Инфляция баяулайды – Ұлттық банк

4016

Алдағы жылы инфляция деңгейі 4-6% болуы мүмкін. 

Инфляция баяулайды – Ұлттық банк

2021 жылы инфляция процестері баяулайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ұлттық банк 2021 жылғы мамыр-маусым болжамды кезеңнің қорытындысын жариялады.

Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, биыл мамырда инфляциялық процестер жылдық көрсеткіште 7,2%-ға дейін өскен.

"Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтерге бағаның едәуір өсуі азық-түлік компонентінің дезинфляциясы есебінен өтелді. Азық-түлік бағаларының жылдық өсімі баяулап жатыр. Ол мамырда 9,3% болды", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Ол дезинфляциялық процестерге қарамастан жекелеген тауар нарығында бағаның өсу тенденциясы сақталатынын атап өтті (күнбағыс майы, қант, қой еті).

"2021 жылғы қаңтар-мамырда азық-түлік тауарларының бағасы 4,9%-ға өсті. Әлемдегі азық-түлік тауарларының қымбаттауы да проинфляциялық қосымша қысым тудырады", деді Ақылжан Баймағамбетов.

Төраға орынбасары мамырда халыққа ұсынылатын ақылы қызметтердің жылдық бағасы 5,1%-ға дейін өскенін жеткізді.

"Электр қуаты тарифінің өсуі, карантин шектеулерінің жеңілдеуі, халықты жаппай вакцинациялау жағдайында сұраныстың артуына байланысты жекелеген қызметтердің бағасы артты. Осыған байланысты қызметтер саласындағы инфляция да жеделдеді",– деді Ұлттық банк өкілі.

Ақылжан Баймағамбетов биыл елімізде инфляция баяулайды деген пікірде.

"Тұтынушылар сұранысының тез қалпына келуі және кейбір тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасының өсуі аясында біздің бағалауымыз бойынша, биыл инфляциялық процестер баяу қарқынмен азаяды",– деді орынбасар.

Осыған байланысты Ұлттық банк инфляцияның қысқа және орта мерзімді болжамын қайта қараған.

"Азық-түлік инфляциясы бұдан былай баяулайды деген болжам бар. Сонымен қатар азық-түлікке жатпайтын және қызмет көрсету инфляциясы ішкі тұтынушылық сұраныстың қалпына келу өсімі мен сыртқы инфляциялық фонның шамалы өсуі аясында үдей түседі.

Бензин бағасының күрт өсуінен, электр қуатының қымбаттауынан, бюджеттік ынталандырудың күшеюінен және инфляциялық болжамдардың жоғарылауынан инфляция 2021 жылдың аяғында мақсатты деңгейден сәл жоғары қалыптасады", - деді Ақылжан Баймағамбетов.

Ол 2022 жылы инфляция баяулап, оның деңгейі 4-6% болатынын жеткізді.

"Сондай-ақ соңғы айларда айтарлықтай қымбаттаған әлемдегі азық-түлік бағасы біртіндеп төмендейді деген болжам бар",деп түйіндеді сөзін Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу