Инвесткомитеттің сылбырлығы кәсіпорындарды дамуға емес, дағдаруға бастады

2366

Инвестиция мәселелерінің үкіметтің экономикалық-өнеркәсіптік блогынан алынып, сыртқы саясат ведомствосына берілуі кәсіпкерлерге қиындық тудыруда екен.

Инвесткомитеттің сылбырлығы кәсіпорындарды дамуға емес, дағдаруға бастады

Қазақстандық дипломаттар отандық кәсіпкерлердің досына және сыртқы нарықтардағы басты серігіне айналу рөліне бой үйрете алмай жатса керек. Егер еліміздің сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсына кірсеңіз, бизнеске қатысты "экономикалық дипломатия" бөлімінде тек 2017 жылғы ақпаратты ғана байқайсыз.

Бірақ бизнесмендерді сыртқы саясат ведомствосының басқа мәселедегі "тасқаба жүрісі" көбірек алаңдатып отыр.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, инвестициялар жөніндегі комитет индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен алынып, СІМ-ге берілген болатын. Тиісінше, Кәсіпкерлік кодексте қарастырылған арнайы инвестициялық контрактілерді бекіту функциясы да соған көшкен. 

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының мәліметінше, бұл функция толыққанды орындалмай отыр.

Салдарынан, ол өңдеу секторындағы бірқатар компанияларға соққы болып тиген. Әсіресе, "Қазақстандық агроинновациялық корпорациясы", "KazKioti", "Вектор" секілді ауыл шаруашылығы техникаларын жасаушылар, "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағының қатысушылары және басқа да жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары зардап шегіп жатқан көрінеді.

Өйткені бірнеше айдан бері олардың өтінімдеріндегі арнайы инвестициялық контрактілер (АИК) не бекітілмей, немесе мерзімдері ұзартылмай, бұл мәселе созбалаңға салынып кеткен.

Бизнесмендер бірқатар өтініштер 2018 жылғы қазаннан бері қаралмай, шешімі шықпай жатқанына мазасызданады. Ал заң талабы және регламент бойынша 15 күн ішінде не контракт бекітілуге, немесе одан дәлелді түрде бас тартылуға тиіс.

Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитетінің ақпараты бойынша қазіргі уақытта АИК-ке қол қою құқығын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне беру туралы үкімет қаулысының жобасы мемлекеттік органдардың келісімінен өтуде. Және бұл әзірге тек құжат жобасы ғана, яғни бекітілгенге қанша уақыт өтеді. Бұған дейін ведомстволар арасында ұзақ келіссөздер жүріпті. Яғни, шабан қимылды бюрократия бәріне уақыт сұрайды.

Ал бизнес ұзақ күтіп отыра алмайды. Ол жылдам қимылдамаса, оза шаппаса, ертең өзге елдердегі бәсекелестерінің шаңын қауып, жолда қалады. Бар клиентінен де, нарықтағы орнынан да айырылады.

Сондықтан түйткілді проблеманың түйінін тарқату жолдарын табу үшін "Атамекен" алаңында талқылаулар өткізілуде. Оған кәсіпорындар мен салалық қауымдастықтардың ғана емес, жауапты меморгандардың өкілдері де шақырылды.

"Ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілер 3 айдан бері жеткізілім жасай алмай, қойма толтыруда, кейбірі тіпті қаңтарылып тұрып қалды. Алда көктемгі егіс науқаны келе жатыр. Ауыл шаруашылығы өндірушілерімен, егіншілермен арадағы келісімшарттар бұзылуда. Олар да қарап отыра алмайды. Біз жеткізбесек, өзге елдерден ала салады. Отандық өнім бағасының қосылған құн салығы мөлшерінде қымбаттауына жол беруге болмайды. Инвестициялар жөніндегі комитет өтініштерімізді қарауды негізсіз созбұйдаға салуда. Мұны индустрия және инфрақұрылымдық министрлігінің де, ұлттық экономика министрлігінің де қорытындылары растап отыр", – дейді "ҚазАгроМаш" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Есіркеп Әбдірахманов.

Машина жасаушылардың бұл контрактіге құмартып отыруының да мәнісі бар. Себебі, АИК аясында олар жеңілдіктер мен преференциялардың қызығын көреді, қосылған құн салығынан және кедендік баж алымдарынан босатылады. Тиісінше, қолдарында арнайы инвестициялық контракт болмаса, клиенттеріне өнімдерін сатудан түскен табыстан аталған алым-салықтарды төлеуі міндет. 

Әрине, АИК жай берілмейді, оның аясында отандық өндіруші шетелден шашып әкелген жабдықтарды жай құрастыра салумен малданбай, ондағы жергілікті мазмұн, отандық қосалқы бөлшектер үлесін арттыру, "Ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге" сәйкес, өндірісті "жергіліктілендіру" бойынша міндеттемелер алады. Өндіруші "өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының ағымдағы оқшауландыру деңгейі, пайызы" бойынша есеп тапсырады.

Кәсіпкерлерді АИК-ке қатысты өзге де өзгерістер толғандырады.

"Бізге мысалы, АИК-ті 3 ай мерзімге бекіту ұсынылуда. Ал заң бойынша 15 жылға дейінгі мерзім қарастырылған. Бұл өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімнің әрекет ету мерзіміне де сәйкес келеді. Демек, 3 айлық мерзімді қолдануға еш негіз жоқ. Және бұл өнеркәсіптік циклдардың ұзақтығына да қайшы келеді", – дейді "Қазақстандық агро инновациялық корпорациясының" даму бойынша директоры Серікбай Чегеев.

Өз кезегінде меморган контракті мерзімінің осылай азаюы функциялардың басқа ведомствоға берілуімен байланысты болып отырғанын түсіндіреді.

Отандық техника өндірушілердің АИК-ті "қазіргі шарттармен" тездетіп ұзақ мерзімге бекітіп алуға асығуының тағы бір себебі бар. Атап айтқанда, кедендік жеңілдіктерді шектеуге бағытталған кеден одағы комиссиясының 2009 жылғы 27 қарашадағы шешіміндегі тәртіп 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп жоспарланған. Алайда қазір Беларусьтің келіспеуіне және жаңа ұсыныстар енгізуіне орай, ол шара қосымша пысықтауға жіберілді.

Өйткені Еуразиялық одақтың ол шешіміне сәйкес, импорттау кезінде кедендік баж салығынан тек "2009 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша екі ауысымды жұмыс режимі, жылына кем дегенде 5000 бірлік тезника шығаратын қуаттылығы бар" кәсіпорындардың жасайтын моторлы көлік құралдары ғана босатылады. Осы және басқа талап-критерийлерге өткен кезеңде негізінен тек шетелден шашылған күйде әкелген техниканы "отверткамен" жинаумен айналысқан, жергілікті мазмұнды енді-енді дамытып жатқан қазақстандық кәсіпорындар емес, негізінен кеңес кезінен толыққанды машина жасау өндірісі жолға қойылған Ресей мен Беларусь компаниялары көбірек жауап беретіні жасырын емес.

Жеңіл өнеркәсіпті де АИК-тың жоқтығы қиналтып отырған көрінеді.

"Жалпы, "Оңтүстік" АЭА-дағы жағдай аса күрделі, сын көтермейді. Біз жеңіл өнеркәсіп секторында ұлттық қана емес, шетелдік инвесторларды да жоғалтып алуымыз ықтимал. Біздің кәсіпорындар бағыттаған өтініштер бойынша шұғыл шешім қабылдануы қажет. Өйтпесе, резиденттер күйзеледі", – дейді "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағын стратегиялық дамыту департаментінің директоры Ерболат Сариев.

Оның байламын саладағы өндірушілер қостайды.

"Біздің кәсіпорындардағы бірнеше мың жұмысшылардың тағдыры таразыға түсіп тұр. Оның үстіне ірі трансұлттық компаниялармен арадағы инвестиция тарту бойынша уағдаластықтарға бұзылу қаупі төнді, бұзылып та жатқаны бар. Бұл ұлттық стратегияға қайшы келеді", – дейді оңтүстіккореялық және түрік серіктестерімен жұмыс жасайтын "KazKioti" ЖШС-ның басқарушы директоры Эльмира Әкімбаева.

"Атамекен" палатасының дерегінше, уәкілетті органнан ұғынықты жауап алу мүмкін болмай отыр.

"Байқаймыз, кәсіпорындарымыздың өтініштерін қараудың ұзаққа созылып кетуіне соқтыратындай ешқандай кедергілер жоқ. Көтеріліп отырған мәселелердің өткірлігін және отандық бизнес маңдай соққан жоғарғы тәуекелдерді ескере отырып, егер жақын арада инвестициялар жөніндегі комитет проблеманы шешпесе, ұлттық палата тікелей үкіметке, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүгінуге, олардан уәкілетті мемлекеттік органның әрекетсіздігін қарауды өтінуге мәжбүр болады", – деп ескертті "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу