сақтау саласының мамандары үкімет жалақыны 100% көтеру туралы талапты орындаудан бас тартқаннан кейін ереуілге шықты. Медбикелердің айтуынша, олардың ұсыныстары шарықтап бара жатқан 130 пайыздық инфляциядан бәрібір төмен.

– Өткен жылы азық-түлік бағасы 12%-ға қымбаттағандықтан, кениялықтар көшелерде және интернетте наразылық білдірді.

– Тунистегі ең қуатты кәсіподақтардың бірі өткен аптада мемлекеттік сектордың жалпыұлттық ереуілін өткізді. Солтүстік Африкада орналасқан бұл ел қазір тереңдеп бара жатқан экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр.

– Осы айда жүздеген белсенді Буркина-Фасодағы өмір сүру құнының өсуіне қарсылық білдірді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мұнда жүгері мен тары өткен жылдан бері 60%-дан астам қымбаттап, кейбір провинцияларда 122%-ға дейін көтерілгенін айтады.

"Қымбатшылыққа келетін болсақ, біз биліктің халыққа опасыздық жасағанын түсініп отырмыз", – дейді осынау батысафрикалық мемлекеттегі наразылық акцияларының артында тұрған азаматтық қоғам коалициясының президенті Иссака Порго.

Халықаралық валюта қорының мәлімдеуінше, инфляция биыл дамыған елдерде шамамен 6%-ға, ал нарығы қалыптасып жатқан мемлекеттер мен дамушы елдерде шамамен 9%-ға жетеді. Жаһандық экономикалық өсім биыл және келесі жылы 40%-ға баяулап, 3,6%-ды құрамақ. 

Бұл бәсеңдеу COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемде өндірістен туризмге дейінгі салаларды әлі де қамтыған кезде көрініс беріп отыр. Климаттың өзгеруі мен құрғақшылық та кейбір елдердегі ауылшаруашылық өндірісіне әсер етіп, азық-түлік бағасын одан әрі жоғарылатып, экспортқа тыйым салуға түрткі болды.

"Азық-түлік бағасының қымбаттауы, әсіресе, жалақысының 42 пайызын тамаққа жұмсайтын табысы төмен елдерге өте ауыр тиеді. Біз наразылықтарды алда көбірек көреміз. Олар бәлкім, кеңірек және ашулырақ болар. Бірақ мен тұрақсыздандыратын немесе режимді өзгертетін демонстрациялар күтпеймін. Өйткені өндірушілер жағдайға бейімделіп, үкіметтер субсидияларды мақұлдап жатыр", – дейді Eurasia Group кеңес беру компаниясының азық-түлік қауіпсіздігін қадағалайтын сарапшысы Питер Серетти АР агенттігіне берген сұқбатында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу