Интернетте смартфон сатушы саудагерлер неге қаптап кетті?

2875

Осы бизнестен аузы күйген кәсіпкерлердің қатары көбеюі мүмкін. 

Интернетте смартфон сатушы саудагерлер неге қаптап кетті?

Кейінгі кезде Kaspi, Satu, OLX және басқа да отандық интернет-алаңдар мен маркетплейстерде ұялы телефон сатушылар қаптап барады, деп хабарлады іnbusiness.kz. Бұл ретте смартфонның бір түрінің бағасы әр саудагерде әрқалай екені аңғарылады. Кейде ол айырмашылық 50–100%-ға дейін жетеді. Осыған назар аударған саналы сатып алушылар мұның мәнісін білмей дал.

Өйткені ХХІ ғасырдың басында контрабандамен әкелінген ұялы телефондар ресейлік "Евросеть" және басқа да танымал дүкендер желісі арқылы аса арзанға сатылғаны мәлім. Одан бері экономикалық тергеу қызметі бұл бағытта біраз іс тындырып, тегеурінді тосқауыл қойды. Сонда ресми маркетплейстерде қалыптасқан қазіргі бағаның мән-жайы неде?

Оның анық-қанығын астаналық белгілі кәсіпкер, 2000 жылдан бері ұялы телефондар мен олардың аксессуарларын көтерме және бөлшек сатумен айналысып келе жатқан тәжірибелі саудагер, Satel компаниясының директоры Саят Сабыржанов түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мұның бірнеше себебі бар.

"Бұл жерде алдымен тауар бағасының неден қалыптасатынын ұғынып алған жөн. Бірінші себеп – әрине, салықтар мен кедендік баждар. Ресми тіркелген адал кәсіпкерлер оның бәрін тап-тұйнақтай төлейді. Соңғы бірнеше ай бойы Каспи-дүкен жаңа серіктестерді – сатушыларды белсенді тартып жатыр. Бұған дейін жаңа серіктестерді қосуға тыйым-мораторий болған. Енді көңілі қалаған кез келген адам маркетплейске (электронды базар) тіркеліп, өз тауарларын жая алады. Нәтижесінде, біздің нарықта бәсеке күшейді. Телефондарды алып сатудан түсетін маржа-пайда қатты кеміп кетті. Көптеген компания табыстылықтың құзынан құлаудың аз-ақ алдында тұр", – дейді бизнесмен.

Оның айтуынша, бүгінде сауда орындарындағы және сауда үйлеріндегі смартфон мен оның қажетті заттарын сататын әрбір сөре-витрина маркетплейсте бірнеше аккаунттан ашып алды.

"Көпшілігі көзбояушы схемалармен, көлеңкелі немесе сұр жолмен жұмыс істейді. Арзанырақ әрі тез сатады, табысты есепшотынан шешеді. Салық төлемейді. Әрбір тауарға шот-фактура, ілеспе құжаттарын сұратпайды. Тауарды көтерме саудагерлерден қолма-қол ақшаға сатып алады. Интернет алаңдар мұндай кәсіпкерлерді жақсы саудамен қамтамасыз етеді, тек барынша төмен баға қойса болғаны. Бұл азаматтар салық төлемеген соң, бухгалтерлік есеп жүргізуге бас қатырмайды", – дейді С.Сабыржанов.

Смартфон сатушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі, не Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлей салады. Алайда бірер апта ішінде табыс айналымының көлемі жөнінен жеке кәсіпкерлерге, БЖТ-лықтарға белгіленген шек-лимиттен асады.

Асқан соң не істеуі керек? Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлейтін субъект ретінде мемкірістер органында тіркелуі шарт. Бірақ ондай жағдайда иығына үлкен салық жүктемесі түседі.  

"Бұл кәсіпкерлер оңай беріле салмайды: басқа бір адам атына басқа компанияны тіркетіп, жұмысын әрі жалғастырады. Ол нысан бойынша да айналым шегі тез толып қалады. Осылайша, өз атына кәсіпкерлік нысанын тіркетуге келісетін туыс-туғаны, жора жолдасы аяқталғанша, қимылдай береді. Әрине, адал жолға түсіп, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген жігіттер бар. ҚҚС дегеніміз – әрбір сатылған тауардан ұсталатын 12%-дық салық. Егер сіз тауарды шетелден импорттап әкелсеңіз, мемлекетке оның құнының 12 пайызы көлемінде алым төлейсіз", – деді Саят Сабыржанов.

Оның мәліметінше, ҚҚС төленгені туралы жалған құжаттарды сатып алатын саудагерлер бар. Бірақ ондай қулықтың құйрығы бір-ақ тұтам. Себебі, кәсіпкердің бәрі бухгалтерлік есеп тапсырып тұрады.

"Тапсырылған есептер салық жүйесіндегі "Пирамидаға" енгізіледі, сонда ілеспе құжаттарды адал емес, жосықсыз жеткізушілер – құжат сатушылар бергені бірден белгілі болады. Мемлекетті алдамақ болған кәсіпкерге салықшылар хабарлама жібереді: жосықсыз компания ұсынған құжаттарды есептен алып тастап, 12% ҚҚС-ті және 20% корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеңіз деп ескертеді. Сонымен бірге өсімпұл мен айыппұлды да қосып жібереді. Егер төленбеген салық көлемі белгілі бір сомадан асып тұрса, онда іс дереу экономикалық тергеу қызметіне жолданады және ондағылар қылмыстық іс қозғайды. Соның кесірінен, жігіттер ақ тер-көк тер болып жүріп, бірақ алдау жолымен тапқан табыстарының бәрін, тіпті артығымен мемлекетке төлеуге мәжбүр болады", – деп ескертті тәжірибелі бизнесмен. 

Оның пайымдауынша, қазіргі кезде интернеттегі сауда алаңдары мен маркетплейстер – жас және өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін "үлкен бизнес университетіне" айналуда. Олар сонда өз бизнесінің негізін қалай алады. Алайда белгілі бір уақыттан соң өз кәсібін заңды рельске тұрғызбаса, банкроттық жағдайға дейін жетеді.

Қарағандылық бизнесмен Мәлік Адаев пысықай, әбжіл кәсіпкерсымақтар өздері борыш батпағына батқанымен қоймай, тұңғиыққа туыстары мен таныстарын сүйреп әкетуі мүмкін екеніне назар аудартады.

"Олар соларды көндіріп, не шамалы ақша беріп, атына компания ашады. Кейін салықшылар қатаң талаптарымен және ҚҚС, КТС, айыппұл, өсімпұл-пеня және басқасы бойынша алапат қарыз сомаларымен сол кісілерді қудалайды. Оларды сотқа сүйрейді. Сот орындаушыларының 20%-дық қызмет құнын да өтеуге тура келмек. Есепшоттарын, жәрдемақы, жалақыларын бұғаттайды. Егер атына компания ашқызған азаматтың қымбат коттеджі, көлігі, басқа бағалы дүние-мүлкі болса, басы сорға қалғаны: оның бәрін мемлекет тәркілеуі ықтимал. Көнгіш байғұстар сөйтіп, иірім мен жылымға қатар түсіп кетеді", – деп қаперге салды ол.

Әрине, смартфон сататын дүкен ұстайтын беделді бизнесмендердің бар айтқанына имандай сене беруге болмас. Олар мұны өкініштен айтуы да мүмкін: жаңа саудагерлер нарық сұранысына бейімделгіш, икемді келеді, әрі нарықтың азулы ойыншыларының аузынан табысын жырып әкетуде.

"Сател" басшысының өзі ғаламторда, ұялы қосымшаларда смартфон саудасы қызғалы бұрынғы қызметкерлерінің өз бетінше сауда жүргізуге кетіп жатқанын қынжыла хабарлады. Маркетплейстер ірі компаниялардың персоналын толқындай шайып кетуде.

"Өйткені мысалы, "Каспи-дүкенде" саудалау үшін көп шығын шығару қажет емес. Компанияның құрылтайшысы да, сатушы да, жеткізуші-курьері де, тауарды сатып алып, қабылдаушы да, байланыс орталығы да – өзіңсің. Персоналымыз кәсіпке машықтанып алған соң өз бетінше саудалауға ден қояды. Мысалы, соңғы бірнеше айда біздің бұрынғы оншақты қызметкеріміз Каспи-дүкенде саудалауға кетіп қалды. Олар тауар жеткізушілер бойынша біздің байланыстарымызды қажетке жаратуда. Бұрындары осы салада бизнес ашу жолындағы басты кедергі – клиенттің жоқтығы болатын. Енді маркетплейстер бұл мәселенің өзектілігін жойды. Төмен баға қойсаң болды, клиент табылады. Сондықтан ірі және орта компаниялардың қызметкерлері жұмыстан кетіп, жеке кәсіпкерліктерін ашуда. Ірі сауда желілері амалсыз, оффлайн дүкендерінің желісін қысқартып жатыр. Біз "1 қалада – 1 ірі оффлайн дүкен" формуласына мойынсұнатын сияқтымыз. Сауда онлайнға бетбұрыс жасады", – деді С.Сабыржанов.

Дегенмен, тәжірибелі кәсіпкерлердің "микро және шағын бизнес те заңды өрісте жұмыс істеуі керек" деген кеңесі құнды. 

Қалай болғанда, интернеттегі ұялы телефон саудасы қызған сайын оның шарапатын көріп, табыс тауып қалғысы келетіндер көбейді. Электронды алаңда тіркелушілердің кейбірінің қолында тіпті тауар да болмайды екен: клиенттен тапсырыс пен ақша түсе қалса, жүгіріп барып, тауарды ала қояды. Көтерме саудагермен байланысы болса жеткілікті.

Бірақ салықтық берешектер дәрменсіз жағдайға жеткен саудагерлер армиясының артуына соқтыруы да әбден мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу