Internazionali BNL d'Italia-2022. Путинцева мен Рыбакина үшінші айналымда

859

Қазақстандық теннисшілер ширек финалға шыға ала ма?

Internazionali BNL d'Italia-2022. Путинцева мен Рыбакина үшінші айналымда

Қазақстандық теннисшілер Римде (Италия) өтіп жатқан WTA 1000 турнирінде сәтті өнер көрсетуде. Бүгін, 12 мамырда Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жарыстың ширек финалына шығу үшін сынға түседі. Бір күн бұрын Рыбакина америкалық Лорен Дэвистен 6:4, 6:3 есебімен айласын асырса, Путинцева әлемнің экс-бірінші ракеткасы испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездесуде сенсация жасады - 3:6, 7:6 (4), 6 :1.

WTA рейтингінде 17-ші орында тұрған 22 жастағы Рыбакина 1/8 финалда әлемнің 29-ракеткасы швейцариялық Жиль Тайхманға қарсы шығады. 24 жастағы теннисші осыдан бір апта бұрын Мадридте (Испания) өткен турнирде Еленаны 6:3, 6:1 есебімен жеңген болатын. Енді спортшыларды екінші кездесу күтіп тұр. Осы додада Қазақстанның бірінші ракеткасы әлі бірде бір сетте жеңілген жоқ. Бірақ, Тайхман екінші айналымда чехиялық Каролина Плишковамен ойында біраз қиындықтарға тап болды. Соған қарамастан Жиль әлемнің алтыншы ракеткасын жарыстан шығарды - 6:2, 4:6, 6:4. Рыбакина мен Тайхманның қарымта кездесуі бүгін, Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-де басталады. Тағы бір 1/8 финалдық бәсекеде ресейлік Дарья Касаткина мен осы жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген Паула Бадоса өзара мықтыны анықтайды.

Ал 27 жастағы Путинцеваның қарсыласы әлемнің жетінші ракеткасы, Онс Жабер болмақ. Өткен аптада ол Мадридте спорттық мансабындағы ең үлкен титулды жеңіп алды. Оған қоса Жабер осы сайыста қатарынан сегіз жеңіске жетті. Юлия мен Онс бір-бірімен екі рет ойнап, екі кездесуде де Тунис теннисшісі екі сетте жеңіске жетті. Бүгінгі кездесу елорда уақытымен шамамен 21:35-те басталады.

Айта кетейік, Рим турнирінен кейін ел құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 18-ден 16-орынға көтерілсе, ал Юлия үш саты жоғары көтеріліп, 37-орынға жайғасты. 

Internazionali BNL d'Italia-2022 турнирінің жалпы жүлде қоры 5,415, 410 еуроны құрайды. Жеңімпаздар қомақты сыйақы мен рейтингтік ұпайларға ие болады.

Бірінші тур: 10 ұпай | 21 650 еуро

Екінші тур: 45 ұпай | 39 070 еуро

Үшінші кезең: 90 ұпай | 72 865 еуро

Ширек финал: 180 ұпай | 136 225 еуро

Жартылай финал: 360 ұпай | 249 740 еуро

Финал: 600 ұпай | 456 720 еуро

Чемпион: 1000 ұпай | 836 355 еуро

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу