Инклюзивті бизнестің мүмкіндіктері мен болашағы

1923

Ерекше қажеттілікті талап ететін жандардың қоғамда өз орнын тауып кетуіне жағдай жасау қажет.  

Инклюзивті бизнестің мүмкіндіктері мен болашағы

Atameken Business телеарнасының тікелей эфирінде өткен телемарафонда кәсіпкерлер палатасы өкілдері, кәсіпкерлер, қауымдастық басшылары бас қосып инклюзивті бизнестің мүмкіндіктері мен болашағын талқылады.

Тараздық кәсіпкер, мүмкіндігі шектеулі жан Анар Бексұлтанова көп адамға үлгі болатын өзінің инклюзивті бизнесі жайлы айтып берді.

"Менің екі қолым жоқ. Аяғыммен тігін тігемін.Тек аяғыммен ғана жұмыс істеймін. Ешбір жерде екі қолы жоқ адамға арнайы жағдай жасалмаған. Бұл менің жеке басымның қиыншылықтары. Дегенмен мемлекеттен бизнесіме қолдау көріп жатырмын. Мысалы, кеше "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан 2,5 млн теңге грант жеңіп алдым. Бұл қаражатқа кәсібіме қажетті құрал-жабдық алмақшымын. Шынымды айтсам, қатты қиналып жүрген жоқпын. Есік алдына цех соғып алып, кәсібімді дөңгелетіп әкеттім. Тіпті карантиннің ауыртпалықтарын да сезінбедім", – дейді кәсіпкер. 

Анар Бексұлтанова бизнесін қалай бастағанын есіне алды. 

"Мен 2000 жылы жоғары оқу орнын тәмәмдадым. Негізгі мамандығым – биология пәнінің мұғалімі. Алайда дипломымды алып, көпшілік сияқты жұмыс істеймін, мұғалім боламын деп қанаттанып барған жерім "сіз бірінші топ мүгедегісіз, жұмыс істеуге құқыңыз жоқ" деп шығарып салды. Бұл – жалындап тұрған жасқа су шашып сөндіру, кемсіту тәрізді болды. Алайда қиыншылықтар мені шыңдады. Міне, жеті жылдың жүзі болды бизнеспен айналысып келемін. Бастапқы кезде "Бизнес бастау", "Дамуда" оқып, грант алдым. Бұл маған үлкен көмек болды", – деп кәсіпкер қазір бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырғанын сөз етті.

Бухгалтерлік есептілік тапсыру қызметімен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жан Меруерт Құлахметованың айтуынша, мемлекет тарапынан көмек болғанымен, мүгедектігі бар адамдардың бизнеске деген талпынысы жетіспейді.

"Жұмыс беруші мүгедектігі бар адамға толыққанды жұмысшы ретінде қарай алмайды. Қызметке біліктілігіміз жетіп тұрса да, көпшілігі бірінші кезекте біздің мүгедектігімізді аңғарады. Сондықтан  әл-ауқатымызды тек кәсіпкерлікпен айналысып қана көтере аламыз. Мен "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасына қатысып, 2018-2019 жылдары екі рет грант ұтып алдым. Соның арқасында офисіме қажетті компьютерлер, керек-жарақтарды сатып алып, бизнесімді өркендеттім. Біздің кәсіпорында бес адам жұмыс істейді. Оның үшеуі ерекше қажеттілікті талап етеді. Дегенмен келеңсіздіктер де жоқ емес. Жалпы басқаға тәуелді болып өмір сүру кең етек алған. Берген нәрсені ала берсем деп ойлайтындар көп. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бизнес жүргізу туралы үгіт-насихат аз. Мүгедектер оқшау өмір сүретіндіктен, көпшілігінің білімі де, біліктілігі де төмен әрі аса белсенді емес. Мысалы, "Атамекен" ҰКП бизнеске көмектесетінін бәрі біле бермейді", – дейді Меруерт Құлахметова.

"Бизнес бастау" жобасының жетекшісі Жасұлан Меңдіқұловтың сөзінше, кәсіпкерлік бағдарлама – әлеуметтік бағдарлама емес. 

"Бизнес бастау" жобасының негізгі бағыты – шағын және орта бизнесті дамытуға арналған "Еңбек" бағдарламасы аясында өтеді. Бұл әлеуметтік бағдарлама емес. Дегенмен жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың жобаларын жетелеу барысында ол кісілерге басымдық береміз. Олардың арасында жиі кездесетін мәселелер туралы айтар болсам, байқауымша көбі жаңа және цифрлық технологияларды жақсы меңгермеген, келіссөздер жүргізуге, кеңселерді жалдауда біздің көмектесуімізді сұрайды. Көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларды білмейді, порталдармен жұмыс істеу машықтары жоқ. Елдегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаларда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған.

Дегенмен мүгедек адамдармен жұмыс істеу қиын емес. Кәсіпкерлерге сабақ беру барысында байқағаным, мүгедектігі бар жандар намысшыл болып келеді. Тапсырманы денсаулығы жақсы адамдарға қарағанда ертерек орындайды әрі түсінбеген жерлерін сұрап отырады", – деді Жасұлан Меңдіқұлов.

"ElAMAN" әлеуметтік инновациялық жобалар қорының төрағасы, инклюзивті экономика бойынша "Атамекен" ҰКП төрағасының штаттан тыс кеңесшісі Алмаз Ержан бізде қазір инклюзивті қоғам қалыптаса қоймағанын айтты. Телемарафонға қатысушылардың жалпы пікірінше, инклюзивті бизнесті дамыту үшін мүгедек жандарға заңдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, қоғамда орнын тауып кетуіне жағдай жасау қажет.
  

Нұржан Көшкін


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу