Инвесторлар сенімі мен ұлттық қордың рөлі: сарапшы пікірі

332

Егер сенім болмаса, ешкім инвестиция салмайды – бұл аксиома.

Инвесторлар сенімі мен ұлттық қордың рөлі: сарапшы пікірі

Қаржы нарығында Қазақстанның еурооблигациялары беделді мемлекеттермен бір деңгейде саудаланып отыр. Тіпті кей тұстарда Францияның мемлекеттік қағаздарынан да жоғары бағаланған. Бұл – халықаралық инвесторлардың елімізге деген сенімінің айқын көрінісі. Белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов бұл құбылыстың себептерін және алдағы экономикалық перспектива жөнінде өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 – Қазақстанның еурооблигациялары жоғары кредиттік рейтингі бар елдер деңгейінде саудаланып, тіпті Францияның OAT қағаздарынан да алда тұр. Бұл нені білдіреді?

– Қазақ еурооблигацияларының мұндай деңгейде саудалануы – ең алдымен, инвесторлардың еліміздегі Ұлттық қорға деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді. Біріншіден, Ұлттық қор – біздің басты қаржылық қауіпсіздік қалқанымыз. Оның көлемі айтарлықтай және ол қарыздардың уақытылы өтелуіне кепіл болады.

Екіншіден, мемлекет қордан трансферттерді азайтуға және оны үнемдеуге дайын екенін байқатты. Үшіншіден, кейбір сарапшылар жаңа Салық кодексі де сенім ұялатады деп санайды. Бірақ менің ойымша, алғашқы екі фактор – шешуші болып табылады.

Жалпы алғанда, халықаралық капитал нарығындағы инвесторлар Қазақстанды сәл "аймақтық тәуекелге" байланысты төмен бағалап келгенімен, ел экономикасы үшін негізінен оң көзқараста. Егер алдағы бірнеше жылда біз реформаларды жүйелі жалғастырып, тұрақтылықты сақтасақ, ел рейтингі "А" деңгейіне көтерілуі әбден мүмкін. Әрине, сыртқы жағдайлар да маңызды.

– Облигациялардың төмен пайыздық мөлшерлемемен сәтті орналастырылуы халықаралық инвесторлардың сенімінің нақты көрсеткіші деп айта аламыз ба?

 – Иә, сөзсіз. Егер сенім болмаса, ешкім инвестиция салмайды – бұл аксиома. Сондықтан бұл – Қазақстанға деген нақты сенімнің белгісі.

Менің ойымша, бұл ең алдымен Ұлттық қордың тұрақтылығымен және Үкіметтің қордан артық қаражат алмай, оны сақтауға тырысуымен байланысты. Егер мемлекет осы ұстанымын жалғастырса және қорды көбейте алса, сенім одан әрі арта түседі.

– Сіздің ойыңызша, инвесторлардың осындай жоғары бағасына қандай көрсеткіштер әсер етті?

 – Тағы да айтар едім – басты фактор Ұлттық қор. Сонымен бірге, бюджет ережелерін сақтау ниеті маңызды рөл атқарды. Кейде біз өз ережелерімізді сәл бұзып жіберетінбіз, бірақ қазір жағдай бұған жол бермейді.

Президент төрағалығымен өткен кеңесте макроэкономикалық тұрақтылық мәселесі баса айтылды. Ендігі мақсат – мемлекеттік шығындарды қысқарту және аймақтар мен квазимемлекеттік секторда қатаң қаржылық тәртіп орнату. Осындай қадамдар ғана Қазақстанға деген сенімді нығайтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу